Ән әлемінің ханзадасы

715

0

Ән  әлемінің  ханзадасы Димаш!!! Оның есімін естігенде ішкен асын жерге қоятын адамдар миллиондарды тіптен миллиардтарды құрайтын шығар. Әлемді әнімен тамсандырған қазақтың біртуар ұлы туралы бүгінде айтылмаған, жазылмаған, көрсетілмеген дүние қалмаған десе де болады. Әлемнің небір үздік ақпарат құралдары әншінің әр басқан қадамын ақпараттандырып, оның концерті аяқталмай жатып, сол сәтте хабар таратып, үлгіріп жатады. Ол туралы сұхбаттар,  репортаждар, түсірілімдер, жазылған мақалалар жетіп артылады. Оларда небір теңеулер мен талдаулар, суреттеулер молынан келтірілуде. Осыдан  кейін, шынын айтқанда, Димаш туралы жазуға да жүрексінесің.

Өткен жыл Димаш үшін өте жемісті жыл болды. Оның бір жыл ішінде болған елдері мен қалаларын, қойған концерт­терін, алған марапаттары мен атақтарын тізіп көрсетудің өзіне бір мақала аздық етер. Сондықтан көпшілікке мәлім ақпарат­тарды қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бір ғана Нью-Йорктегі кон­цертіне АҚШ-тың 41 штатынан және әлемнің 63 елінен келген көрермендер қатыс­қанын еске салып өтсек те жеткілікті.

Өнерді қастерлеушілердің басын қосқан

Димаштың өнерін қастерлеп, жоғары бағалаған жанкүйерлері – бүгінде “Dears” деген атаумен белгілі бүкіләлемдік фан-базасын қалыптастырды. Әлемнің әр түк­піріндегі “Dears” мүшелері – өнер десе ішер асын жерге қоятын талғампаз қауым ортақ мақсатта ынта-ықыласпен жұмыла әрекет ететіндігімен, интернетте өте белсенділігімен белгілі. Олар өз кезегінде Димашты сүйіс­пен­ші­лік­пен, Ханзада Ди деп атап кетті.

Бұның барлығы бүгінде белгілі жайт­тар. Десе де, менің бұл мақалам “Сыр бойының” смартфон мен планшетке үңілмейтін, интернет иірімдерін ақтар­майтын  оқыр­мандар тобына, яғни аға ұрпақ өкілдеріне арналады. Олар  әлем­нің түкпір-түкпі­рін­дегі Димаштың фанат­тарының сүйікті әншісіне де­ген ыстық ықыласқа толы пікір­лерін күнделікті жариялап жат­қанды­ғынан хабарсыз, әри­не. Сол себептен де жоғарыда айт­қан оқырмандар тобы осындай жүздеген, мыңдаған пікірлердің ең болмаса бір­нешеуімен танысса деген ниет ғана осы мақаланы жазуға итермеледі.

Жалпы Димаштың өнеріне осындай табы­нушылықтың сыры неде? Осынша адамды өзіне құштар қылып, баурап алу­дың қандай құпиясы бар?

Әрине, бірінші кезекте адамды баурап алатын дүние – оның ерек­ше дауысы. Кәсіби мамандар пі­кі­рінше, ол ән айтудың өте си­рек кездесетін техникасы – белькан­тоны керемет меңгерген. Итальян тілінен аударғанда “бе­льканто” сөзі “әнді әдемі айту” деген ұғымды білдіреді  Ол бо­йынша дауыс төменгі немесе жо­ғары нотаға қиналмай ауысады. Димаштың дауыс диа­пазоны өте кең, музыка мамандары 6 октаваны еркін меңгерген деп айтады. Ол вокальдық шығармаларды түрлі жанрда және бірнеше тілде шыр­қай береді. Оған қоса бірнеше ас­папта ойнай алатыны тағы бар.

