Мәдениет – қоғам келбеті

3459

0

Қай кезеңде болмасын, мемлекеттің даму сатысында мәдениеттің, руханияттың орны ерекше. Тәуелсіздік жылдарында төл тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға, әдебиет пен өнерімізді әлемге танытуда көптеген жобалар жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстың нәтижесі  мен алда тұрған жаңа міндеттер жайлы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының режиссері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Шапағат» медалінің иегері Орынкүл Бұрхановамен сұхбаттасқан едік.

– Қоғамда, күнделікті өмірде мәдениетті қалыптастыруда әрбір адамның немесе қоғамда орны бар тұлғаның үлесі қандай? Әлде, бұл тек мәдениет саласы қызметкерлерінің міндеті ме?

– Иә, адам тұлға болып тумайды, келе-келе қалыптасады. Адамның тұлға болып қалыптасуына қоғам, әлеуметтік ортасы әсер етеді.

Мысалы, ол мектепте білім алып, мәдениет үйіне келіп,  белгілі бір көркемөнер үйірмесіне қатысу арқылы шығармашылық қабілеті дамыған құзыретті тұлға болып қалыптасады. Үйірмелер мен мәдени іс-шараларға жастарды көптеп тарту арқылы оларды көпшілік ортада өзін жақсы ұстай білуге баулимыз.  Сондай-ақ, мәдени-көпшілік орындарға, театрға, музейге дұрыс киініп келу, қатты сөйлемеу, спектакль барысында ұялы телефонды сөндіріп қою, театр шымылдығы жабылғанға дейін тік тұрып, өнерпаздарға қошемет көрсету, демалыс паркін ластамау сияқты жай ғана дағдыларды әрбір  жеке адам ұстана білсе, әр ата-ана баласының санасына құйып отырса, артық болмайды деп ойлаймын. Ал, мәдениет саласы қызметкерлерінің атқаратын жұмысы өз алдына, яғни, жалпы көпшілікке бағытталған іс-шаралар. Осындай мәдени шаралардан жеке адам өзіне қажетін ала білсе, бұл да насихаттың нәтижесі деп ойлаймын. Бұл қоғам болып атқаратын жұмыс.

– Осыған дейін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Ұлттық құндылығымызды насихаттауда атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Мемлекеттік бағдарламалар туралы айтатын болсақ, 2004 жылдан бері өңірімізде қаншама жұмыстар атқарылды. Сақ дәуірінің Шірік-Рабат қала қорымына, ортағасырлық Сығанақ, Жанкент қалаларына, Аралдың кепкен табанынан табылған Кердері кесенесіне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Ұлы Жібек жолы кітапханасы» энциклопедиясы ұйымдастырылды. Мәдениет ошақтарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. «Шахнама» музыкалық антологиясы, «Қайталанбас дауыстар» дискілер жинағы жарыққа шықты. Осылай жалғаса береді. Түркітілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалі 2006 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл тағы да күтілуде, яғни, нәтиже бар. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар мәдениет саласының жыл сайынғы жоспарының аясында тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Бір жақсысы, осындай республикалық, халықаралық, әлемдік өнер байқауларының аясында қаншама жас таланттарымыз танылып,  өнердің әр саласы бойынша өз биігін бағындырып келеді.

– Қаңтар оқиғасы кезінде музейлерге, телестудияларға шабуыл жасап, телеарнаның алтын қорына залал келтіру әрекеттері өкінішке қарай мәдениеттің кемшіндігін көрсеткен сияқты… Қалай ойлайсыз?

– Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай атамыз «Ақылға, жөнге салынуы керек жетесіз, билікке көнбеген тобыр – ессіз қара күш. Ақылсыз тобыр – есінен айырылып, басқаның жетегіне ергендер» деген еді. Кешегі шеруге шыққан қарапайым халықты айыптауға болмайды. Дегенмен, көптің арасындағы аз ғана бүлікші топтың  өшпенділікке, агрессияға толы  әрекеті, бұл – теріс ағымдардың шырмауына түсу, жұмыссыздық пен діни сауатсыздықтың салдарынан деп ойлаймын. Егер жас ұрпақ мемлекеттің, Отанның қадір-қасиетін  терең сезіне білсе, ондай теріс әрекет орын алмас еді.

Рухани бай, білімді, мәдениетті адам әдебиетті, өнерді, музыканы сүйеді, табиғатқа қиянат жасамайды. Ол адамдар ешқашан оғаш қылыққа бармайды. Қысқасы, енді мұндай нәрсе қайталанбаса екен деп тілейміз.

– «Әр елдің салты басқа» демекші, Еуропа немесе Батыс елдері мәдениетінің өзіндік ерекшелігі бар. Кей тұстары біздің ұлттық болмысымызға сай келмей жатады. Әйтсе де, әлемдік өркениетке ілесеміз десек, мұны айналып өте алмаймыз. Бұған байланысты ойыңыз қандай?

