«МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» ҚЫЗЫЛОРДАДА

644

0

Елорданың 20 жылдығына орай, Қызыл­ордада өткен Астана қаласының күндері аясында елордалық қуыршақ театрының труппасы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің сахнасында үздік қойылымдарының бірі «Мәңгілік бала бейне» спектаклін көрсетті.

Туындыда Семей полигоны кезінде мүгедек болып өмірге келген Ләйләнің тағдыры бейнеленеді. Қарауылдағы қасіретті жарылыс салдарынан Ләйләнің жасы жиырмаға жетсе де, түр-келбеті мен ақыл-ойы сегіз жасар бала қалпында қалған. Ешкім де жанын түсінбейтін Ләйлә, көнбіс ауыл әйелдері, жынды Шөміш, бойжеткеннің арманына айналған Құмар, мүгедек болса да, жанын әнмен жұбатқан Болтай – шығарманың негізгі кейіпкерлері. Спектакльде жалғыздық рухы басым. Өйткені, Ләйлә – жалғыз, оны ешкім түсінбеген. Оның арманы, тап-таза тілегі дені сау адамдар үшін күлкілі, мүгедек қалпы басшылар үшін «карьера жасаудың» таптырмас амалына айналған. Бейкүнә сәби қалыптағы бойжеткеннің «мыңмен жалғыз алысуға» шамасы жетпейтіні белгілі, жан дауасын таппау, ішқұсалықпен ақырында о дүниеге аттанады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы драматург Роза Мұқанова әңгімені жазуға 14 жастағы қыздың 7 жасар бала кейіптегі фотосуреті әсер еткенін айтады. Туындыда қоғамда қолдан жасалған апат, адамдардың аярлығы боямасыз бейнеленген. Драматургияда орнын тапқан шығарманы Сатыбалды Нарымбетов «Қызжылаған» деген атпен фильм етіп те жасады. Алайда, театр сахнасындағы Ләйлә ғана елге ыстық, адамдар жанына жақын ұмытылмас бейне.

Бұл кезге дейін шығарма желісі бойынша бірқатар театрда қойылым сахналанды, ал Қызылордада басты кейіпкер Ләйлә қуыршақ ретінде алғаш рет ұсынылды. Қоюшы режиссері – Қ.Ешмұратов пен Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі А.Салаева.

– «Өткенді білмей, бола­шақты бағамдай алмайсың». Бүгінгі балалар, жастар Семей полигоны, адамдар кешкен ауыр да азапты тағдыр, еліміздің өткен тарихын білсін деген ниетпен «Мәңгілік бала бейне» қойылымын таңдадық. Рухани тұрғыда жалғыздықты сезіну, дауасыз дертпен бірге жаныңның емін ешкімнің таппауы, адамдардың түсінбеуі қай кезде де қоғамда болады. Сатқындық, адамгершілік, аң­қау­лық, арамзалық секілді адами қасиеттердің барлығы табылатын қойылымның тәр­биелік маңызы үлкен, – дейді театр негізін қалаушылардың бірі, Мәдениет қайраткері Досымхан Бейсенбаев.

Расымен, спектакль соңында театрға жиылған жастар, оқушылардың жансыз қуыршақ – Ләйлә бейнесіне қимастықпен қарағанын байқадық. Оларға нәзік те жаны таза мәңгілік бала бейнесінің ой салғаны анық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».        

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<