Екіншіден, келбеті келіскен кө­рікті жас жігіт сымбатты түр-тұл­ғасымен адам­ды өзіне тар­тып тұрады. Адамдағы басты сұ­­лулық – ішкі жан дүниесі, мі­незі, қалып­тас­қан әдептілігі. Тың­­дар­мандары Димаш­тың өте тәрбиелі әрі мәдениетті жан екенін бірден байқады. Оның қара­па­йым­дылығы, биязылығы, кіші­пе­йілдігі, жалпы бекзат болмысы тәнті етті. 

Осы орайда мына бір жай­ды мысалға келтіріп кетелік. Қы­тайдағы 2017 жыл­ғы ұйым­дас­тырылған “I am Singer” бағ­­­дарламасы Димаш қатыс­қан­нан кейін рейтингісі бірден аспан­дап кетті. Бұған дейін Азия ай­ма­ғында ғана белгілі болып келген жоба біздің баламыздың ар­қа­сында әлемге танылды. Мұ­нан кейін ұйымдас­тырушылар осы дең­гейден түспеу жағын ойлас­ты­рады.

Ол үшін Батыс әншілерін қа­тыстырған жөн деп санайды. Осы­лайша 2018 жылы өткен бай­қауға мұхиттың ар жағынан аме­рикандық әнші Джесси Джейдің қа­­тысқанын қалап, шақыру жі­бе­реді.

Ал ол конкурсқа заңгері бар, арт директоры бар, продюссері бар, асай-мүсейі бар дегендей, үлкен команда­сы­мен келеді. Ол Димаш секілді жоба ұйым­дас­ты­рушыларының талабына көн­бе­ген, керісінше әлгі бір топ ада­­мын алдына сап, жобаны ұйым­­дастырушылардың өзін жү­гір­тіп қойғанға ұқсайды. Бай­қау­­да бірде-бір рет қытай тілін­де ән сал­маған. Өзін өте паң ұс­таған. Көрер­мендерге осынысы ұнамай қалыпты. Ди­маштағы мә­де­ниеттілік, Димаштағы қара­пайымдылық, Димаштағы ізет­ті­лік­ті көре алмай қаймана болыпты көрермендер.

Димаш 2018 жылы өткен кон­курстың жабылар сәтінде құр­метті қонақ ретінде ән шыр­қаған болатын. Сол сәтте оған таңданыспен қарап қалған Джес­сиді көр­сеткен видео әлеуметтік желіде пайда болды. Видеоны тамашалаушылар Джес­си­дің Ди­машқа бәсекелес бола алмай­тынын бірден кесіп айтты. Өйткені, Ди­маштың дауысын қайталауға ты­рысқан ол шиқылдап қалады. Ал өз таңданысын жасыра алмаған оның продюсері мен заңгері бір­ден Димашты телефондарына тү­сіре бастайды.

Осыдан кейін Димаш керемет дауыс иесі болып, ерекше талан­тымен, сыртқы сұлулығымен көзге түскенмен, ішкі жан дүниесі лас болса, тыңдармандар махаб­батына бөлене қоймас еді деп ой түйесің. Сол себептен де Димаштай ұлына қазақы тәрбие беріп, тектілікке, адамгершіліктің биік қасиеттеріне баулыған ата-әжесі мен ата-анасына мың алғыс!

Көрерменге құрмет

Көрермендер Димаштың ең­бекқор­лығын, сахнада өзін ұстауы көрермендерге ізеттілігін ерекше атап өтеді.

“Маған оның сахнада өзін ұс­тауы, фа­наттарына деген ілтипаты ұнайды. Оның жасы үлкен адам­дарға, қазақ мәде­ниетіне, ата-ана­сына деген құрметі ұнай­ды. Жү­регінің тазалығы ұнайды. Ол жас­тардың еліктеуіне тұрарлық нағыз тұлға деп есептеймін” деп жазады 22 жастағы бразилиялық Ана Пола.

