Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық кодты сақтау туралы келелі әңгіме айтылған. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрімізді ұрпаққа жеткізу – аға буынның парызы.
Қолөнер – халық қазынасының ажырамас бөлігі. Ел ішінде он саусағынан өнер тамған, қолөнердің сан саласын меңгерген ісмерлер әлі де бар. Олар асыл мұраның алтын тінін жалғап келеді. Солардың бірі – Шиелі ауданының тұрғыны Жанат Нұрылла. Ол мектеп қабырғасында жүріп кілем тоқыды. Бұл өнер анасынан дарыған. Анасы ауыл-аймаққа белгілі шебер кісі. Текемет басып, кілем тоқып, дәстүрді жандандырды. Арнайы тапсырыспен елімізге белгілі тұлғалардың портретін тоқып, жіппен кестеледі. Кішкентай қыз анасының осы өнеріне қызығып, тоқу ісін үйренді.
– Есімде бала кезімде «Қазақстан-Америка» деген жазуы бар кілем тоқыдық. Шетел азаматтары көп келетін. Олар кілемге есімдерін жаздыратын. Бірде түркиялық азамат келіп біздің тоқыған кілемдерді суретке түсіріп, бірнешеуіне тапсырыс берді. Кейін білдім, сол кісі кілем тоқитын фабрика ашыпты. Анамның қайталанбас туындылары ерекше әсер қалдыратын. Маған өз білгенін үйретті. Ою-өрнектің түрлері мен бояу үйлесімділігін шебер қолданатын, – дейді кілемші.
Мектеп бітірген жылы ол Ташкент қаласына оқуға түседі. Мамандығы – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Қазір де өз саласы бойынша жұмыс жасайды. Қолөнерден де қол үзген жоқ. Жаны қалаған ісін жандандырды. Ауылдық мәдениет үйінің жанынан шеберлер үйірмесін ашып, жастарды баулыды. Балалардың санасына ұлттық мұраны жаңғырту арқылы ой салып, өткенін ұлықтауға түрткі болды. – Ұрпақтарымыз халқының рухани-мәдени мұралар сабақтастығын білуі керек. Үйірмеде шәкірттеріме ғасырлық тарихы бар қолөнер түрлерін үйретіп, ою-өрнектер арқылы ой салуға тырысамын. Сонда балалардың қызығушылығы оянып, тоқудың қыр-сырына қанығады, – деген шебер үйірменің жастар үшін берері мол екенін жеткізді.
Жанаттың тоқу ісінде қолданылатын станогы өте қарапайым. Кілемнің көлеміне қарай құрылған. Шеберге құрал-жабдығын әкесі қолдан жасап берген. Кейбіреуін кезінде атасы жасаған. Сондықтан ескі жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтайды. Құрылғыға ілінген желіге арнайы дайындалған түрлі-түсті жіптермен кілем тоқылып, бетіне сурет салынады. Өз бетінше ізденіп, ою-өрнектің өзгеше түрлерін қолданады. Расында, кілем тоқу оңай шаруа емес. Аса сабырлық пен төзімділікті қажет ететін іс адамды шыдамдылыққа үйретеді. Жанат жазда уақытын босқа өткізбейді. Кемі екі-үш тапсырыс алады. Ал, қыста жылы киімдер тоқып, сатады. Қазір қыздарына кілем тоқуды үйретіп, қолөнерге баулуда.
Талай көрме, жиындарға қатысты. Еңбегі еленіп, жетістікке жетті. Оның қолынан шыққан кілемдер еліміздің түкпір-түкпіріне жіберілді. Қолөнердің сырын да сынын да кетірмей жүрген шебер өз ісіне дән риза.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<