Мерейі үстем Малика

1536

0

Қостанай облысы, Тобыл қаласында «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты  II республикалық  жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауында жерлесіміз Малика Алдамжарова бас жүлдені қанжығасына байлап, Сыр өңірінің мерейін үстем етті. Жас термеші Қорқыт ата атындағы университеттің «Дәстүрлі музыка» факультетінің  IV курсында жыршы мамандығын игеруде.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 18 өнерпаз қатысқан. Кілең күміс көмей әншілер бас қосқан дәстүрлі ән мерекесінде Нұржанның бұрын көп айтылмай келген «Көкен-ай», «Бәтимаға», «Ара-ай», «Асыл-ай», «Жан сәулем», «Назым» атты шығармалары шырқалды.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар Нұржанның әндерін орындаса, екінші бөлімде өздерінің ән қоржынында бұрыннан жүрген музыкалық шығармаларын айтты. Мен Нұржан Наушабайұлының «Тақпақ» атты шығармасын, еркін тақырыпта Базар жыраудың термелерін орындадым. 14-28 жас аралығындағы орындаушылардың ішіндегі ең кішісі мен болдым. Университеттегі жетекшім Руслан Ахметов екеуміз бір ай тыңғылықты дайындалдық. Мұндай байқауларға оқушы кезімнен шығып жүрмін. Жалпы домбыра шертіп, жыр жаттауды 4 сыныптан үйреніп келемін. Арғы аталарымыз жырау болыпты. Мені осы өнерге баулыған Қармақшыдағы өнер мектебінің ұстаздары Бидас Рүстембеков, Әйгерім Ешпаева. Бүгінде Жиенбай жыр мектебінің өкілімін, – дейді Малика Алдамжарова.

Байқауға қатысушыларды белгілі жырау, фольклор зерттеушісі Алмас Алматов бастаған қазылар алқасы бағалады. Ол мұндай шаралардың дәстүрлі өнерді дамытудағы маңызы зор екенін атап өткен.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<