Ал Сан Диего қаласының тұр­ғыны 55 жастағы Сорайя Пе­рейра Димаштың танымал бо­луына бір өнерпаздың бойында сирек кездесетін бірнеше қасиет­тердің топтасуы себеп екенін ай­тады. “Адам сенгісіз талант, ең­бекқорлық, әнді жан-тәнімен ба­рынша беріліп орын­дауы, му­зы­калық білім, харизмаға толы мінезі, сахнадағы қимылы, сон­дай-ақ қарапайымдылық пен ашық­тығы және сымбаттылығы адам­ды сонша баурап алады” деп ағынан жарылған.

Фанаттар, сондай-ақ, біздің ба­ла­мыздың өз Отанының патриоты, ана тілі мен ұлтының өнерін дә­ріптеуші ретінде де құрмет тұтады.

– Мен “YouTube”-тан Димаш­тың ән салып тұрғанын  кездейсоқ көріп қалдым. Оның даусынан менің денемде діріл пайда болды. Әуелі оның вокалдық қасиеттерін, әдемі даусын ұнатсам, одан кейін өзін ұстау мәнеріне өте қатты таңғалдым. Ал оның көріктілігі жайлы сөз айтудың өзі артық, – деп жазады чехиялық Нада Кребцова. Ол Димаштың Лондондағы кон­цертіне барып келгеннен кейін құрбысы екеуі фан-клуб ұйым­дас­тырып, әлеуметтік желіден па­рақша ашып, Димаштың жан­күйерлерінің басын қосқан.

Қайғыдан сейілткен өнер

Димаш ән айтқанда тыңдар­мандар ерекше сезімге бөленеді. Олар өздерінің эмоцияларын те­жей алмай, қосыла ән салады, шаттанады, билеп кетеді. Интер­нет желісі Димаштың әнін тыңдау­шылардың көзіне жас алған сәттерін көрсеткен көріністерге толы. Өйткені, оның әндері адам­ды қуанышқа бөлеумен қатар, сағы­нышқа толы естеліктерін, мұңлы сәттерін есіне түсіреді және қайғысынан сейілтеді.

Димаш ән салып, шырқау сәтіне жет­кенде тыңдаушылардың бүкіл өмірі, қуаныштары мен сү­йініштері, алыста қалған балалық шағы, ата-анасы мен бауыр­ла­ры, басынан өткен қайғысы және мұңды сәттері – бәрі-бәрі көз алдына келіп, тамағына өксік тығылып, көз жасын тыя алмайды. Ұлы Абай жырлағандай:

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар! –

деп олардың жастық шағы мен махаббатын да еске түсіретіні сөзсіз.

Мұндай көріністерді көргенде әлем­ге осын­дай дарынды сыйла­ған қазақ хал­қы­ның өкілі екеніңді мақтанышпен сезінесің. Ал Ди­маштың әнін тыңдап, небір сәт­терді басынан кешкені туралы жазған фанаттары да аз емес.

“Мен Димашпен өмірімнің ең қиын кезінде таныстым. Содан бері, міне, 2,5 айдан асты, оның әнін тыңдамасам отыра алмаймын. Бұл кешқұрым уақытта болды. Қараңғылықта қайғыдан у ішіп, қатты құлазып отыр едім. Өйткені бір мезетте бар жақынымнан – ата-анамнан, бауырым мен сіңлімнен және баламнан айырылып, қан жылап отырдым. Өмір сүргім кел­меді. Осы түні өмірмен қош айтысамын деп шештім. Қан­ша көз жасымды төктім. Тек өлім­нен басқа жолды көрмедім. Доста­рым да жоқ. Отбасымнан да айы­рылдым.

Дәріні уыстап, ішуге дайын­далдым. “Бір белгі берші. Маған бұл өмірде не қызық қалды” деп сыйынып, құдайыма соңғы сө­зімді айтып отырғанмын. Тап сол мезетте жұмақтағы періштенің дауысындай ғажап сиқырлы үн­ді естідім. Басында түсінбей отыр­дым. Сөйтсем, компьютерді өшіруді ұмытқан екенмін. Ғажап үн компьютерден шығып жатыр екен.

