Мәдениет: Жыр-әннің елі, тұранның төрі

1977

0

Қоғам дамуының басты сипатының бірі – мәдениет. Төл тарихымызбен астасып жатқан ұлттық мәдениетіміздің мәйегі Сыр топырағында саф күйінде сақталған десек, қателеспейміз. Ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалалары сол дәуірдегі қазақ өркениетінің алтын қазығы болған. Бүгінде «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі» деп ақындар жырға қосқандай, Тұран даласының абызы Қорқыт баба мәңгі қоныстанған тарихи өлке. Одан беріде Балқы Базар, Тұрмағамбет, дүр Оңғар, Нұртуған, Нартай, Жиенбай, Сәрсенбай жырау сынды саңлақтардың ғибратты мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан ұланғайыр мекен.

1938 жылы Қызылорда облысының құрылуына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы ұйымдастыру бюросы құрамында Қызылорда облысы бойынша искусство істері жөнінде комитет құрылған. Ал 1940 жылы 17 шілдеде бөлім құру туралы шешім қабылданып, 1945 жылы 24 қыркүйектегі №578 қаулыға сәйкес Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің мәдени-ағарту мекемелері істері бойынша бөлімі жасақталды.

Өңір мәдениетінің өрлеу жолдары

Қызылорда облысының 85 жылдық тарихында өңір мәдениеті де өрлеу кезеңін өткерді. Айталық, бүгінде  облыста 410 мәдениет, өнер және архив мекемесі, оның ішінде 209 кітапхана, 171 мәдениет үйі мен клуб, 14 музей, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры, облыстық филармония, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, 11 архив мекемесі халыққа қызмет көрсетеді.

1967 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №255 бұйрығымен елімізде өткен «СССР – халықтар достығы» фестивалінде жақсы жетістіктерге жеткені үшін облыстық мәдениет басқармасына алғыс жарияланды. Осы жылы министрлік қаулысымен Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы ұлт аспаптары оркестріне «Халықтық» атағы берілді. Сондай-ақ, 1966 жылы Қызылорда қалалық халық творчествосы үйі жанынан «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі құрылып, 1968 жылы ансамбль «Халықтық» атағына ие болды.

Архив деректеріне жүгінсек, облыстағы кітапханалар тарихы сонау 1955 жылдан басталады. Сол жылы 151 кітапхана, 100 оқырмандар үйі жұмыс жасап, кітап қоры 17684 мың дана болған. Аймақта 1 облыстық, 1 қалалық және 8 аудандық мәдениет үйі, 30 ауылдық клуб қызмет көрсеткен. Сонымен қатар, 357 үгіт бригадасы, 145 әртүрлі үйірме жоспарлы түрде мәдени іс-шаралар жүргізген. Кино жүйесі бойынша 1959 жылы облыс көлемінде 61 кинотеатр болды.

Сыр тарихының құнды деректері сақталған облыстық тарихи-өлкетану музейі 1939 жылы ашылды. Музей қорында 23 мыңнан астам жәдігер бар. Атап айтар болсақ, археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, скульптуралық заттар, суреттер, қолжазбалар, тарихи құжаттар, сонымен қатар, халық шеберлерінің қолынан шыққан зергерлік әшекей бұйымдары сақталған. Облыстық атқару комитетінің №218 жарлығымен 1968 жылы Қазалы ауданында Ғ.Мұратбаев музейі ашылды. Ал 1978-1982 жылдары екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің бөлімі жұмыс жасаса, 1962 жылы дербес мекеме болып құрылды.

Симфония оркестрі құрылып, Жастар театры шаңырақ көтерді

Жыл сайын сала бойынша заманауи үлгіде бой көтерген еңселі ғимараттар қала келбетіне шырай беріп, өркениет өрнегін айшықтай түсуде. Мәселен, осы күні облыс бойынша 5 мәдениет нысанының және көпфункционалды 1000 орындық Өнер сарайының құрылысы жүргізілуде. Айта кетейік, облыс орталығында салынып жатқан сәулетті ғимараттар – Неке сарайы және  Өнер орталығы биыл пайдалануға беріледі. Одан бөлек, Қазалы ауданы Каукей ауылындағы 100 орындық клуб, Жаңақорған ауданы Жайылма, Өзгент, Қызылорда қаласы Қарауылтөбе, Талсуат ауылдарында 150 орындық клуб бой көтеруде.

