Орындаушылықты ғылыммен ұштастырған

835

0

Орындаушылықты ғылыммен ұштастырған Қазақтың бірқатар өнер мектептері жаңа заманға лайық­талып, өміршең өнерге айналды (Мысалы, Ж.Елебеков әкелген Арқаның, Ғ.Құрманғалиев бастаған Мұхиттың әншілік дәстүрі). Алайда жаңа сахнадан өз орнын ала алмай, түбегейлі наси­хатталмағандықтан, ұлт­тық санадан өшіп, белгілі бір өлкенің ғана өнері болып қал­ған өнер түрлері қаншама?! Қазақтың ескі жыршылығы сон­дай өнер түрінен саналады. Әдетте, айтулы жыршылар Алматыда өтетін дүбірлі жиын­дарға ғана шақырылатын. Кон­серваторияның фольклор кабинетінен аттанған экспе­дициялар жер-жердегі жыр­шыларды магнитофонға жазып келетін. Мұның бәрі, әрине, тиіп-қашты ғана әрекеттер еді.

Жырды сахнаға шығару, оны оқыту, уағыздау ешқашан да музыкалық оқу жүйесінің мүддесі болған емес. 1987 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының жанынан «Домбырамен ән айту» бөлімі ашылғанда қатты қуанған едік. Жаңадан ашылған бөлімге бүкіл республикадан төрт-ақ бала қабылданды. Олар осы күнгі белгілі әнші Бекболат Тілеуханов, жыршы Берік Жүсіпов және Мейіргүл мен Базаргүл есімді қыздар.

Жыршылық дәстүр Сыр өңірінің шегінен шығып, аста­наға осылай келіп, үл­кен сахнаға аяқ басып еді. Со­дан бері он үш жыл өтіпті. Жыр класын талай жастар бі­тіріп шығып жатыр. Сол кездегі бала Берік бүгін­де кон­сер­ва­торияның ұстазы, жыр өне­рінен дәріс үйретуші маман. Баба өнерді арқалап, Алматыға кел­ген сол бір қаршадай бала менің көз алдымда әлі тұр. Осы Алма­тыда содан кейін жыр­шылық өнер­ге арналған талай мәслихат өтті. Атасын атамыз көрмеген, бірақ қандас туыс талай жұртпен таныс­тық. Бәрі де жыр толғайды. Бұл да – қазақ жырының көнелігінің белгісі.

Енді Берік Жүсіповтің орын­даушылығы жайында бір-екі ауыз ойымды айтайын. Мүмкін мүлде басқа мектеп, Еуропаның опералық өнері дәстүрінде тәрбиеленген ән­ші­нің қазақтың байырғы жыр өнері жайында қалам тартуы таңғалдырар. Айта кетейін, жақсының өзегі бір. Бұл менің әнші ретіндегі профессионалдық пікірім. Жыр – көне вокал. Алайда сипаты ескі болғанымен, әсері бүгінгі.

Беріктің орындауындағы басты ерекшелік – биік экс­прессия. Және бұл желең тех­ни­калық талаптан туған әрекет емес, жырдың ішкі рухы­нан туындаған киелі қа­сиет. Мысалы, «Кәнеки, тілім, сөйлеші» толғауын алайық. Мәтіні – әдепкі уағыз. Бірақ тол­ғаудың тамаша әуені адам­ның санасында көмескі тарта бастаған көптеген сезім­дерді оятады. Беріктің орын­дауы өте табиғи. Бүгінде таби­ғи­лықты көп адам дұрыс түсін­бейді. Орындаушының сах­нада өзін-өзі жайбарақат ұс­тауын оның табиғилығы деп түсінеді. Бүкіл өмірін сах­нада өткізген артист ретінде айтайын, жайбарақаттықтың та­биғилыққа ешқандай да қатысы жоқ. Орындау деңгейі төмен болға­нымен, сахнада өзін-өзі салиқалы, байыпты ұс­тайтын талай артистерді көр­генбіз. Табиғилық деге­німіз орын­дайтын шығар­ма­­сын жеріне жеткізе алуы. Мінеки, Берік Жүсіпов осын­­дай тұрғыдағы табиғи орын­­­­даушы. Және ол шы­ғарманы қабылдаған күйін­де орын­дамайды, шын өнер­паз ретінде оған өзіндік әр қосады. Мысалы, діни уағыз толғауларда ол қара­қалпақтардың кейбір орындау мәнерін пайда­лана­ды. Содан келіп, бір тамаша орындау үлгісі пайда болған. Берік­тің репертуарындағы ерекше шығармалар тобы «Маңырама» деп аталатын мақамдар. Бұл бағытта да ол өзіндік қолтаңба қалыптастырған.

Берік Жүсіпов – бүгінде ескі астана сахналарының қалау­лы қонағы, есімі кеңінен таныла бас­та­ған майталман орын­даушы. Сондай-ақ орындау­шылық пен ұстаздықты ғы­лыммен ұштастырып жүр­ген білімді азамат. Қазақ сахна­сы­ның замандасы ретінде тілерім, өнерің өрге баса берсін, абы­ройың аса берсін, Берік інім!

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,

КСРО және ҚР халық артисі,

Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор.

(«Ана тілі» газеті,

2000 жыл 9 қараша).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<