Өзімді ажалдан, үлкен күнәдан араша­лап қалған, өмірге қайтарған сол дауыс иесі жайлы білгім келді. Бұл – “SOS d’un terrien en détresse” әнін орындаған Димаш Құдайберген еді. Жас әншінің періштедей үлбіреген жүзінен көз алмадым. Денем түршігіп тыңдай бердім. Тыңдай бердім. Ол туралы көбірек білгім келіп, интернетті ақтардым. Оның орындауындағы әндердің барлығын тыңдап, ра­хатқа бөлендім.

Сөйтіп жүріп, Димаштың фан-клубы­ның мүшесі атандым. Олар тіпті менің жаңа отбасы мүшелерім сияқты болып кетті. Осылайша, сол бір қаралы түнде Димаш пен оның музыкасы, ға­жап әуезді үні мені ажалдан ара­шалап қалды. Сол үшін оған ал­ғысым шексіз. Мүмкін ол өзінің менің жан дүниемді қаншалықты жаулап алғанын білмес. Ал мен Димаштың арқасында жадырап жүремін, жан-жағыма күлімсіреп қараймын. Өзімнің жер басып, тірі жүргеніме қуанамын. Менің қымбатты Бекзатым, мені ажалдан арашалап қалға­ныңыз үшін сізге алғыс айтамын! Және өзімнің қымбат адамдарым үшін мен қазір әрбір күнді бақытқа балаймын. Мен сізді жан жүрегіммен жақсы көремін!” – деп канадалық Линда Дассилва осыдан екі жылдай бұрын жан сарайын ақтарыпты.

Өзін Джей деп атаған Оңтүстік Африка Республикасының тұр­ғыны 28 жылдан астам  уақыт өте ауыр қайғымен өмір сүріп кел­генін айтады. Өткен ғасырдың 80 жылдары елдегі апартейдтік нәсілшілдік саясаттың күшейіп тұрған шағында оның ұнатқан қара нәсілді жігітін расистер қыздың көз алдында пистолеттен 18 оқ жұмсап, атып өлтірген. Осын­дай ауыр депрессиядан шы­ғуға бірден-бір себеп болған  Ди­маштың салған әні дейді.

“Көлігіммен қалаға қайтып келе жат­қан­мын. Радиодан кон­церт беріп жатты. Бір уақытта Ди­маштың әнін берді. Керемет дауыс. Тұла бойымда діріл пайда болды.  Құдай-ау, сол уақытта ағыл-тегіл жылап, көз жасымды тоқтата алсамшы. Көліктен түсіп,  жол жиегінде отырып тоқтаусыз жы­ладым. Біраздан кейін өз-өзіме келген­дей болдым. Тұла бойым жеңілдеп, 28 жыл бойы еңсемді басып келген ауыртпалықтан бо­сағандай күй кештім. Қай­тадан көлігіме отырып, Димаш­тың кон­­цертін тыңдауды жалғас­тыр­дым. Сол кезде ғана менің жан дүниемді тазартқан, жаралы жү­регімді емдеп жазған Димаш­тың әні, оның керемет даусы еке­нін ұғындым. Көп жыл­дан бері бі­рінші рет рахаттанып тамақ жеп, рахаттанып ұйықтаған күнім бол­ды” деген пікірін жазады. Ол енді қазақ баласының өнерін қас­терлеушілердің біріне айналға­нын, ендігі арманы Димашпен кез­десіп, ауыр депрессиядан шы­ғуға көмектескендігі үшін риза­шы­лығын жеткізгісі келетінін айтады.