Қызылорда облысының 85 жылдығына орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен тұңғыш рет облыстық филормония жанынан симфония оркестрі құрылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. Оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар бойынша 30 кәсіби музыкант қабылданып, жалпы ұжым 50-ден аса маманнан жасақталды. Сондай-ақ, бұған дейін қала әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген Жастар театрының өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылуы өңір мәдениетінің тарихындағы маңызды бастаманың бірі болды.

Мәдениет саласы бойынша осы жылдың тағы бір ерекше жаңалығы – Мәдениет және өнер қызметкерлері қүніне орай  облыс әкімі Сыр мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосқан 20 өнер және әдебиет өкіліне «Тұран» сыйлығын табыстап, 500 мың теңгеден қаржылай сыйақы тағайындады. Сыр жұртшылығы аймақ басшысының бұл арнайы сыйлығын өнер және шығармашылық өкілдерінің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдады. Оған қоса, облыс мәдениет ұйымдарына қарасты 8 өнер ұжымына 40 домбыра табысталды. Сонымен қатар, биылдан бастап облыстың мәдениет саласындағы 10 маман шетелдердегі үздік өнер орталықтарында біліктілігін арттырады. Әлбетте, мұндай шығармашылық ізденіс сала жұмысына серпін берері сөзсіз.

Театр сахнасындағы әлемдік туындылар

Аймағымыздағы мәдениет пен өнердің іргелі орталығы – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 1955 жылы Алматы облысында негізі қаланып, 1960 жылы театр Қызылорда облысына көшірілді. Өнер шаңырағына 1970 жылы Сыр сүлейі Н.Бекежановтың есімі берілді. Театрдың іргесін қалаған актерлар Т.Айнақұлов, Ш.Бәкірова, Ж.Бағысова, О.Әбдімомынов, Ш.Әбдібаев, С.Шотықов, Қ.Көпбаева, А.Манасбаев, Ш.Мәрденов және тұңғыш режиссері Ж.Әбілтаев болды.

Театр ұжымы алғашқы маусымында М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», М.Әуезовтің «Қаракөз», «Қарақыпшақ Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», С.Жүнісовтің «Тұтқындар», О.Бодықовтың «Нартай» пьесаларын, сондай-ақ У.Шекспир, Ф.Шиллер, К.Гольдони, Н.Гоголь сынды шетелдік авторлардың шығармаларын сахналады.

Биыл араға 17 жыл салып аймақ басшысының қолдауымен, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласына гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Өнер сапары аясында театр репертуарындағы 4 үздік қойылым  алматы театрларында сахналанды. Айталық, биыл театрда Ш.Айтматовтың повесі желісінде «Жәмилә» драмасы, С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасы, О.Нұрмахановтың «Көрұғлы» рухнамасы және бірқатар балалар қойылымының премьералары өтті. Сондай-ақ, аймақ тұрғындарына қоғамда өзекті болып отырған сыбайлас жемқорлыққа, нашақорлыққа қарсы тақырыптарды қамтыған тегін қойылымдар көрсетілді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр іске қосылды.

Театр осы кезеңдерде республикамыздағы алдыңғы қатардағы бірегей өнер ордасы деңгейіне жетіп, Түркия, Ұлыбритания, Татарстан елдеріне гастрольдік сапармен барды. Қазір «академиялық» статусына ие болып отыр. Облыстық филармония ұжымы да жақсы жетістіктерге жетіп келеді, онда қазір оннан аса өнер ұжымы жұмыс жасауда, бұрын-соңды болмаған камералық, симфония оркестрлері құрылып, халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі фестивальдар, жыршы-термешілер конкурстары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мысалы, «Ұлы Дала сазы»,  «Ғасырлар үні» сияқты ауқымды халықаралық фестивальдар тек Сыр бойында өтетінін мақтанышпен айта аламыз.

