Өнер – өркениет өлшемі 

7288

0

сурет ашық дереккөзден

Аймақ мәдениетінің дамуында көптеген жаңа бастамалар жүзеге асырылып, өнер саласына қолдау артып келеді. Оның бір ғана көрінісі – заманауи үлгідегі мың орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Облыстық филармония ұжымы және филармония жанынан құрылған өнер ұжымдары осы орталыққа орналасты. Олардың қатарында өткен жылы ашылған облыстық симфониялық оркестр де бар.

Бүгінде симфониялық оркестрдің шығармашылық аясы ұлғайып, гастрольдік сапарларға шыға бастады. Осы орайда оркестрдің  көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет саласының үздігі  Мүсілім Әмземен әңгімелескен едік.

– Мүсілім Балтабайұлы, алдымен өзіңіз туралы, өнердегі бағытыңыз, шығармашылық жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз…

– Өзім – осы өңірдегі іргелі білім шаңырағы – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің түлегімін. 1995 жылы колледжді халық аспаптары бөлімінің домбыра және шекті аспаптар бөлімінің контрабас мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқып, осы екі мамандықты қатар алып шықтым. Сонымен бірге, осы консерваторияда оқуымды жалғастырып, 2010 жылы Опера симфония дирижер» мамандығын алдым. Ал 2014 жылы магистратурасын бітіріп, Өнертану ғылымының магистрі атандым.

2008-2014 жылдары Алматыдағы А.Жұбанов атындағы симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері болып қызмет еттім. Бұдан кейінгі жылдары Қытай, Түркия, Израиль, Ресей, Германия, Жапония сияқты шет елдерде түрлі оркестр деңгейінде тәжірибеден өттім. Осының нәтижесінде музыкалық зерттеулер бойынша бірқатар шығармашылық еңбектерім жарыққа шықты.

– Облыстық симфониялық оркестр құрылғаны аймақ өнерінің дамуындағы жаңа бір белес десек болады. Жалпы симфония оркестрін құру жөнінде идея қайдан туындады?

– Облыста «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Томирис» би ансамблі, балаларға арналған театр бар, осы өнер ұжымдарының барлығының да бағыты маған алыс емес, сондықтан бірге талай жұмыс атқардық. Осындағы камералық оркестрмен бірнеше рет концертке қатыстым. Одан бөлек, «Сыр самалы» вокалды аспаптар ансамблі де бар. Сондай бір келген сапарымда КСРО Халық артисі Р.Бағланова атындағы республикалық конкурсын өткізу барысында концерт берген едік. Осы концертте «Сыр самалы» вокалды аспаптар ансамблі мен камералық оркестрді қосып, өнер көрсеттік. Өйткені Р.Бағланованың репертуарындағы әндердің барлығы дерлік эстрада симфония оркестріне жазылған.

Концерт өз деңгейінде өтті. Сол уақытта маған «эстрада симфония оркестрін құру қажет» деген ой келді. Облыстық филармония басшысы Талғат Мақашев бастаған азаматтар да бұл ұсынысымды қолдайтынын білдірген еді. Егер симфониялық оркестр ашылған жағдайда осында көшіп келетінімді де жасырмадым. Бірақ көңілде күмән басым еді. Бұл идеямыз қолдау таба ма, жоқ па? Өйткені оған қыруар қаражат қажет.

Уақыт өте берді. Содан не керек, өткен жылы көктемде «симфониялық оркестрді ашу керек» деген хабар жетті. Сонымен облыс әкімінің қолдауымен жаңа оркестрді құруға байланысты жұмыстар басталды. Бұрынғы камералық оркестрдің базасында 20 штат бірлігі болатын, оған 30 штат бірлігін қосып, кәсіби музыканттармен толықтырып, оркестр ашылды. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың 1 шілдесінде симфониялық оркестр толық құраммен жұмысын бастады. Алдын ала уәде еткенімдей, өзім осында көшіп келдім. Оркестр құрамына ең бірінші болып өтініш жазып, одан әрі  музыканттарды тыңдаудан өткізіп, кәсіби шеберлігіне қарай ұжымға қабылдадық. Осылайша жаңа өнер ұжымы жасақталды.