Мальта аралының 22 жастағы тұрғыны Ширли Аззопарди өз пікірінде  “Димашқа деген алғы­сымды сөзбен жеткізу қиын. Оның  әндері менің қайғымды жеңуі­ме көмектесті. Екі жыл бұрын анам онколо­гиялық дертке шалдығып, содан қайтыс болды. Мен өз-өзіме келе алмай, өмірден түңіліп, тұйықталып қалдым. Осындай жағдайдан құтқарып, жан дүниемді сауық­тырған, өмірге деген құш­тарлығымды қай­та оятқан Ди­маш!” деп жазады. Мұндай ағы­нан жарылып жазылған пікір­лердің өте көп екенін айта кеткен жөн.  Осы ретте бұған дейін ақпарат құралдарында талай рет жария­ланған жаңазеландиялық әйел туралы оқиғаны еске салып кетуге болады. Обыр ауруына шалдығып, науқасы дендей бастаған әйел Димаштың әнін естігеннен кейін өзгеше күйге енгенін, өзін жақсы сезіне бастағанын  бай­қайды. Со­дан Димаштың туған жеріне ба­руым керек деген ше­шімге келеді. Ал мүгедектік арбаға таңылған адамға ол оңай соқ­пайтыны бел­гілі. Жолға шығуға үш ай дайын­дық жасайды. Содан соң төрт авиарейс арқылы Қазақстанға же­тіп, Димаштың ата-анасының үйінде қонақта болады. Бір таңда­нарлығы, ол еліне оралғаннан кейін тексеру жасаған, дәрігерлер нау­қас әйелдің жағдайы бұ­рын­ғыдан әдеуір жақсарғанын рас­тайды.

Иә, бұл шынайы өнердің құдіреті болса керек.


Ізгілік нұрын сепкен періште

Қазір бір жанталастың зама­ны. Адамдар толассыз ақпарат­тар ағынына душар болған. Жа­лаулатып бірінші кезекте негативті ақпараттар жетіп жатады. Олар­да алдау, арбау, екіжүзділік, әділет­сіздік, зорлық пен зомбылық, қа­тыгездік орын алғаны секілді жағымсыз ақпараттар аз емес. Оның үстіне қазіргі эстрадалық шоулар эстетикадан гөрі арзан эро­тизмге көбірек бой ұрып кеткен. Осының бәрі адамдардың санасына кері әсер етеді,  жан дүниесін құлазытады. Стрессте жүреді. Міне, осындай кезеңде Димаштың жарқ етіп пайда болуы Батыс елдері болсын, әлемнің басқа түпкірлері болсын, ондағы адамдарға ерекше әсер етті. Ол өзінің теңдессіз өнерімен, бек­зат болмысымен әлемге ізгілік пен тазалықтың нұрын сеуіп, мил­лиондаған жанға нағыз адамның үлгісін көрсете білді. Барлық жерде адамдар оны осы әлемді тазартуға, сонымен бірге оны мекен еткен тұрғындардың жан дүниесін тазартуға көктен жіберілген періште деп қабылдауда. Оның есімі мен тегінің тектен-тек солай аталмаған деп есептейді олар.

“Бізді Жаратушы иеміз  әлі де жақсы көреді екен. Біз қанша күнаға батып, жер дүниені бүлдіріп, соғысып жатқанның өзінде Димаш секілді таңғажайып жанды тарту етуі соның дәле­лі емес пе? деп тебіренеді санкт­петербургтік Галина Мос­калева.

Осыған ұқсас келесі пікірде: “Жер шарын жаман адамдар бүлдіріп бітті. Жаратушы иеміз өзіне “Жердің жарасын емдесін, адамдардың жан дүниелеріңді тазартсын деп өз бұлбұлымды жіберем” депті. Осылайша Димаш феномені пайда болды.” деген ой келтірілген.

Ағылшын елінен Пол есімді азаматтың айтқанына назар ау­дарайық. “Мен алғаш инсульт алғанда бірінші рет өмір мен өлім туралы ойларға берілдім. Бұған дейін олар туралы үстірт ойлап келіппін. Міне, осы кезде жақындарым маған Димаш Құдай­бергенді тыңдап көруге ақыл-кеңес берді. Олардың айтқанын орындағаным қандай дұрыс бол­ған?! Мен қайта тіріл­гендей бол­дым. Расында да аурудың азабын жеңілдетті. Ол ғарыштан түскен періш­те сияқты. Оның біздің ғаламшардан емес екені анық”. Ал Мария Деменчук есімді жанкүйері тебіреніске толы келесі өлең жолдарын арнайды:

Мир стоит у бездны на краю.