Аудандарда «халықтық» атағы бар ұжымдар тұрғындарға мәдени қызмет көрсетіп келеді, олардың саны қазір 40-тан асып жығылады. Бұлар – халық театрлары, оркестрлер, ән-би және отбасылық ансамбльдер.

Сыр елі өркениетінен сыр тартсақ…

Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында Қарағанды облыстық, Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде Сыр елінің шежірелі тарихы мен мәдениеті насихатталса, Жеңіс күніне орай Ақтөбе облыстық мемориалды музейі қорынан Кеңес Одағының Батыры  Ә.Молдағұлованың өмірі мен даңқты ерлік жолын әйгілейтін жылжымалы көрмелер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Алтын киімді Ұлы дала елі» көрмесі ашылып, көрмеге Батыс Қазақстан облысынан табылған Тақсай ханшайымы, Қарағанды облысынан Арқаның алтын адамы, Болған ана бейнесі, Атырау облысынан табылған Алтын адам – Сармат көсемі бірегей археологиялық жәдігерлері қойылды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрме қатысушысы Я.Ағытаевтың «Дәстүрге толы өмір» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Шірік-Рабат Алтын адамы және Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін Сығанақ ханшайымының алтындатқан мүсіні жасалуда. Аталған туындылар жыл соңына дейін облыстық музейге табысталады.

Айта кетейік, аймақтың мәдени-рухани дамуына өңір кәсіпкерлері мен меценаттар да өз деңгейінде үлес қосуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат М.Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд теңгеге салынған ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді жаңғыртуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған «Анаға тағзым» орталығы жақын күндері жұмысын бастайды. Сонымен қатар, алматылық «Абмгруп» компаниясының демеушілігімен республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналатын Хорасан ата кесенесінің айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірімізге келген қонақтардың ерекше назарын аударатын мәдени сәулетті нысан – Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешені десек, мәдени ескерткіш 2014-2015 жылдары толық жаңғыртудан өтті. Айналасын абаттандырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Сол сияқты, қасиетті Марал баба, Оқшы ата кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру, кесенеге баратын жолдар салу жұмыстары қолға алынды. Айта кетейік, өңір тарихында бірінші рет Сыр елінің бүгінгі келбетін арқау еткен 12 сериялы имидждік телесериал түсіріліп, көрермендерге ұсынылады. Ал жыл соңында еліміздің бас қаласы – Астанада Қызылорда облысының өнер күндері өткізіледі.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер

Тәуелсіздік жылдары облыс бойынша типтік жобада 33 клуб, 6 музей, 1 кітапхана (Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы), 1 мемлекеттік архив құрылысы салынып, пайдалануға берілді.

2013-2014 жылдары ауылдық мәдениет ошақтарына облыстық бюджеттен 410  штат, облыстық театр, филармония, музей және ескерткіштерді қорғау мекемелеріне 143 штат, барлығы 553 штат беріліп, қажетті мамандармен толықтырылды. 2014 жылы 7 ауданға барлық қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлігі алынды.

2007-2017 жылдары облыстық филармония жанынан тұңғыш рет Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары, камералық оркестрлер, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры жанынан жастар труппасы, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан Жастар театры құрылды.

«Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылып, нәтижесінде 34 ескерткіш қайта жаңғыртудан өткізілді.  Осыған орай 2013 жылы облыс әкімдігі жанынан тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, жұмыс жасады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі заманауи үлгіде толығымен қайта жаңғыртылып, музей жанынан көркемсурет галереясы ашылды.

2014-2019 жылдары ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жент, Сортөбе, Қышқала, Бәбіш мола, қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. 2013-2019 жылдары 16 тарих және мәдениет ескерткіші қайта жаңғыртудан өткізіліп, 40 монументті өнердің жаңа құрылыс – 7 ескерткіш, 33 мүсін орнатылды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы картасына еліміз бойынша таңдалып алынған жалпыұлттық 100 қасиетті орынның тізіміне  облыстағы 12 ескерткіш енгізілді. Ал «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен өңірдің тарихи және қасиетті орындарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ескерткіштердің 3D форматтағы толық виртуалды моделі қалыптасып, 190 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды.

