Қазанғап оркестрі Мәскеу сахнасында

5949

0

1974 жылдың маусым айының аяғына таман №177 орта мектепте қызмет істеп жүргенімде аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Құдайберген Жасекенов ағамыз кабинетіне шақырды. Құдекең Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар бойы комсомол, партия, совет органдарында жауапты қызмет атқарған, абырой-беделі бір басына жеткілікті, аудан халқына сыйлы азамат болатын. Қазақ ССР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Ширек ғасырдан астам уақыт осы сала жұмысының барынша жандануына, халықтың мәдени-рухани жағынан өсуіне, Арал өңірі өнерінің дамуына лайықты еңбек сіңірген адам.

… Дәл белгіленген уақытта кабинетіне келген мені ағамыз жылы шыраймен қарсы алып, бірден негізгі тақырыпқа көшті.

– Келесі айдың ішінде Мәскеуде СССР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен одақтас республикалардағы аудандық, қалалық ұлт-аспаптар оркестрлер мен хор ұжымдары өнерпаздарының қатысуымен үлкен конкурс өткізіледі. Конкурста өнер көрсетуге Қазақ ССР Мәдениет министрлігі, облыстық мәдениет басқармасы біздің Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрімізге үлкен сенім артып отыр. Көрсетілген сенім үдесінен біз абыроймен шығуымыз керек. Концерттік бағдарламаның жобасы дайын, асықпай қарап шық, – деп қолыма бір бет қағазды ұсынды. Көз жүгіртіп шықтым. Концерт жергілікті ақын, «Сазды» елді мекеніндегі «Қызыл отау» меңгерушісі Жанділда Әбішовтің «Мәскеуге сәлем» термесімен ашылуы керек. Он бес номерден тұратын бағдарламада музыка жанрының басым бөлігі қамтылған. Ән, би, күй, термеден бөлек, әлемдік классика Штраустың «Парсы маршы» мен П.Чайковскийдің «Көгілдір аққулар биі», Құрманғазының «Сарыарқа», Динаның «Партия туралы күйі», Сүгірдің «Бозінген» күйлері, Мыңжасар Маңғытаевтың «Советтік Қазақстан», Сыдық Мұханбетжановтың «Шаттық Отаны» атты симфониялық поэмалары концерт репертуарына енген. Одақ көлеміндегі конкурсқа түсуі халық ұлт-аспаптар оркестрі мен оның мүшелерінің орындаушылық шеберлігін, музыкалық сауаттылығын, кәсіби дәрежеге дейін көтерілген шығармашылық деңгейін көрсетіп тұрғаны байқалады.

– Енді бізге осы конкурстық бағдарламаны талғамы биік, кірпияз, өркениетті мәскеуліктерге қазақ-орыс тілдерінде еркін жеткізетін концерт жүргізуші конферансье қажет болып тұр, – деп сөзін жалғастырды Құдайберген ағамыз.

Біз ойласа келе, осы аса жауапты жұмысты өзіңе міндеттегенді жөн көріп отырмыз. Сенің өнерден қаражаяу емес екендігіңнен хабарымыз бар. Музыкалық аспаптарда ойнай білесің. Жылда өтетін мұғалімдердің аудандық дәстүрлі фестивалінде ән айтып көзге түсіп жүрсің. Облыс сахнасында Байнияз (Тілепов), Болатбек (Имашев), Қияң (Ибраев) төртеуің квартет болып, екі дауыста ән шырқағандарың да есімде. Дауыс тембрің де, дикцияң да жақсы. Мәскеуге конкурстан тыс бір-екі жерде концерт қою мәселесін келісіп отырмыз. Сол кезде өзіңе де ән айтуға мүмкіндік береміз, – деп біршама мақтап алды да, жауабымды күтті.

Еңбек демалысында жүргенмін, ойланбастан келісімімді бердім. Қабылдау соңында бөлім басшысы ерекше тапсырма ретінде конкурста орындалатын шығармаларға орыстың әдеби тілінде, әрі кеткенде 4-5 сөйлемнен аспайтын қысқа да нұсқа аннотация дайындап, бірер күннің ішінде аудандық мәдениет бөліміне әкелуді тапсырды.

