Облыста Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ауқымды шаралар өткізілуде

1214

0

Биыл облыста Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында 130 іс-шара аралас форматта өткізілді. Шара барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жыры әлемді шарлаған – Жамбыл» атты кең көлемді кітап көрмесі ашылып, әдеби кештер ұйымдастырылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов атаулы мерейтойға орай ауқымды шаралар легін баяндады.

«Мәдениет ұйымдарында ғасыр жасаған тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталған түрлі іс шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, «Ұлы даланың жыршысы» тақырыбында кітап көрмелері, «Әлемге аян жырлары», «Жырлансын, Жамбыл жырлары», «Тыңда, дала Жамбылды», «Жыр алыбы – Жамбыл» атты дәстүрлі орындаушылар мен жыршы-термешілердің фестивалі ұйымдастырылды. Бүгінде облыс бойынша Жамбыл Жабаевтың есімі берілген 2 мектеп пен 30 көше бар. Ақынның туған күніне орай аталған білім ұйымдарында іс-шаралар өткізіліп, мектеп оқушылары жыр алыбының жалынды жырларын дәріптеді. Сондай-ақ, Алматы облысындағы «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің Қызылорда қаласында жылжымалы көрмесі өткізілген болатын. Онда облыс тұрғындары ақынның ұстап-тұтқан жеке заттары мен шапанын, домбырасын, кітаптарын көруге мүмкіндік алды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дидар» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі жүлделі 3 орынды ие болды. Алдағы уақытта ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында рухани-танымдық мәдени шаралар жалғасын табатын болады», – деді басқарма басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<