2016-2017 жылдары өңірімізде алғаш рет Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Материалдық және материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі отырысы өткізілді. Ал 2018 жылы Қорқыт ата мұралары «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Айта кетейік, 2006 жылдан бастап үш жыл сайын «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлесіп, түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өткізіліп келеді.

Атадан балаға мұра болған ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Мен қазақпын» халықаралық телевизиялық мега жобасында өңірімізден терме жанры бойынша қатысқан Күнсұлу Түрікпен бас жүлдені иеленді.

2018 жылы жергілікті кәсіби және әуесқой суретшілер мен қолөнер шеберлерінің шығармашылықпен айналысуына, туындыларын насихаттауға мүмкіндік беретін, халықтың рухани демалатын Өнер арбаты ашылды.

2013-2019 жылдары мәдениет және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында шетелдерге гастрольдік сапарлар ұйымдастырылып, облыстық филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Босния-Герцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қалаларында өнер көрсетсе, театр ұжымы Қазан, Түркия, Лондон, Эдинбург қалаларында өткен театр фестивальдеріне қатысты. Бұдан бөлек, таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25 жылдығына орай 2017 жылы Әзербайжан Республикасында және 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Өзбекстан Республикасында Қызылорда облысының мәдениет күндері ұйымдастырылды. 2019 жылы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебесі беріліп, театрдың жастар труппасының 9 жас маманы шығармашылық білімін жетілдіру мақсатында Орта Азия елдері ішінен тұңғыш рет Ресей мемлекеттік театр өнері институтында білім жетілдіру курстарынан өтті.

2013-2016 жылдары дәстүрлі өнерді жалғастырушы Сыр бойының 22 жыршы-жырауының орындауында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің аудармасындағы Фердоусидің «Шаһнама» эпопеясының музыкалық антологиясы, фольклортанушы ғалым Алмас Алматовтың авторлығымен «Шыңғыснама», «Жыр керуені» кітаптары, «Шыңғыснама» музыкалық дастаны жарыққа шықты. Сонымен қатар, 2019 жылы Ресей музейлері мен архивтерінің қорларында сақталған бірегей деректер негізінде «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атты кітап-альбомы, өңірдің 189 ескерткіші қамтылған «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атты кітабы шығарылды. Ал 2020 жылы айтыскер ақын Мұхтар Ниязов үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атанып, «Алтын домбыра» Сыр еліне салтанатты түрде әкелініп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне құнды жәдігер ретінде қойылды.

Жыл аясындағы өнер жетістіктері

Биылғы 8 айда облыс көлемінде 1 халықаралық, 10 республикалық, 35 облыстық байқау-фестиваль, мүшәйра, ақындар айтыстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері К.Дүйсекеев атындағы І «Туған жер» атты халықаралық әншілер конкурсы, халық ақыны, әнші И.Құтпанұлының 160 жылдығына арналған «Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп» атты республикалық әнші-жыршылардың фестивалі өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, ақын, сатирик, аудармашы, сыншы, журналист Ж.Әбдірашевтің 75 жылдығына орай «Көктем нұры» атты республикалық мектеп оқушылар айтысы, «Дала сенің ұлыңмын» атты республикалық жыр мүшәйрасы тағылымды шара болды. ақын-жырау Ж.Қадырбергенұлының (Қаңлы Жүсіп) 150 жылдығына арналған «Қара өлеңнің шебері» атты республикалық ақындар айтысы, «Түркі әлемнің Темірбегі» атты облыстық жас ақындар айтысы, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар жыршы-термешілер байқауы, тұңғыш рет облыс әкімінің жүлдесі үшін «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар айтысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен іске асырылған «Қоңыр әңгіме» жобасы көрермен қауымнан қолдау тапты. Бабалар дәстүрін жаңғырту бағытындағы рухани кештің алғашқы қонақтарының бірі жырау, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері А.Алматов бабалар болмысындағы ізгі қасиеттер мен асыл құндылықтарды қоңыр әңгімеге арқау етіп, талбесіктен басталатын тәлім-тәрбиенің тінін тарқатты.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына тоқталар болсақ, республикамыздың өзге өңірлері мен шет мемлекеттерде өткізілген 36 халықаралық конкурсқа Сыр елінен 79 өнерпаз қатысып, нәтижесінде 23 бас жүлде, 21 І орын, 8 ІІ орын, 15 ІІІ орын иеленіп қайтты. Соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ақдәулетова атындағы балалар студиясының, «Көңілді ноталар» балалар ән үйірмесінің талантты шәкірттері бар. өнерге қанат қаққан жас таланттар шет мемлекеттерде өткен 8 халықаралық конкурста жеңімпаз атанып, Сыр елінің атын әлемге танытты. Атап айтар болсақ, Баку қаласында өткен ХІІІ халықаралық «Мугам» балалардың өнер фестиваль-конкурсында Қармақшы ауданынан жас термеші Мәди Елемесов жыр-терме жанры бойынша қатысып, жүлделі ІІІ орынды, Германия мемлекетінің Гесеке қаласында өткен халықаралық «Colors of Voices» конкурсында Шиелі ауданының өнерпазы Әкімәлі Әли дипломант атанды. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысында Грузияның Батуми қаласында Армения, Әзербайжан, Болгария, Грузия мемлекеттері балаларының қатысуымен өткен ХХІІІ халықаралық «Золотой дельфин – искусство вокруг мира» конкурсында Қызылорда қаласынан вокал жанры бойынша 6 өнерпаз қатысып, нәтижесінде 2 өнерпаз бас жүлде, қалған өнерпаздар І орын иегері атанып қайтты.

