«Кездесу мен қоштасу»

2909

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында орыс драматургы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» спектаклінің премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы-режиссері Түркістан музыкалық драма театрының бас режиссері  Данияр Базарқұлов, қоюшы-суретшісі Нұркен Қалымбетов. Шығарманы орыс тілінен Асхат Маемеров аударған.

«Кездесу мен қоштасу» – психологиялық драма жанрында жазылған шығарма. Онда адамдар арасындағы ұлы сезім – махаббаттың отбасылық өмірде талай-талай сыналатынына куә боласыз. Оқиға желісінде отау құрған жандардың отбасы алдындағы жауапкершілігі айқындалып, өмірдің өтпелі қиындықтарына қол ұстасып қарсы тұра білуі қажеттігі көрініс табады. Осыған мысал ретінде алынған Лавров, Козлов, Кириашвили, Шумилов, Миронов, Бельяев сияқты бірнеше отбасылардың басындағы  ұрыс-керіс, дау-жанжал жаныңды ауыртады. Бұған ерлі-зайыптылардың бірінің тым тәкаппарлығы себеп болса, бірінің енжарлығы, енді бірінде қызғаныш өрті  шаңырақтың шырқын бұзады.

Алғашқы махаббат, алып-ұшқан сезім жайына қалып, тұрмыс-тіршіліктің сан түрлі талаптарына көндіге алмай, ұрыс-керіс ушығып, ақыры ажырасуға бел байлайды. Бәрі де жеке басының тыныштығын қалайды, жанының дауасын жалғыздықтан іздеп, шарқ ұрады. Алайда жақын адамдардың бір-бірінен оқшауланып, өз ортасынан жырақтауы мәселенің шешімі емес еді.

«Өмірдің сұрағы көп, жауа­бы аз. Жанып-сөнетін жалған дүниенің жұмбағын шешкен жандар бар ма екен, өзі?! Өмірдің мәні – кездесу мен қош­тасу ма, сонда? Қоштасатын болсақ неге кездесеміз? Ақыры тағдыр кездестірген екен, жақын жандарымызбен неге қоштасамыз? Неге?..»

Бұл – шығармада кездесетін қарапайым пәтер саудалаушы әйелдің айтқан сөзі. Ол да жанының «дертін» жалғыз­дықпен емдеймін деп жаза басқанын түсінген болатын.

Жоғарыда аталған отбасылар сотқа шағымданып, бұдан әрі бірге тұра алмайтынын айтып, өздерін заңды некеден жедел ажыратуды сұрайды. Алайда судья ерлі-зайыптылардың арасындағы жағдайды барынша зерттеп, кейбірін дереу ажыратуға шешім шығарса, ал кейбіріне заңның талабы бойынша татуласуға уақыт береді.

Ерекше назарыңды аударатыны – драмада басты рөлді сомдайтын судьяның жан дүниесінің тазалығы мен аса сезімталдығы. Расында, ол неке бұзу жөнінде сот қызметіне жүгінген әрбір отбасының мүмкін болғанша ажыраспауын қалайды. Олардың жағда­йын терең түйсініп, қызмет барысында қанша сабырлылық танытқанымен, артынша ішкі эмоциясын жасыра алмай, өз-өзінен күйініп, күйзеледі. Судья соңғы шешімін ажырасуға әкеп тірейтін ер мен әйелдің арасында бір-біріне деген сәл ғана ілтипат жетіспейтінін іштей сезеді. Сол олқылықты өзі түзеп, ашу-ызадан жарылардай болып тұрған жүректерінің түкпірінен жылу іздеп, жарастырып жіберуді ойлайды. Осылайша олардың отбасын сақтап қалуға тырысады. Бұл рөлді жас актриса Зарина Кенжәлі шебер сомдайды.

Шығарманың басты идея­сы – шаңырақтың құламауы, отбасының татулығы мен жұбайлардың жарасымды өмірі. Баланың бақыты. Ересек адамдардың қателігінен балалардың тағдыры талқыға түспеуі.

Кейінгі жылдары қоғамда ажырасқан отбасылардың қатары көбейіп бара жатқанына дабыл қағады. Айта кетейік, спектакльді тамашалауға келген халықтың қарасы көп, дені жастар болды.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<