Қоғам дамуының басты сипатының бірі – мәдениет. Төл тарихымызбен астасып жатқан ұлттық мәдениетіміздің мәйегі Сыр топырағында саф күйінде сақталған десек, қателеспейміз.
Облыс бойынша 10 ұйымға біріктірілген 400-ден астам мәдениет, өнер және архив мекемесі қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде, мәдениет үйлері мен клубтарда 63 халықтық атағы бар өнер ұжымы жұмыс істейді. Жалпы бұл салада 4 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, тарихи-мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында аймақта 2024 жыл – «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі. Атаулы жылда мәдениет және өнер саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив қызметі бар, ардагерлер, аналар және жастар бас қосатын «Руханият» орталықтары пайдалануға берілді. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қолөнер сияқты халықтық ерекшеліктер кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың бойына өңір тарихы мен ұлт руханияты сіңіруге қызмет көрсетіп келеді. Мұндағы нақты нәтиже, түрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелер бір орталыққа біріктіріліп, бюджет қаражатын үнемдеумен қатар, әкімшілік шығындар азайған.
Еліміздің барша аналарының құрметіне Алаштың анасы – Сырдың төрінде «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Ақ жаулықты аналар тәрбиесімен жас ұрпақтың танымын кеңейтуге бағытталған іргелі орталықта көненің ізі мен бүгінгі жаңалықтарды біріктірген креативті бастамалар жүзеге асырылып отыр. Бұдан бөлек, жас отбасылардың некесін қиып, жаңа өмірге жолдама беретін, ал зейнет демалысына шыққандарға құрмет көрсетіп, куәлігін табыстайтын «Отбасы орталығы» да ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға лайықты қызмет көрсетіп келеді.
Қаланың көрнекті жерінен бой көтерген сәулетті ғимарат – мың орындық «Өнер орталығында» республикалық, халықаралық деңгейдегі салтанатты жиындар мен елімізге белгілі өнер жұлдыздарының концерттері өткізіліп, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетуде.
Жалпы сала бойынша кейінгі үш жылда жаңадан 21 мәдениет нысаны бой көтерсе, бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Арал ауданы Аманөткел ауылында 150 орындық клубтың құрылысы жүргізілуде.
Сала мамандарын лайықты қолдаудың бір көрінісі, облыстың мәдениет ұйымдарындағы 40 маман кейінгі 2 жылда Италия, Белоруссия елдерімен қатар, Алматы, Астана қалаларында біліктілігін арттырды. Тағы бір айтулы жаңалық, 2023 жылдан бастап мәдениет, әдебиет, өнер өкілдеріне облыс әкімінің арнайы «Тұран» сыйлығы тағайындалып, осы кезге дейін 60 адам марапатталды. Сонымен қатар, мәдениет ұйымдарындағы өнер ұжымдарына 100 домбыра және шығармашылық үйірмелерге қобыз аспабы тарту етілді. 2024 жылы Тәуелсіздік күні құрметіне және «Руханият жылы» аясында мәдениет қызметкерлеріне 40 жаңа қызметтік пәтер берілді.
Сыр өңірі мәдениетін аймақтың бас қалаларында насихаттау мақсатында 2023 жылы елордамыз Астана қаласында, 2024 жылы Алматы қаласында Қызылорда облысының Өнер күндері ұйымдастырылды. Ал 2025 жылдың наурыз айында Сыр өнерпаздары Еуропаның Финляндия, Эстония, Испания елдерінің Хельсинки, Таллин, Мадрид қалаларында еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде насихаттап, Өнер күндері өткізілді.
2025 жылы 20-21 қыркүйек күндері Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында Қызылорда облысының Өнер күндері өтті. Осы жылы Түркі мәдениеті мен руханиятының темірқазығына айналған Қорқыт мұрасын насихаттау мақсатында Түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалі, сонымен бірге, Республика күніне және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-не астана болғанына 100 жыл толуына орай облыс әкімінің қолдауымен Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр өнерпаздарының концерті өтті.
Жылдар аясындағы айтулы жаңалықтың бірі, өңірімізде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылы алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері» алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», 2024 жылы алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндерінің тарихи реконструкциялары жасалып, ғылыми айналымға енгізілді. Сырдария өзенінің сол жағалауынан құны 2,3 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты 2025 жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Бүгінде музей қорында 70 мыңға жуық құнды экспонаттар мен артефактілер сақталуда. Айта кетейік, облыс бойынша 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Олардың жалпы қоры 166 064 экспонатты құрайды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





