Облыста қандай да бір мәдени шара өтсе, филармонияның жас әншілері өнер көрсетеді. Қазақ өнерін әлем сахналарында танытқан, есімі аңызға айналған әншілердің ізін басқан жас буын қалыптасуда. Бозбала шағында әнші болуды армандап, өнердегі аға-апаларын үлгі тұтып, олардың әрбір жаңа туындысын жаттап өскен, есімі елге таныс жас өнерпаздардың бірі – Ринат Үсенов.
Ол Қазанғап атындағы музыкалық колледждінің хор жетекшісі мамандығын бітірді. Алғашқы қадамын облыстық филармонияда әнші болып бастады. Жас дарын – қоңыр дауыс иесі. Халық әндерін нақышына келтіре орындайды. Сонымен бірге эстрадалық бағытта ән салады. Оның таланты мен талабы ұстаздарын да тәнті етті. Ұжымдағы өнер майталмандарынан тәжірибе алды, шыңдалды. Филармония артистерімен бірге еліміздің түкпір-түкпірін аралап, концерт қойды. Алыс-жақын шет мемлекеттерге гастрольдік сапармен шығып, қазақ өнерінің дәріптелуіне үлес қосып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өңірімізде ұйымдастырылған көптеген мәдени іс-шараларға қатысты. Өнер жолында Бағдагүл Есмұрзаева, Ренат Қазбеков сынды мықты тәлімгерлері болды. Ринаттың өнерге деген ынтасын байқап, бағыт-бағдар берді.
– Әр әннің орындалу құрылымы ерекше. Сахна, мәдениеті, стилі тағы бар. Әнді сезіммен айтып, халықтың жүрегінен орын алу оңай емес. Бүгінгі көрерменнің талғамы биік. Заман талабына сай студиялар жұмыс істеп жатқанымен, халық бәрібір жанды дауыс, шынайы болмысты іздейді. Оларға тірі өнер қажет. Сондықтан үнемі ізденіп, өзімді жетілдіріп отырамын, – дейді Р.Үсенов.
Ринат облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда бақ сынап, ел мерейін үстем етті. Ол 2012 жылы К.Дүйсекеев әндерін орындаушылардың «Туған жер» атты ІІІ республикалық додасына қатысып, дипломант атанды. 2013 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен студенттік олимпиадада ІІ орынды еншіледі. Жас орындаушылардың VІІ облыстық «Сыр жұлдыздары» телебайқауына қатысып, жүлделі орын алды. Атырау қаласында өткен «Жайық даусы» I Халықаралық ән байқауында да керемет өнер көрсетіп, жетістікке жетті. Сонымен қатар Шымкент қаласында өткен Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалінің дипломанты болды. 2016 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған «Отан-Ана» І республикалық әншілер конкурсында өнер иесі әділқазылар тарапынан жоғары баға иеленді. Оның тағы бір жетістігі – Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» VI республикалық әншілер конкурсында бас жүлдені олжалауы. Ешкімге ұқсамайтын бойындағы табиғи талантымен талайды тамсандырып, көрерменнің көзайымына айналған жас әншінің алдына қойған мақсаты мен жоспары көп.
Жақында жас талант Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрында «Сыр самалы» ансамблінің сүймелдеуімен жеке кешін өткізді. Концертте халық әндері, эстрадалық бағыттағы және лирикалық әндер шырқалды. Көрермен әншінің өнерін жоғары бағалады. Сый-құрмет көрсетіп, қошеметтеді.
Халық арасында «Сөз – күміс, ән – алтын», «Ел көркі – қыз, той көркі – ән», «Ән өмір ұзартады» деген ұғым қалыптасқан. Әсем әнді әуелетіп, елдің ыстық ықыласына бөленген Ринат Үсеновтің әлі алар асуы мен бағындырар биігі алда.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<