Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Жұмабек Қаңтарбаевтың «Сыр еліне тағзым» атты ән кеші аясында Сыр еліне келген белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шымкент опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызымен кездесті.
Басқосу барысында өңірлер арасындағы мәдени байланысты арттыру және өнер саласында шығармашылық туындыларды насихаттау бағытында бірлескен жобалар туралы пікірлесті.
Өнер қайраткері бірлесіп жұмыс жасауға қызығушылық білдіріп, ізгілік пен парасаттылықтың үлгісі атанған Домалақ ана образын ашатын жаңа опера туындысын Сыр елінде қою туралы ұсыныс жасады.
Аймақ басшысы Майра Мұхамедқызының шығармашылығын аса жоғары бағалайтынын атап өтті және Қазақстанның алғашқы мәдени астанасы Қызылорда қаласында сахналық өнерді одан сайын дамытуға арналған игі бастамаларды әрқашан қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Жұмабек Қаңтарбаевтың «Сыр еліне тағзым» атты ән кеші ертең, яғни 18 наурыз күні сағат 19.00-де Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрында өткізіледі.
©Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<