Қазақстанда кинотеатрлар неге ашылмай жатыр? Бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мен Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кинотеатрларды ашуға әлі де ерте деп санайды. Біз эпидемиологиялық жағдай жақсарып, кинотеатрлардың ашылуынан үміттеніп отырмыз. Кинотеатрлардың өте үлкен шығындарға ұшырап, жұмыс орындарының қысқарып жатқанынан хабарымыз бар. Бірақ әлемдегі жағдай осындай. Кинотеатрларды ашқан басқа елдер көп өтпей қайта жабуға мәжбүр болды», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Министр кинотеатрлардың қаржылық шығынын жабу үшін берілетін жеңілдіктер туралы айтып өтті.
«Көрермен қазір сақ. Пандемияға дейінгідей кинотеатрға көп келмеуі мүмкін. Сондықтан біз бүгін кинотеатрлардың жағдайын түсінеміз. Ұлттық экономика министрлігімен бірге кинотеатрларға берілетін артықшылықтар мен салықтық жеңілдіктер туралы нормаларды әзірледік. Бұл оларды жыл соңына дейін жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, сондай-ақ міндетті зейнетақы төлемдерінен және әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатады. Олар сондай-ақ ШОБ-ті тексеруден босатылады, яғни мемлекет олардың шығынын барынша азайту үшін шара қолданады. Бірақ, өкінішке қарай, санитарлық дәрігердің шешімі әзірге кинотеатр ашуға мүмкіндік бермейді», – деді министр.
Ақтоты Райымқұлова келтірген мәліметке сәйкес, пандемия салдарынан кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батқан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<