Музыка тарихына қосылған құнды еңбек

3908

0

Қазақ музыка өнерінің тарихына жаңа дерек, тың туынды қосылды. Танымал музыкант, талантты дирижер, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзенің «Қазақстан дирижерлік өнері» атты монографиялық еңбегі жарыққа шықты.

Кітапта дирижерлік саланың алғашқы бастауы, алғышарты, қа­лыптасуы мен даму жолы, сонымен қатар, дирижердің қазақ музыка мәдениетіндегі ролі, кәсіби құзіреті, шығармашылық мұрасы шынайы деректермен баяндалған. Қазақ музыка өнерінде қолтаң­басы қалған дирижерлер өмірі, ор­кестрлер тарихы туралы архив деректері негізіндегі ақпараттар,  публицистикалық жазбалар жа­рияланған. Оның ішінде өнерге өмірін арнаған тұлғалардың тағ­дыр жолымен байланысты қы­зық­ты мәліметтер көп кезде­седі.

– Әрбір дирижердің шығарма­шылық әлеуеті мен қазақ оркестр өнерінің дамуына қосқан үлесі, Қазақстан дирижерлік өне­рінің көрнекті тұлғалары мен осы са­лаға қатысы бар өнер қай­рат­керлерінің тарихтағы орны ғы­лыми тұрғыда бағалануы керек. Дирижер шеберлігі, біліктілігі туралы ой қозғау, оқу әдістемелері мен әдебиет әзірлеу жөніндегі нақ­ты тұжырым ұсыну, оркестр репертуарын толықтырудағы ди­рижердің еңбегі, оның ішінде қа­зақ халық музыкасын өңдеудің ерекшеліктері тарих үшін маңыз­ды, – дейді автор.

Автордың айтуынша, тек концерттер ғана емес, опера, балет сынды театр өнерінде де үлкен үлесі бар дирижерлердің еңбегі көп жағдайда еленбей қалып жататыны рас. Осы туынды сол ол­қы­лықтың орнын толтырып тұр­ған­дай десек артық айтқандық болмас.

«Қазақстандағы дирижерлік өнердің бастауы», «Қазақстан ди­ри­жерлік өнерінің кәсіби бе­лесі», «Тәуелсіздік жылдарын­дағы дири­жерлік өнер» тақырыптары аясында үш бөлімнен тұратын кі­тапта ХХ ғасырдың басы, яғни 1900 жылдан бері қарайғы деректер қамтылған.

«Қазақстан дирижерлік өнері» атты ғылыми еңбекке өнертану докторы, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы «Музыка тарихы және сын» кафедрасының профессоры Ш.Ганиханова, философия докторы (PhD), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті Р.Бердібай, өнертану кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасының доценті Г.Иска­ко­ва пікір жазған.

Кітаптың тұсаукесеріне автор­дың әріптестері, Сыр өнерінің қай­раткерлері қатысты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»