– Әр ұлттың өзіне тән ұлттық мәдениеті болуы заңдылық, ол – ұлттың жан дүниесі, рухы. Мен айтар едім, бұл дүниеде өз ұлтыңды танып білу – үлкен өнер, дүниеде ең қаны таза ұлт – қазақ ұлты, осыны әркез жадымызда сақтауымыз керек. Ал Еуропа, Батыс мәдениетінің озық үрдістерін үлгі етіп емес, тек тәжірибеге енгізіп көрген абзал. Мысалы, «Super star KZ», «Қазақстан дауысы» жобалары соның дәлелі дер едім. Онсыз да неше жыл әлемдік өркениеттің жетегінде кетіп, балалар ұлттық ойындарымыз емес, виртуалды ойындар әлеміне еніп, ғажап қазақ ертегілерін диснейлік мультфильмдер алмастырды. Теледидардан түрік, корей, үнді сериалдарын сағаттап көрсетеді, осыны тоқтату керек сияқты. Жастарға арналған бағдарламаларды жүйелеу керек. Әлемдік өркениеттен  ұлттық өнеріміз – ән-күйлеріміз, жыр-дастанымыз, ешбір елде кездеспейтін фольклорлық-этнографиялық құндылығымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен орын аламыз. 

– Кеңес өкіметі кезінде идеологиялық саясаттың мықты болғанын мойындауымыз керек. Мысалы, «сол уақыттарда егінші мен балықшының керзі етігінің қонышында «Жұлдыз» журналы жүретін» деген естеліктерді естиміз. Ал қазір қарапайым азаматтардың бойында әдебиетке, мәдениетке осындай құштарлық бар ма?

– Дұрыс айтасыз, ол кезде идеологиялық саясат мықты болды, мен де – сол дәуірдің өкілімін. Мәдени-үгіт бригадасының құрамында елді мекендерге барғанымызда егіншілер, шопандар, сауыншылар газет-журналдарды оқитынын аңғаратынбыз. Тіпті бір кездесуде жасы егде тартқан апай М.Әуезов театрының бүкіл артистерінің аты-жөнін жатқа айтып, кім қандай рольде ойнағанын тізбектеп бергенде таңғалғанмын. Қазіргі күні де арамызда ондай азаматтар кездеседі, ешкім қызықпайды деп айтуға болмас, жұмысшылар, қарапайым үй шаруасындағы кісілер біздің ұйымдастырған мәдени іс-шараларымызға қатысып отырады, әсіресе айтыс өнеріне, жыр-дастан орындаушылар байқауына жиі келетін мен танитын кісілер баршылық. Өздері сұрап отырады, кейде шақыру билетін апарып беруге тырысамын, уақыт болмаған жағдайда хабарласып уақытын айтып отырамын.  

– Қазіргі жастарды қай тақырып қызықтырады? Сондай-ақ, идеология қандай бағытты насихаттауы керек?

– Бүгінгі жаңа заманғы жастардың ойлау деңгейі, ақпараттық білімі мен жаңа технологияны меңгеруі мақтауға лайық. Сондықтан болар, жастар кез келген мәдени тақырыпқа өзіндік баға бере алады. Оның бірден-бір себебі жастардың бойында рухани, яғни, адами ойлау еркіндігі қалыптасқан. Еркін ойлы жас ұрпақтың қызығушылығы алдыңғы буынның талғамына қарағанда  әлдеқайда басқаша. Өнердің  заманауи  бағытын таңдап, барынша ерекшеленуге, яғни, өз тарапынан жаңалық енгізуге тырысады. Әр заманның өзіндік стилі мен жанры ерекшеленіп тұратыны секілді, бүгінгі жастар «Стендап», «Скетчком» және «Импровизация» тақырыбындағы өнерге қызығушылық білдіріп келеді.

Идеология тарапынан басты бағдаршам – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстаным –  рухани ізгілік болса ұтылмаймыз.

– Жалпы ХХІ ғасырдағы қазақ мәдениетінің даму шарттары қандай?

– Тәуелсіздік жылдарында қазақ халқының мәдени өмірінде жаңа процестер кеңінен өріс алды. Алаш арыстарының шығармашылығы мектеп, ЖОО оқу бағдарламаларына енгізілді. ЮНЕСКО деңгейінде А.Құнанбайұлының, М.Әуезовтің мерейтойлары тойланса, Түркістан шаһарының 1500 жылдығы, Тараз қаласының 2000 жылдығы атап өтілді. Одан бері де Қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары деңгейде өтті. Республика өңірлерінде театрлар, мәдениет үйлері ашылды. Астана Опера театры, ұлттық хореография академиясы ашылды. Мұның бәрі – болашақ үшін жасалған дүниелер. Ал ХХІ ғасырдың даму шарттары дегенге келсек, ұлттық-мәдени құндылықтарымыз уақыт өткен сайын бағалы бола түседі. Сондықтан көне дәуір, орта ғасыр және бүгінгі заман қалыптастырған ұлттық мәдениетті болашақпен сабақтастыра дамытуымыз қажет деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<