«Қайырымдылық жаса, қайырын өзің көрерсің», – дейді атам қазақ. Қайырымдылық – ізгі ниет пен игі ойдың керемет нәтижесі, адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы мен көмегі. «Не берсең де, балаға бер, бала үшін жаса» деген халықтың игі дәстүрін жалғастырып келе жатқан кісілер баршылық. Сондай жүрегі жылы, алақаны аялы жандардың бірі – Бахтыгүл Мешітбайқызы.
Бахтыгүл Мешітбайқызы – қаламыздағы іргелі білім ошақтарының бірі М.Сужиков атындағы № 6 орта мектепте ұстаздық етеді. Білімі мен білігі мол Бахтыгүл апай алдындағы шәкірттеріне рухани азықтан бөлек қаржылай да көмек жасауды өзіне міндет санайды. «Көз алдымда мөлдіреп отырған оқушыма көмек қолын созбау – мен үшін сын. Ал шәкірттің мұқтаждығы -уақытша жағдай деп түсінемін. Адам бір жағдайда тұра бермейді ғой. Баланың жақсы өмір сүруіне, жан-жағын тануына, қамқорлықты сезінуіне қолдау көрсетіп, қанаттандыру – ұстаздығымның бір қыры», – дейді қамқор ұстаз.
Музей ұжымы Қаржаубаева Бахтыгүлді үш-төрт жылдан бері біледі. Ол кісі музейдің мектеп оқушыларымен ұйымдастырған танымдық экскурсияларына қаржылай демеушілік жасап келеді. Ол кісінің қарсы болғанына қарамастан, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп, көпшілікке үлгі етуді жөн көрдім. «Жақсы адамның жаны шуақты болады» дейді, жаны шуақты жандар көп болса, әлем нұрлана бермек. Айналасына шуақ шашып жүретін Бахтыгүл апай сияқты жандар көп болса, шіркін!
Гүлжанар Оразалиева,
музей қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<