Аймақ тарихы құнды деректермен толықты

Алаштың алғашқы астанасы болған Сыр өңірінің тарихына қатысты құжаттар Өзбекстан, Татарстан Республикаларының, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивтерінде сақталған. Осыған орай аймақ басшысының қолдауымен облыстың құрылғанына 85 жылдығына байланысты тарихи деректердің көшірмесін алу мақсатында тиісті қаражат бөлініп, облыстық архив қызметкерлері Орынбор мемлекеттік архивінде болып, айқындау, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс тарихына қатысты құжаттардың көшірмелері, атап айтатын болсақ, Арал теңізін зерттеу, жағалауына қала салу жөніндегі мәліметтер, Қырғыз-қайсақ Кіші Орда хандары туралы, Ресей мен Орта Азия мемлекеттері арасындағы саяси-экономикалық қатынастар, сауда, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы туралы, генерал Перовскийдің Ақмешітке жорығы, Перовск қаласының оңтүстігінен теміржол тарту, т.б. құнды құжаттардың көшірмелері алынды. Бұл құжаттар толық зерделеніп, заңнама талаптарына сәйкес 1 жылдан соң жалпы жұртшылықтың пайдалануы үшін қолжетімді болады. Алдағы уақытта Татарстан Республикасының мемлекеттік архивінен өңір тарихына қатысты құжат көшірмелерін әкелу  жоспарланып отыр.

Сыр өңірі мәдениетінің 85 жылдық тарихын бір мақала аясында толық қамту мүмкін емес. Айталық, аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың тарихы, онда қызмет еткен айтулы тұлғалардың өмір жолы өз алдына бір жинаққа жүк боларлық дүние. Сондықтан сала тарихы үздіксіз сараланып, сабақтала бермек.

Жылнама

• 1938 жылы 3 мәдениет ошағы,
1 облыстық архив жұмыс жасады.

• 1938 жылы Шымкент  облыстық  драма театрының филиалы ретінде Қызылорда қаласында Нартай Бекежановтың жетекшілігімен эстрадалық концерт бригадасы жасақталды.

• 1939 жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі құрылды.

• 1955 жылы театр Талдықорған қаласында Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде құрылды.

• 1972 жылы облыстық филармония құрылды.

• 1980 жылы архитектор Б. Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен Қорқыт ата ескерткіш-кешені салынды.

• 2007 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына орай Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, 2001 жылы «Томирис» би ансамблі, 2014 жылы камералық оркестр құрылды.

• 2009 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында «Сырдария кітапханасы» сериясымен 200 томдық көркем әдеби шығармалар антологиясы жарық көрді.

• 2018 жылы Қорқыт ата мұралары «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

•    2019 жылы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілді.

• 2023 жылы симфония оркестрі құрылды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<