Чтобы наши растопить сердца,

Чтоб собрать людей в одну

семью,

Бог послал нам этого певца.

Слышат даже звезды в небесах,

Как поет он – сын Земли, казах.

И уходят прочь и боль, и страх,

Лишь восторг…

и слезы на глазах…

Пой, Димаш! Пусть льется

голос твой!

Чтобы мир не потонул во мгле,

Пой же, “богом данный”,

вечно пой,

Пой во имя жизни на земле!

Интернеттегі мұндай арнаулар­дың санына жете алмайсың. Бар­лығы да, сайып келгенде, Ди­маш­тың әндері мен оның дау­сы адам­дарға жағымды әсер етіп жатқанын жарыса жазады. Адамдарға қайғы-мұңын, басына түскен ауыртпалығын жеңілдетуге көмектесіп жатқанын айтады. Олар Димашты осы бір дүрбелеңге толы, қаталдығы мен салқындығы мол дүниеде өздерін құтқарушы деп санайтынын жеткізуде. Ол – Жер бетіне космостан түсіп тұрған сəуле, құйылып жатқан нұр. Оның өнеріне табынушылар осылай есептейді.

Қазақ әніне құштарлық

Жалпы Димаштың кез келген әні – шедевр. Десе де, фанаттар оның орында­у­ындағы қазақ ән­дерін ерекше сүйсініп тыңдайды. “Махаббат бер маған” деген әнін тыңдаған ресейлік Надежда Павлова “Қандай сұлулық! Бетіңді жас жуып кеткенін сезбей қаласың. Қазақ әндері қандай тамаша!!! Димаштың қазақ тілінде айтқан әндері сондай ұнайды. Ғажап! Шексіз тыңдай бергің келеді” десе, келесі жанкүйер “Қазақ әндері мен  қазақ тілінің сұлулығын әлемге паш еткен Димашқа рахмет!” деген ризашылығын жеткізеді. Бакир Мамадалиев есімді  қырғыз бауырымыз  “Казак туугандардын жигити дүйнөнү багынтып жатат. Кут болсун боордоштор!” деп жазса, оның отандасы Айгүл Оморова “Димаштын ырдаганын уккан сайын уккуң келет, көргөн сайын көргүң келет. Өзүнө тартып турган сыйкыры – бул анын таланты, эч кимде жок үнү, чебер аткаруусу. Мазмунун өтө терең ачып, берилип ырдайт. Жүрөк титирейт, ар бир сөзүнө ишенесиң да, ыргагына кошо ыргаласың.” деп тебіренген.

Үнді мұхитындағы Фран­цияға қарасты Рекюньон аралы­ның тұрғыны Кларисс есімді бойжеткен әлеуметтік желіге:

“Бүгін мен сіз туралы, сіздің керемет талантыңыз туралы ойларымды түсіріп отырмын. Мен әнде сұлулықтың, махаб­баттың, эмоцияның қатар болатынын өмірімде бірінші рет сезіндім. Бұл – адам сенгісіз жайт. Ол қалайша мүмкін. Мұның бәрі – менің түсінігімнен тыс дүние. Мен сізге өзіңіздің қайталанбас өнеріңізді бөліскеніңіз үшін “Рахмет!” дегім келеді” деген пікірін жазыпты. Кларисс со­нымен бірге Димаштың ана тілінен бөлек басқа тілдерде сөйлеп, ән шырқайтын қабі­ле­тін атап өткен. Енді өзі қазақ тіліндегі әндерге ден қойып, “Дайдидауды” үйрене бастаға­нын мәлімдейді.

Осы ретте ақпарат құрал­дары­нан португалиялық Лара Алейхо есімді әнші қыздың Димаш репертуарындағы “Ұмытылмас күн” әнін орындағанын сан мәрте көрсеткенін айтуға болады. Дәл осы әнді Санкт-Петербургтегі концертте Димаштың индоне­зиялық фанаты Римар есімді қыз бірге шырқағанына куә болдық.