Көп кешіктірмей қазақ әндері мен күйлеріне орыс тілінде жазылған түсіндірме мәтінді мәдениет бөлімі жанындағы көркемдік кеңеске әкелдім. Ол бірауыздан мақұлданды. Оркестр мүшелері мен әншілерге арнап, республикалық серіктестік қоғамының шеберханасында қымбат матадан арнаулы ұлттық киімдер тігілді. Концерт жүргізушінің костюм үлгісі өзгешелеу ұлттық нақышпен айшықталып ерекшеленді. Күн сайын тыңғылықты репетиция өткізіліп тұрды.

Бізді сахнаға халық театрының режиссёрі Әбілхан Маханов дайындады. Әбекең оқыған-тоқығаны көп, ізденімпаз, өнерге өте құштар адам болатын. Кәдімгі аралдықтардың гимніне айналған «Аралым – айдын шалқарым» әнінің авторы. Ол – сондай-ақ суырыпсалма ақындық қырымен де көзге түсіп, облыстық ақындар айтыстарында мерейі үстем болып жүрген айтыс ақыны. Ә.Маханов режиссёрлік қызмет атқара жүріп, бір-екі актілі спектакльдерден бастап, күрделі классикалық драмаларды сахнаға дайындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген жан еді.

Сахнаға кіріп-шығатын өнерпаздың жүріс-тұрысына, әр қимылына ерекше мән беретін ағамыздың ойынан шықпасаң қатты ашуланып, күйіп-пісетін. Менен орыс тілінде жазылған мәтінді жаттап алуды талап етті. Қойған талаптарының бәрін орындауға тырыстым. Бірақ Әбекеңе сахнаға шығу мәдениетім ұнамай-ақ қойды.

– Әй, жолдас Әуезов, сенің  жазған аннотацияң, мәнерлеп оқуың, дауыс тембрің бәрі жақсы. Бірақ сенің сахнаға шыққандағы жүрісің ойымнан шықпай тұр менің. Ұнамайды. Жұрт сахнаға бір-ақ рет шықса, сен 15 рет шығасың. Сені тек мәскеуліктер ғана емес, телеарна арқылы бүкіл Одақ көрермендері көреді. Сондықтан сахнаға адымыңды еркіндеу, ширақ басып, күлімдеп, жайдары қалыпта шығуың керек. Міне, былай жүру керек, – деп соғыста жараланған аяғын едәуір сылти басып, сахна төрінде бір иығы көтеріліп-басылып еркін жүріп алады. Әбекеңдей жүру қайда бізге, дегенмен ұқсап бағамыз. Мұндайда ағамыздың айтқанына көніп, айдағанына жүруден басқа амал жоқ. Ол ренжісе, басың бәлеге қалды дей бер. Назары өңменіңнен өтіп, өзіңді қоярға жер таппайсың.

Осылайша дайындық жұмысын аяқтап, тамыз айының басында «Балықшылар клубында» есепті концерт бердік.

Аудан өнерпаздарын Мәскеуге облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жарылқасын Үмбетов пен Құдайберген Жасекенов ағаларымыз бастап алып барды. Одақтың түкпір-түкпірінен келген өнерпаздарды Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің «Колос» атты мейманханасына орналастырды. Біз бір-екі күн байқауға дайындалып, астана қонақтарымен, туристерімен көрменің павильондарын, экспонаттарға толы алаңдарын аралап көріп, қызықтап, тамашаладық.

…Сонымен, міне, өнер көрсетер біздің кезегіміз де келіп жетті. М.Горький атындағы орталық демалыс паркінің ашық эстрада алаңы. Орындықтарда отырған көрермендерге қарағанда түргеліп тұрған адамдардың қарасы қалың. Көп арасынан қазақ студенттерін, туристерін, әскери қызметін өтеп жатқан солдаттарды көз шалып қалды. Алдыңғы қатардан әлем музыкасының «жілігін шағып, майын ішкен», ылғи ығай  мен сығайдан құралған Бүкілодақтық конкурстың жюри мүшелері орын алған.