– Өнер ұжымы жергілікті музыканттардан жасақталған ба, әлде сырттан да мамандар шақырылды ма? Сонымен бірге, аспаптар, концерттік киімдер жағы жеткілікті ме? Концерттік залы қандай?

– Оркестр құрамында негізінен жергілікті музыканттар, оның ішінде осы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің мамандары. Бірі мұғалім, бірі шәкірт осы оркестрде өнер көрсетеді. Сондай-ақ басқа жұмыс орнынан келген музыканттар да бар, бірақ олар да осы оқу орнының түлектері. Тіпті қазіргі оркестр құрамында музыкаға жаны құштар, аспапта шебер ойнай алатын  мектеп оқушылары да бар.

Көркем әрі сапалы концерттік киімдер алынды. Сонымен қатар еуропалық бренд қатарындағы ең танымал аспаптар сатып алынды. Олардың бағасы да өте жоғары. Қазір де жетіспейтін аспаптар бар. Соның бірі  «валторна» деп аталады. Негізі, оркестрде төрт валторна болуы керек, бізде әзірге біреу, қалғанының орнына саксофонистер ойнайды. Сондай-ақ шекті аспаптардан әлі де скрипкалар қажет. Бірақ бұл мәселе бірте-бірте шешіледі. Уақыт өте келе жан-жақтан музыканттар да ағылып келуі мүмкін. Ол кезде музыканттарды кәсіби шеберлігіне қарай сұрыптап, ұжымды қайта жасақтайтын боламыз. Ал қазір біз үшін ең бастысы – музыка өнеріне шын берілген  шығармашылық ұжымның еңбегін барынша насихаттау.

Өздеріңіз білесіздер, облыстық филармония жақында ашылған «Өнер орталығына» орналасты. Сонымен қатар, басқа да өнер саласына қарасты ұжымдар осы орталыққа шоғырланды. Оның ішінде филармония жанындағы екі оркестр де бар. Концерт залы жаңа үлгідегі талаптарға сай жабдықталған. Керемет зал.

– Оркестр құрылғалы қанша концерт берді? Солистер кімдер? Жалпы классикалық музыка өнерін көрермендер қалай қабылдады?

– Симфониялық оркестр құрылғалы 5 рет концерт бердік. Алғашқы рет 2023 жылдың қыркүйек айында концерт берсек, одан кейін Астанада өткен Қызылорда облысының күндерінде Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге өнер көрсеттік. Сонымен қатар, Сыр өңірінен шыққан талантты музыкант Т.Әбдірашевтің 75 жылдығына орай концерт берсек, қаңтар айында «Симфония сазы» деп аталатын үлкен концерт өтті. Жақында, өздеріңіз білесіздер, «Өнер орталығының» ашылуындағы салтанатты жиында халық алдына шықтық.

«Өнер орталығының» ашылуына танымал өнер қайраткерлері келіп қатысты. Олардың бәрі концертке жоғары баға беріп жатыр. Әрине, бұл – көңілге қуаныш. Десек те, біздің өз алдымызға қойған шығармашылық биігіміз бар. Соған жеткенше шеберлігімізді шыңдап, өнерімізді одан әрі дамыта береміз.

Солистерге келсек, жеке солистер бар, сосын академиялық ән салу деген бар. Жалпы ән салу өнерінен Сыр өңірі әншілері өте талантты әрі кәсіби деңгейі жоғары. Олар осы бүгінгі Қазанғап атындағы музыка колледжінде вокал өнері бойынша білім алған мамандар. Айта кетейік, республика көлемінде «Қызылорда вокал мектебі» деген дара көзқарас қалыптасқан. Бұл – Инаят Жарылқанов, Қаракөз Ақдәулетова, Феруза Арғынбаева сияқты мықты музыка мамандарының еңбегі екенін атап өтуіміз керек.

