Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бұл уақыт аралығында мемлекетіміз қоғамдық-саяси өмірінде біршама сын-қатерлерді артқа тастап, жаһандық даму жолына түсті. Жаһандық даму дегеніміз – жалпақ тілмен айтқанда, ғылымда, мәдениетте, сол сияқты, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста ашық әрі тұрақты байланыс қалыптастыру. Әсіресе, әлем әдебиетінің айшықты туындыларын ана тілімізге аударып, қазақ өнерінің жауһар құндылықтарын жаһан жұртына насихаттаудың маңызы зор. Өйткені дамушы елдерде ежелден-ақ шығармашылық өнер жоғары бағаланады.
Қазақ өнерінің кең қанат жаюына Сыр елі мәдениетінің де сүбелі үлесі бар. Соның ішінде 40 жылдан астам тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін айтар едік. Сонау 1977 жылы шаңырағын көтерген шығармашылық ұжым 2017 жылы 40 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Иә, сахнаның бер жағынан қараған көрерменге бәрі тамаша көрінетіні рас. Себебі, олар сән салтанаты келіскен дайын қойылымды көреді. Алайда сол концертті сахнаға әзірлеу барысындағы тынымсыз еңбек пен төгілген тер қаншама?!
ХХІ ғасырда өзге салалар секілді өнерге деген талап пен талғам өзгерді. Дәлірек айтсақ, қазақ музыка өнері де жаһан жұртының сұранысымен санасуға мүдделі. Біз осы туралы Қaзaнғaп aтындaғы Қызылopда мyзыкaлық жoғapы кoллeджiнiң дирeктopы, ҚР Мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Кеулімжай Ботабаевпен әңгімелескен едік.
– Сіздің осы шаңырақта еңбек етіп келе жатқаныңызға да қырық жылға жуықтапты. Айтыңызшы, өнер ордасының іргетасын кімдер қалады?
– Иә, өте орынды сұрақ. Себебі, өткен жылдар – біздің өнеге тұнған тарихымыз. Ол уақытта еңбек еткен жандар еліміздегі музыка өнерінің бүгінгі деңгейге жетуіне алғашқы қадамдар жасады. Айталық, колледждің алғашқы директоры Есенғазы Көшербаев – Сырдария ауданының тумасы. Ол өңірімізде музыкалық білім беру мәселесі әлі қолға алынбаған уақытта талантты жастарды жинап, Шымкент қаласындағы музыкалық училищеде білім алуына қолдау көрсеткен. Ал облыста алғаш ашылған музыкалық училищеге басшылық жасаған 1977-1982 жылдар аралығында сол жас мамандарды жұмысқа қабылдап, іргелі өнер ұжымының негізін қалаған. Одан кейінгі жылдары ұжымға басшылық жасаған Тәңірберген Қалауов пен Есен Сақтапбергеновтің тұсында да көптеген оң өгеріс орын алды. Еліміздің әр түкпірінен мықты мамандар келіп, еңбек етті.
1991 жылы өнер ордасы жаңа ғимаратқа көшкен болса, 1996 жылы ҚР Білім министрлігінің бұйрығымен Қызылорда музыкалық училищесіне колледж статусы берілген. Жаңа талаптар қойылып, білім сапасы да арта түскен. Бұл Е.Сақтапбергеновтің басқарған уақыты болатын.
– А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебінің алғашқы түлектерінің бірісіз. Осы жайында айтып өтсеңіз…
– Расында, бұл естелік – мен үшін де өте құнды деп айтар едім. Өйткені қазақ музыка өнерін дамытуда Ахмет Жұбановтың еткен еңбегі ұшан-теңіз. Әйтсе де, әлі насихаттау шаралары жеткіліксіз секілді. Мысалы, қазақ балалары үшін музыка мектебінің іргесін қалау – А.Жұбановтың идеясы. Неге дейсіз ғой… Себебі, қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым, әйгілі композитор А.Жұбанов кеңестік кезең тұсында еліміздің әр өңірін аралап жүріп, музыка өнерінің айналасында көбіне өзге ұлт өкілдерінің басым екенін, ал қазақ балаларының кәсіби білім алудан аса хабары жоқтығын аңғарып, арнайы мектеп ашуды ойға алады. Осылайша елімізде алғашқы музыка мектебінің іргетасы 1964 жылы қаланды, ал мен 1965 жылы осында бірінші сыныпқа қабылдандым. Бұл мектептен білім алған түлектер қазір еліміздегі айтулы ұжымдарда еңбек етіп, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.