Міне, біз үшін асыға күткен сын сағаты да келіп жетті. Сахнада – Қызылорда облысы Арал аудандық мәдениет үйінің Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі. Орындалатын шығарма – Құрманғазының «Сарыарқа» күйі. Заманында «Тентек күйші» атанған халық композиторының динамикалық күші жағынан теңдесі жоқ, терең мазмұнды, жігерлі де екпінді күйінің айтар ойын мәскеулік көрерменге сөз құдіреті арқылы қалай жеткізуге болады? Жанында да, қанында да күй ойнаған көшпелі қазақ деген халықтың жүрегінің соғысын, кең тынысын, болмыс-бітімін, оның елдігі мен көңілінің ұлан-байтақ даладай кеңдігін, шапқан тұлпарлар тұяғының дүрсілі мен қалың қолдың екпінін ар жағында түйсігі бар жатжұрттық тыңдаушы осы бір оптимизмге толы шығарма арқылы сезінуі керек.

«В этом произведении бунтаря степи, великого народного композитора Курмангазы Сагырбаева вы всем сердцем и душой почувствуете необычайную красоту золотой степи, услышите грохот копыт аргымаков с жаркой кровью, свист пролетающего ветра по бескрайним просторам и волшебные, неповторимые, чарующие звуки народных музыкальных инструментов домбры, кобыза и свирели. Живи и расцветай, айналаин, золотая степь моя!» деп көрермендерге шығарма табиғатының аннотациясы хабарлануы мұң екен, екпінді күй сахна төрінен Мәскеу аспанына шарықтай көтеріліп, қалықтай жөнелді. Ұзақ уақыт дамылсыз қол соғып, қошемет көрсетуден көрермендердің классикалық шығарманы барынша жылы қабылдағанын сезіндік. Концерт репертуарындағы келесі қазақ тілінде орындалатын шығармалардың да мәнін, мазмұны мен мағынасын өзге ұлт өкілдеріне осылайша жеткізуге тырыстық. Дегенмен, халық композиторы Сүгірдің «Бозінген» күйінің табиғатын, оның ырғағын, айтар ойын өзге ұлт өкілдерінің түйсігіне жететіндей етіп жеткізбесең, «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді» (Абай) олардың толық түсінбей, жай ғана қарапайым шығарма ретінде қабылдай салуы әбден мүмкін еді. Мазмұны мұңға, өкініш пен күйінішке, сарғайған сағынышқа толы шығарманың өз тыңдаушысын бей-жай қалдырмайтындай құдіретке ие екені белгілі. Күйді тыңдағанда сары даланы қақ тіліп, белден бел, қырдан қыр асып, қапияда адасып кеткен ботасын іздеп келе жатқан бейшара аруана келеді көз алдыңа. Оның қос жанарынан сағыныш тамшылары тамшылайды. Боздаған бозінгеннің көкірегіндегі өзегін өртеген шерлі зарының, қайғы-қасіретінің сарыны күйдің иірімдерінде тұнып-ақ тұр. Біз музыка құдіретімен өрнектелген қайғылы да аянышты көріністі барынша қысқа да нұсқа мәтінмен тыңдаушының жүрегіне жеткізіп, көз алдына елестетуге тырыстық.

