Өнерімен өркендеген әулет

1117

0

Қазалы ауданының мәдениет саласында Әуезовтер отбасылық ансамблінің орны ерекше. Аға мен інінің, әпке мен сіңлінің, абысындардың  сызат түспеген сыйластығын, бір-біріне деген ерекше ілтипатын да осы отбасынан кезіктіруге болады. Домбыра мен қобызды, сазсырнай мен түрлі ұлттық аспаптарды меңгерген отбасылық ансамбльдің құрылғанына биыл 45 жыл толып отыр.

Жалпы Әуезовтер ансамблін айтқанда оның негізін қалаған марқұм Махамбет Әуезов ойға оралады.

Мәдениет саласының майталманы Махамбет Әуезов Сарыкөл ауылында дүниеге келген. Ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде әкесі Әуез Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданына көшеді. Ержеткен Махамбет Нөкіс қаласындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетіне түседі. Жоғары оқу орнында жүріп, Мәскеудегі Чайковский атындағы мемлекеттік консерватория түлегі Александр Павлович Закаринкодан қосымша дәріс алған. Сонан соң Тақтакөпір ауданында орта мектепте ұстаздық етеді.

«Туған жерге туыңды тік!» деген тәмсілді берік ұстанған ол араға біршама уақыт салып, 1957 жылы елге оралды. Қазалы ауданы Лақалы елді мекенінде сегізжылдық мектепте сурет, сызу және музыка пәндерінен сабақ берді. Өмірінің соңына дейін №87 орта мектепте мұғалім болды.

Ауданның мәдениеті мен өнеріне белсенді араласып, скрипка, домбыра тартып, халыққа таныла бастады. Сегіз оқушыдан скрипкашылар ансамблін құрып, облыста бірінші орын алды.

1967-1969 жылдары Қазалы ауданының ұлт аспаптары оркестрін басқарып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған.

Жары Жеңіс екеуі 3 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардың әрқайсысын музыкаға баулиды, 1975 жылы отбасылық ансамбль құрып, халық арасында құрметке ие бола бастады. Облыста, республикада отбасылық ансамбльдердің байқауларына қатысып, бірнеше рет лауреат атанды.

Биыл осы ансамбльдің құрылғанына 45 жыл толуына орай Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында күйші, қобызшы, музыкант Махамбет және Романқұл Әуезовтер атындағы «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың» атты республикалық дәстүрлі отбасылық ансамбльдер байқауы өтті.

Байқауға Тараз, Атырау, Ақтөбе қалалары мен Арал, Шиелі, Сырдария аудандарынан келген халықтық отбасылық ансамбльдер қатысты.

Келген қонақтар ең алдымен көрмемен танысты. Мұнан соң байқаудың ашылу салтанаты өтіп, көпшілікке қатысушы ансамбльдер таныстырылды. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Сыр өңірі – таланттылар мен өнерлілерге бай өлке. Ел арасында «Жыр елі» аталып кеткен мекеннен талай шайырлар мен жыр дүлдүлдері түлеп ұшты.

Қазалы ауданы мәдениетінің тарихы да салмақты. Осы қасиетті топырақта дүниеге келген өнерлі жандардың арасында күйші, қобызшы Махамбет және Романқұл Әуезовтердің шоқтығы биік. Киелі өнерді дәріптеп, қастерлей білген Әуезовтер отбасы – ауданымыздың мақтанышы.

Бүгінде ата мұрасын өнерлі ұл-қыздары жалғастырып келеді. Отбасылық ансамбль әлі күнге дейін халыққа қызмет етуде. Оның құрамы әулеттегі өнерлі немерелермен толыққан.

Төл өнердің дамуына үлес қосатын осындай отбасыларды насихаттау, олардың қатарын көбейту, ансамбльдер арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мақсатында бүгінгідей ерекше байқау ұйымдастырылып отыр.

Айтулы күні өңіріміздің мәдениеті мен өнерін өркендетудегі қызметтеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін.

Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен қуанта беріңіздер, – деді ол.

Сонымен қатар Әуезовтер отбасына облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағановтың, аудан әкімі М.Оразбаевтың құттықтауын табыстады.

Бұдан кейін көпшілік «Өнерімен өркендеген әулет» атты кітаптың тұсаукесерінің куәгері болып, ансамбльдердің өнерін тамашалады.

Дарынды отбасылардың өнеріне Мәдениет саласының үздігі, күйші-қобызшы Арман Әуез, Мәдениет қайраткері Сәукен Әліш, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің оқытушысы Төлеген Каденов, Шымкент саз колледжінің ұстазы Космонавт Аюбаев және білім саласының ардагері, «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблінің сүйемелдеушісі, дирижер, қобызшы Ерпазыл Жүсіп қазылық етті.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<