Өзіңіз білесіз, Сыр өңірінде дәстүрлі өнер кең қанат жайған. Сонымен қатар, аймақ жұрты да өнерге жақын, өзіндік талғамы қалыптасқан деп айта аламыз. Осы тұрғыда көрермен қауым симфониялық оркестрдің өнерін де өте жылы қабылдап,  ерекше қошемет білдірді.

– Өзіңіз айтып отырған жетіспейтін музыканттарды, аспапта ойнаушыларды осы музыкалық колледж базасында дайындауға мүмкіндік бар ма?

– Иә, әрине. Қазірдің өзінде облыстық филармония жанындағы Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінде, кешегі құрылған симфониялық оркестрде өнер көрсетіп жүрген жастар осы колледждің студенттері. Олар оқу орнында арнайы білім алса, оркестрлерде өнер көрсете жүріп, шеберлігін шыңдайды, тәжірибе жинақтайды. Симфониялық оркестр құрамындағылар алдымен үрлемелі аспаптар оркестрі, одан соң камералық оркестрде тәжірибеден өтеді. Қарап отырсақ, бұл біздің студенттеріміз үшін үлкен мүмкіндік. Мысалы, ертеңгі күні олар колледжді бітіріп, жоғары білім алуға Алматы, Астана қалаларына барғанда, кез келген оркестр құрамында еркін өнер көрсете алады. 

Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледждің бүгінгі басшысы және симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі ретінде оқыту мен тәжірибені тең ұстап отыру менің міндетім. Осы орайда колледждің сабақ кестесі оқытушылар мен білім алушылардың уақытына қарай үйлестіріліп жасалған. Қазір колледжде 200-дей маман болса, оның 180-і оқытушылар.

– Халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрдің бірлесіп өнер көрсетуі бұрын-соңды тәжірибеде бар ма?

– Негізінде, екі оркестрдің бағыты екі бөлек. Репертуар және аспаптар бойынша да үлкен айырмашылығы бар. Дегенмен бірге өнер көрсетуді осыдан оншақты жыл бұрын тәжірибемізге енгізген едік. Оның бір себебі, үлкен масштабта, яғни, ауқымы жоғары ұжыммен музыканың да екпінін, деңгейін көтеріп, көрерменге көңіл-күй сыйлау болатын. Расында, бір музыкалық шығарманы екі түрлі оркестрдің орындауында тыңдаудың өзіндік әсері бар. Ең бастысы, өнеріміз көрермен көңілінен шықты. Бұл – біз үшін зор қуаныш.

– Музыкалық колледжге жаңа ғимарат салынады деп жоспарланып отыр. Осы жөнінде айтып өтсеңіз…

– Иә, облыс әкімдігі «Саутс-Ойл» компаниясымен меморандумға отырып, қаланың сол жағалауынан жаңа ғимарат салуға келісім жасалды. Жақында құрылыстың іргетасы қаланады деп жоспарланып отыр. Осы орайда аймақ мәдениетінің дамуында айрықша орны бар, іргелі өнер шаңырағына жаңа ғимарат салынуына қолдау танытқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа алғысымызды білдіреміз.

Жалпы осы кезеңде біздің өңірде мәдениет пен өнерге, руханиятқа  ерекше жағдай жасалып отыр. Соған сай өнер ұжымдары да тынымсыз ізденіспен еңбек етіп, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсете білуі қажет деп ойлаймын. Қазірдің өзінде біз жаңа концерттік бағдарлама бойынша үлкен дайындық үстіндеміз. Қай кезде де өнердің байрағын биік ұстап, көрермен талғамына сай шынайы әрі сапалы дүниені ұсына білуіміз керек.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<