Нью-Йорктегі әйгілі «Barclays Center» орталығындағы кон­цертті тама­шалаған американ­дық фанат Димаш қазақша ән айтқанда залдағы 19 мың кө­рер­меннің бәрі қазақ шығар деп ойладым деген әсерімен бө­ліскен. Сөз жоқ, Димаштың арқа­сында әлем жұрты  қазақтың өнеріне, тіліне, мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығы артып келеді.

Димашқа сүйсінбеу, риза болмау, қайран қалмау мүмкін емес. “Мен үшін өте ұят! Масқара! Димаш туралы бір апта бұрын ғана естіп білдім. Енді осы күн­дері оның әндерін тыңдап, құлақ құрышымды қандыра алар емес­пін. Басқаларды тіп­тен тыңда­ғым келмейді. Димашик!!! Сен біздің жарқы­раған күнімізсің! Рахмет саған! Сен космоссың! Кере­метсің! Саф алтынсың! Жауһарсың! Құ­дайым сені сақтасын!” Бұл Гер­манияның Али­на Енге есімді тұр­ғынының  жаз­ғаны.

Оны әлем­нің мықты деген өнер майталмандары түгел мойын­дап, «Құбы­лыс» деп атады. Бұған дейін қазақ халқы­ның мақтан тұтар өнерлі ұл-қыздары аз болған жоқ. Кезінде қазақ даласын әсем әнімен тербеген Біржан сал, Әсет, Ақан сері секілді әншілердің кешегі мен бүгінгі ізбасарлары – Әміре Қашаубаев, Ермек Серкебаев, Нұр­ғиса Тілендиев, Роза Бағла­нова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Алмас Алматов секілді тағы басқа көп­теген әнші-компози­торлары мен жыршы-термешілері өз өнер­ле­рімен шет мемлекеттер халқын талай тамсандырғанын білеміз.

Ал Димашымыз олар шыққан белестен де шырқау биікке көте­ріліп, бүкіл дүние жүзі үшін жұлдызды тұлғаға айналды. Ол тек қазақтың ғана емес, Жер атты планетаның барша тұр­ғын­дарының сүйікті ұлына айналды. Әлемге Димаштай ұл сыйлаған қазақ халқына рахмет! Бүгінде әлеуметтік желілер осындай риза­шылық лебіздерге толы.

Өзіңді жаттай сыйла!

Димаштың фан-клубтары әлемнің жүзден аса мемлекетінде құрылған. Сол мемлекеттердің ірі қалалаларының әрқай­сысында осындай клубтар жұмыс істеп жатыр. Сондықтан олардың дәл санын ешкім айтып бере алмайды. Жанкүйерлер қатарын жастар да,  орта буын да, аға ұрпақ  өкілдері де құрайды. Діні, нәсілі,  ұлты, әлеуметтік жағдайлары әртүрлі адам­дар осындай ұйымдарға бас қосып, Димашқа, Қазақстанға қатысты соңғы жаңа­лықтарды бөліседі. Жаңа әндер туралы пікірлерін білдіреді. Олар сол жердегі тұр­мысы төмен, жағдайы жоқ адамдар үшін қайы­рымдылық көрсету секілді өзге де ізгілікті шаралар ұйымдастырып жатады.