– 1996-1997 жылдары оңтайландыру саясатымен облыстағы педагогикалық және музыкалық колледж біріктіріліп, бір ғана гуманитарлық колледж болды. Осы жылдар білім сапасына да өзіндік әсерін тигізген шығар…
– Иә, әрине. Бұл жағдай білім сапасына ғана емес, өнер ұжымының әлеуметтік-психологиялық ахуалына да айтарлықтай кері әсерін тигізді. Олай болатын себебі, мемлекеттік тапсырыстың көлемі екі есеге дейін азайды. Білім алушылар саны күрт азайды. Соның салдарынан кейбір бөлімдер жабылып қалды. Ал жұмыссыз қалған мамандар жан-жаққа көшіп кетіп жатты. Енді ғана құрылған камералық оркестрдің құрамы азайып, жұмысын тоқтататын жағдайға келді. Осыған қарамастан, 1998 жылы Астана қаласында өткен облыстың мәдени күндерінде біздің ұжым өте жақсы өнер көрсетті.
Айта кетуіміз керек, 1999 жылы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың ерекше ықпалымен, музыка колледжі қайтадан дербес өнер шаңырағы болып құрылып, өз жұмысын бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, орын алған қиындықтарды рет-ретімен шешіп, жүзеге аспай қалған біршама жұмыстарды қайтадан қолға алуға тура келді.
– Облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрін құруда, одан кейін камералық оркестрді қайта жасақтауда сіздің еңбегіңіз зор екенін білеміз. Осы оркестрлердің жетекшісі әрі бас дирижері ретінде ойыңызды бөліссеңіз…
– Тұрмағамбет оркестрі 2007 жылы, ал камералық оркестр 2014 жылы құрылды. Айта кетейік, филармония мамандарының 90 проценттен астамын біз дайындаймыз. Сондықтан оркестр құрамындағы өнерпаздар – біздің түлектеріміз. Аудандардағы музыка мектептерінің оқытушылары да біздің колледжден білім алған мамандар.
Екі оркестрдің өзіндік айырмашылығы бар. Олай дейтініміз, біздің Сыр өңірінде дәстүрлі өнер кең дамыған. Сондықтан “Тұрмағамбет” оркестрін құруда аса көп қиындық кездескен жоқ. Мамандар жеткілікті, ұлттық киімдер мен аспаптар алуға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілді. Ал камералық оркестрді құру қиынға соқты. Себебі, шекті (скрипка, альт, виолончель) аспаптарда ойнайтын мамандар тапшы, бірнеше аспап жетіспеді. Қазіргі уақытта оркестр құрамы біраз толықты. Ал колледждегі камералық оркестр, халық аспаптар оркестрі, хор ұжымында оқуын бітірген соң өз қалауымен жоғары оқу орындарына түсіп, жан-жаққа кетіп қалады. Осыдан соң оркестрлер құрамын қайтадан жасақтауға тура келеді. Хор ұжымына қатысты да осы мәселені айтар едім. Сондықтан филармония жанынан кәсіби хор ұжымын құрғанымыз жөн болар еді.
Камералық оркестріміз қазақ, орыс композиторларының туындыларымен қатар әлемдік деңгейдегі классикалық шығармаларды да орындайды. Өнер ұжымы 2016 жылы Алматы қаласында өткен “Әуен FEST” республикалық камералық оркестрлер фестивалі байқауында лауреат атанды.
Айта кетуіміз керек, концерт барысында бірге еңбек етіп жүргенімен, орындаушы солист, музыкант-педагог, оркестр әншісі, жеке орындаушылар, бишілер тобы деген сияқты әрқайсысы бөлек мамандық. Сондықтан оркестрдің әрбір мүшесінің өзіндік орны бар.
– Иә, өткен жылы камералық оркестрдің сүйемелдеуімен алғаш рет Абай операсы қойылды. Қазірідей, карантин ережелеріне байланысты опера онлайн көрсетілді. Дегенмен, көрермен көңілінен шыққан сияқты…
– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Абай” операсы Сыр елінде тұңғыш рет сахналанды. Операның қоюшы режиссері – Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі солисі, “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері Қайрат Құлыншақов. Басты рөлді, яғни Абай образын облыстық филармония әншісі Айдос Иманжаппаров сомдады.
