Көз жауын алған көркемдік

1479

0

Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Керегіңнің бәрін табасың. Жақында желіде Бақжан есімді қыздың парақшасын көзім шалды. Киізден жасаған бұйымдары керемет. Хабарластық. Қолөнерші қыз өзінің жасап жатқан жұмыстары жайында кеңінен әңгімелеп берді.

Кез келген істің көзін тауып, шағын шаруаны жандандырып отырған жастар бар. Сүйікті ісі арқылы табысқа жеткендері де көп. Бақжан Шайхыслам да солардың қатарынан. Киізден  кеу­деше, шәркей, қолғап, қалпақ пен әшекей бұйымдар жасауды меңгерген. Оның жасаған бұйымдары талай көрменің сәнін келтірді. Байқаулардан жеңімпаз атанып, марапат төрінен көрініп жүр.

Ол үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырған. Кірсең, әдемілік әлеміне тап боласың. Құрақтары көздің жауын алады. Түстер үйлесімділігі назар аудармай қоймайды. Ал қыздарға арналған әшекей бұ­йымдары да сан алуан. Бақжанға сіңлісі Гүлден де қолғабыс етеді. Екеуі бірігіп талай қолөнер туындысын дүниеге әкелді. Еңбекқор қыз үнемі ізденіс үстінде. Мәдениетке бай мол мұрамыз­ды зерттеп, ұлттық өнердің, оның ішінде ою-өрнектің, киіз басудың қыр-сырын терең ұғыну үшін ізденеді. Көрме-жиындарда өзі секілді қолөнершілермен  тәжірибе алмасып, білімін жетіл­діруге дағдыланған. Бірнеше стартап жобаларға қатыс­ты. 

Университет қабыр­ға­сында киіз басу өнерінен курсқа қатысып, шеберлік сағатынан көп істі үйренді. Қызығушылығы оянып, гобелен, кілем тоқу, ұсақ моншақтармен жұмыс, тігу, сурет салуды игерді. Оның ішінде киіз басу түрінен көптеген жобалар  қорғады.

– Ата-бабамыз төрт түлік­тің қадірін білген. Етінен, сүтінен бөлек, жүнін пайдаға асырған. Жылы киім-кешек, төсеніш тоқыған. Менің киізден жасаған бұйымдарым сұранысқа ие. Қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті тағы бар. Жараның тез жазылуына, сынықтың бітуіне көмектеседі. Қой жүнінде ланолин деген табиғи май болады. Ол түрлі майлар мен жақпалардың негізі ретінде қолданылады. Бұл май 35-37 градус температурада ериді әрі жақсы сіңеді. Бұлшықет, тамыр, омыртқа, тыныс алу жүйесіне оң әсерін тигізіп, қан айналымын жақсартады. Осындай сапалы әрі емдік қасиеті бар өнімді неге тұтынбасқа? Қазір мұны көпшілік түсініп келеді. Қытай мен сырт елдерден келетін сапасыз шұлықтарды қолданғаннан, өзіміздің отан­дық өнімді қолдаған артық деп ойлаймын, – дейді шебер.

Бақжан меринос қойының жүнін Алматы қаласынан алдырады. Балалар байпағынан бастап үлкендерге де ар­нал­ған үлгісін жасайды. Сәніне де аса мән береді. Тартымды, тұтынушының көңілінен шығуы үшін бар өнерін салады. Мәселен, балаларға арналған байпақ тоқымасыз 2700 теңгеден болса, тоқымамен 3200-ден сау­далайды. Мұнан бөлек шебер қыз жасауына арналған құрақ көрпешелер  бар.

– Көбіне киіз байпақтарға тапсырыс түседі. Ұл-қыздары, немерелері ата-әжелеріне  сыйлық ретінде ұсынады. Себебі, киізден жасалған бұйым бір температураны ұстап қана қоймай, аяқты терлетпейді, қышытпайды.  Жалпы, ұлттық өнімдерге қызығушылық артып келеді. Соңғы кездері қолөнерге бет бұрған жастар  қатары басым. Ата-бабамыз­дан мұра ретінде сақталып келе жатқан өнерді өлтірмеу, қайта жандандыру – басты мақсатымыз, – дейді ол.

Бақжанның бұйымдарына таңданбайтын жан жоқ. Киізден жасалған байпақтар тіпті керемет. Түрлі-түсті жіптерден әдемі кесте, гүлден өрнек салады.

– Қазір жастарға қолдау басым. Іс бастаймын десең, мүмкіндік мол. Тек ынта мен жігер болу керек. Соның бір дәлелі, жақында Президенттің «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдын­дағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туын­­­дайтыны сөзсіз. Шын отан­сүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, хал­қыңа қызмет ету» деген болатын.

– Алда үлкен жоспар тұр. Осы кәсіпті кеңінен дамытып, қолтаңбасы өзгеше дизайнер болғым келеді. Қазақтың қолөнеріне жастарды бау­лып, киіз басуды үйретсем, – дейді шебер.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<