Күні кеше Нью-Йорктегі фан-клуб үш жылдығын атап өтіп, Манхеттеннің тура орталығында Қазақстанның туын жел­біре­тіп, Ұлы Даланың әуендерін шыр­қады. Жалпы фан-клубтар мүше­лерінің көбісі Қазақстанға міндетті түрде келу туралы шешім қабыл­дағанын айта кету керек. Біразы Нұр-Сұлтан мен Алматыда болып үлгерген. Олар Нұр-Сұлтан қаласы сәуле­тімен, тазалығымен, кеңдігімен ерекшеленетінін және Алматы өзіндік сұлулығымен ұнай­тынын атап өтуде. Бірақ олар­ды қынжылтқан бір жағдай – Димаш Құдайберген секілді мега-жұлдыздың  суреті салынған баннерлер мен билбордтардың болмауы немесе тым аздығы. Бұл мәселені тек мегаполистер ғана емес, барлық облыс орталықтары, тіптен аудан орталықтары әкім­дері мен сала мамандары қаперге алса артық болмайды. Қала орта­лығында немесе жастар бас қо­сатын орында кемінде бір-екі билборд болғаны дұрыс. Қара­пайым­дылықты ту еткен Димаш мұны қаламайтыны белгілі. Бірақ бұл шара басқаларымыз үшін қажет. Елімізде “100 жаңа есім” жобасы ең алғаш қолға алынғанда ондағы №1 тұлға Д.Құдайберген болғанын ұмытпауымыз керек. Оның бейнесі салынған билборд жастарға алға қойған мақсатына жетуге жол сілтейтін болады. Сыр елінің бас шаһары да бұл істен тыс қалмайды деп сенеміз.

Қазақстандықтар бұған дейін “Борат елінен” деген кекесінді сөздерді естіп намыстанатын бол­­са, енді “Біз Димаштың отан­да­сымыз” деп мақтанышпен ай­татын жағдайға жетті. Уақыт өт­кен сайын Ди­маш­тың туған елін көргісі келетіндердің қатары кө­бейе береді. Олар елімізге кел­­генде біз ұялмайтындай бо­луы­­мыз керек. Барлық жерде та­за­­лық орнап, серви­сіміз­дің жақ­сара тү­суіне назар аударылуы тиіс.  

Мақалада Димашқа қатысты айтылған жүрекжарды лебіздердің авторлары – көр­шілес және алыс шет мемлекеттер тұр­ғын­дары. Ондай пікірлер өте көп. Оқыр­мандар назарына солар­дың бірқата­рын ғана ұсына ал­дық. Бұған қарап өзіміздің бауыр­ла­рымыз, отандастарымыз мұндай лебіздер жазбайды екен деген ой туындап қалмасын. Қа­зақстан­дық­тардың Димашқа ар­нап жа­зып жатқан дүниелері шет­елдік­терден асып түспесе кем емес. Олар  өнерпаз ұлымызға барлық жақсылықтарды тілеп жатады. Оның амандығын тілейді. Концерттік шараларының тым жиі­лігі оған ауыр тиіп, шаршап қал­маса деп алаңдаушылық біл­діреді. Әрине, сондай-ақ оның өнеріне тамсаныс­тарын жеткізеді. Осындай ұлды дүниеге әкелген ата-анасына, жақсы тәрбие бер­ген ата-әжесіне айтып жатқан ризашылықтары шексіз. Енді Ди­машжан тезірек өзінің өмірлік серігін тауып, оларды қуантса екен деген тілектер де аз емес. Алла қаласа, ондай қуанышты күннің де болары сөзсіз. Ол күні бәріміз қуанатын болсақ, әлемде  миллиондаған қыз “аһ” ұрып, бір мезгіл мұңға бататынын да сезе­міз. Бірақ, көп ұзамай олар қайта жадырап, сүйікті әншісіне шын ниетімен бақыт тілейтіні анық.

Димаштың көршілес елдер мен Шығыс Еуропа мемлекетте­рін­дегі 11 қалаға жоспарлап қойған кон­церттік туры да басталып кетті. Оның бәрі жоспарға сай өтуіне тілектеспіз. Жалпы Димаш баламыздың арман-тілектері, ой­ға алған жоспарлары орындала берсін.   Димаш туралы әлі талай дүние жазылатын болады. Әзірге бүгінгі мақаламызды әлемге тазалық пен шынайылық және ізгілік­тің нұрын сепкен алтын баламыздың өнер әлеміндегі ғұ­мыры ұзақ болсын деген тілекпен аяқтаймыз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<