Қойылымға облыстық филармонияның, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, камералық оркестр, “Томирис” би ансамблі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің “Ән салу” бөлімінің студенттерімен аралас хор ұжымы қатысты.
Операны сахнаға шығаруға үлкен дайындық жасалды. Нәтижесінде, біздің өнерпаздар күрделі жанрдағы классикалық өнер туындысын көрерменге жеткізе білді. Осы орайда алдағы уақытта оперетта, мюзикл жанрлары бойынша да жұмыс жасау қажет деп ойлаймын. Өйткені бұл музыкалық-сахналық жанрлар операға қарағанда жеңілдеу, сонымен қатар, кез келген көрерменнің қабылдауына лайық.
– Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік жылдарында Сыр өнері өрге басты ма?
– Әрине. Сонау тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, көптеген өзгеріс орын алды. Бүгінде колледж ұстаздарының сапасы мықты. Оның себебі, өзімізде білім алған түлектер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақ ұлттық музыка университетінде жоғары білім алып келіп қызмет етіп жатыр. Бұл да – өнер ұжымындағы өзара сабақтастықтың бір көрінісі. Соның нәтижесінде, талантты өнерпаздарымыз республика көлеміндегі үлкен сахналарда өнер көрсетіп, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, “Астана-опера” театрының әншісі Бибігүл Жанұзақ, Қазақ мемлекеттік симфониялық орестрінің және Н.Тілендиев атындағы “Отырар сазы” фольклорлы-этнографиялық оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе, Орал облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов, танымал актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ғани Құлжанов, Италияның Милан қаласындағы Ла-Скала театрына тәжірибеден өтуге шақырылған Мәлік Азат, Абай атындағы опера және балет театрының әншілері Тахауи Рахметов, эстрада әншілері Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Қайыржан Оспанов, Серік Ибрагимов, тағы басқа көптеген шәкірттеріміз өнер саласында өз биігін бағындыра білді.
– “Димаштар көп болса…” деп қалдыңыз…
– Иә, еліміздің қарқынды дамуы үшін әр салада Димаш Құдайбергенов сияқты дарынды әрі патриоттық жігері мықты жастар болса деймін. Айталық, біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін арнайы бағдарлама қабылдап, қыруар қаржы бөлеміз. Соның өзінде көңілдегідей нәтиже шығып отырған жоқ. Ал өзіміз білетіндей, қазақтың Димаштай әншісі әлемдік сахналарда өнер көрсеткелі, оның әр елдегі мыңдаған табынушысы қазақ тілінде ән шырқай бастады. Осылайша, қазақ музыкасының кереметтігін дүние жүзі моындады. Сондықтан ғылымда, шығармашылықта, өнердің әр саласында бір-бір Димаштай жастар болса, халқымыздың өте бай рухани құндылығын әлемге танытар едік. Айта кетейік, Димашты музыка өнеріне баулып, бүгінде әлемдік деңгейде танылуына еңбегін сіңірген ұстазы Марат Әйтімов – біздің колледждің түлегі.
Жас таланттарды дер кезінде кәсіби өнерге баулу мақсатында 2011 жылдан бастап колледж жанынан балалар музыка мектебі ашылып, жүзден астам оқушыны қабылдаған болатын. Бұл күнде жас өнерпаздар түрлі жанрлар бойынша әлемдік байқауларда жоғары жүлделерді иеленіп жүр.
Бүгінде музыкалық колледжде 100-ден астам оқытушы қызмет атқарады. Оның басым бөлігі жоғары және 1-ші санатты оқытушылар. Қазіргі таңда мұнда “Халық аспаптары”, “Аралас хор”, “Қыздар хоры”, “Домбырашылар”, “Қобызшылар”, “Баянистер” ансамбльдері, “Сыр сұлуы” би ансамблі жемісті еңбек етіп келеді. Колледжде оқушылардың сапалы білім алуы үшін материалдық-техникалық тұрғыдан қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде 100 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, 23 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, 30 орындық оқу залы жұмыс жасайды.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Шығармашылық еңбектеріңіз табысты болсын!
Әңгімелескен
Ғазиза ӘБІЛДА,
“Сыр бойы”
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<