ИСЕСКО тізіміне Қармақшы жыраулары мен ою-өрнек енді

7

0

Мәдениет және ақпарат министрлігі жуырда Ташкент қаласында Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ИСЕСКО Мәдени мұра комитетінің XIII сессиясы өткенін хабарлады.

Жиында мүше мемлекеттерден түскен 100-ден астам өтінім қаралып, оның ішінде Қазақстан ұсынған екі номинация «Ою-өрнек» және «Қармақшы жырау­лары» Ислам әлемі мұралары тізіміне енді.

– Бұл қабылданған шешім – Қазақстан Республикасының ислам әлемінің материалдық емес мәдени мұрасын сақ­тау, зерттеу және насихаттау бағытындағы жүйелі жұмы­сының жоғары деңгейде мо­йындалуының айқын көрінісі. «Қармақшы жыраулары» ИСЕСКО тізіміне енуі осынау ұлттық өнеріміздің одан әрі қорғалуына, ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттелуіне және халықаралық деңгейде кеңінен ілгерілеуіне мүмкіндік береді.

Ұлттық руханиятымыз бен дәстүрлі өнеріміздің мәр­тебесін арттыратын маңызды тарихи оқиға, – дейді белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Бай­босынова.

Осы орайда ол «Қармақшы жыраулары» бойынша ұсыныс берген өнертану докторы Саи­да Еламановаға алғысын біл­діре отырып, келешекте Көшеней Рүстембеков атын­дағы жыраулар үйі әлемдік деңгейдегі мә­дени орталық­та­рдың біріне айналып, Қар­мақшы жыраулық өне­рінің әрі қарай дамуына өз үле­сін қо­сарына сенім артатынын жет­кізді.

Айта кетейік, бұған дейін ИСЕСКО Мәдени мұра коми­тетіне Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор атынан да ұсы­ныс жолданып, онда «Қар­мақ­шы жыраулары» ежелден жалғасып келе жатқан жы­­раулық дәстүрдің иелері, олар­дың репертуарындағы дастан, аңыз, рухани өсиеттер мен тарихи шежірелер мұсыл­ман әлемінің рухани-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ретінде халықаралық деңгейде мойындалуға лайық екені жазылған.

Аталған комитеттің XIII сес­сиясында арнайы баяндама жасаған өнертану докторы Саи­да Еламанова жоғарыда аталған ұсынысты қорғап шығып, «Ою-өрнек» және «Қармақшы жыраулары» Ислам әлемі мұралары тізіміне енді.

«СБ» ақпарат