«Идёт по степи, оглядываясь по сторонам, верблюдица несчастная. Протяжно ревёт она, издавая беспрерывно и жалобно звуки, похожие на плач. Из её глаз текут крупные, жгучие слёзы тоски и  печали. Она ищет своего пропавшего верблюжонка. Где же, ты, где, верблюжонок мой?…» деп күй мазмұнына осылайша түсінік берілді. Дирижёр пультінде тұрған Сайлау Тілеповтің сиқырлы таяқшасының екпінімен оркестрдің негізін құрайтын қос ішекті домбыраның қоңыр дауысы, қыл ішекті қобыздың зарлы сарыны мен сыбызғының сызылтқан азалы үні еуропалық музыкалық аспаптармен өзара жағымды үндестік тауып, тылсымға толы, сырлы үн шығарып, зарлап қоя берді. Сүгір бабамыздың зар еңіреп, безек қаққан шерлі «Бозінген» күйінің түйінді ойын көпұлтты көрермендерге аралдық өнерпаздар осылай жеткізді.

Құрамында профессорлар мен өнер зерттеушілері бар қазылар алқасы концерт қорытындысын шығарып, ұжымның орындаушылық шеберлігіне ризашылықтарын білдіріп, кейбір кемшіліктерін түзетуге ақыл-кеңес берді. Сонымен бірге халық, қазақ-совет композиторларының бірнеше шығармасын, аралдық композитор Мұрат Сыдықовтың СССР Халық артисі Роза Бағлановаға арнаған «Сыр гүлі» атты лирикалық әнін Бүкілодақтық радио комитеті жазып алып, эфир арқылы бүкіл Одаққа таратты. Келесі күні Қазақстан Республикасы павильонына таяу орналасқан ашық эстрада алаңында көрме қонақтарына арнап концерт қойдық. Концертте №177 орта мектепте музыка пәнінен сабақ беретін әріптесім Әскербек Есжановтың баянда сүйемелдеуімен қарақалпақтың «О, Мария, Мария!» атты әзіл әнін орындадым.

Жалпы айтқанда, оркестр бұл сапардан үлкен абыроймен оралды. Бүкілодақтық байқау-конкурстың екінші дәрежелі дипломымен наградталды. Оркестрдің әншілері Мықтыбай Қызылбаев, Қойсын Қуантаева, Мақашбай Алмағанбетов қола, ал дирижёр Сайлау Тілепов күміс медальмен марапатталып, мерейі өсті. Жоғары деңгейдегі музыка мамандары Сайлау Тілеповтің  дирижерлік таланты мен қабілетін жоғары бағалап, оған Мәскеудегі консерваторияға түсуге ұсыныс жасады.

Аралдықтардың байқау-конкурстағы жетістіктері туралы аудандық, облыстық, республикалық газеттер бетінде сұхбат, мақалалар жарияланып жатты. Мемлекеттік орталық концерт залының режиссёрі В.Беляков «Москвалықтар қошеметі» (15 август 1974 ж. «Ленин жолы») атты мақаласында: «Көрмеде СССР Мәдениет министрлігіне қарасты аудандық, қалалық ұлт-аспаптар оркестрі мен хор ұжымдарының қатысуымен екі ай ішінде РСФСР-дың, Украинаның, Белоруссияның, Қазақстанның, Өзбекстанның, Грузияның… 22 коллективі өнер көрсетті. Солардың бірі – Арал аудандық Мәдениет үйінің Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі. Аралдық өнерпаздар қызықты, тартымды репертуарымен келіпті. Жеке орындаушылардың ішінен қобызшы У.Тілеулиева, домбырашылар Қ.Қызылбаев, Б.Тілепов, әншілер З.Әлімбетова, М.Алмағанбетов, Қ.Қуантаева, Ж.Әбішев ерекше көрінді. Аралдықтардың өнері байқаудың барлық талабына жауап берді ғой деп ойлаймын. Олардың әндері мен күйлерін Бүкілодақтық радио мен телевизия таспаға жазып алды. Қорыта айтқанда, аралдықтардың жүзден жүйрік шығып Мәскеуде өнер көрсетуі қуанарлық та мақтанарлық іс» деп жазды.

Иә, негізі өткен ғасырдың сонау елуінші жылдардың ортасында қаланған, 1967 жылы «Халық оркестрі» құрметті атағына ие болған облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанған, абырой-беделі өңірге ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі өнер ұжымы осылайша ауданымыздың мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатты.

Әнес Әуезов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<