Қазақстандық фильм «Оскарға» ұсынылды

1111

0

Қазақстандық «Ұлы дала зары» фильмі жылдың басты киножүлдесіне – голливудтық «Оскарға» ұсынылды, – деп хабарлайды Egemen.kz

Картина «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша конкурстың лонг-листіне (үміткерлердің ұзақ тізіміне) түсті. Фильмді еліміздің Кинематографистер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті таңдады. Қазылар алқасының құрамына кино өнерінің белгілі қайраткерлері кіреді: Асанәлі Әшімов, Олег Борецкий, Фархат Әбдірайымов, Фархад Шәріпов, Арман Асенов, Сатыбалды Нарымбетов және Қанат Төребай.Фильм продюсері Ернар Мәліковтың айтуынша, биыл Қазақстаннан бірден бірнеше картина америкалық «Оскар» киножүлдесінде елді таныстыруға үміткер болған. «Ұлы дала зарына» қазылар алқасының жеті мүшесінен төртеуі дауыс берген, екеуі қарсы болған, біреуі қалыс қалған.

«Ұлы дала зары» көркем фильмі Қазақстанның байырғы тұрғындары бастан кешкен нақты тарихи оқиғаларға негізделген. Картинада 1920-30 жылдардағы ашаршылық туралы баяндалады, ол кезде 8,5 миллионға жуық адам, яғни халқының 70 пайызы аштықтан қырылып қалған еді. 1,5 миллионнан аса адам Отанын тастап, басқа елдерге қашуға мәжбүр болған.

«Біздің фильм бес жыл бойы түсірілді. Оның себі – қаржыландырудың жоқтығынан. Бізге түсірілімге және постпродакшенге ақша жетпеді. Қолдауды ұзақ күттік, тіпті уәде бергендер болды. Бірақ соңында бір тиын да алмадық, сондықтан жобаға барымды салуға тура келді. Осы уақыт аралығында мен барлық мүлікімді саттым, қарыз алдым, пәтерімді кепілге бердім. Алайда осындай фильм түсіруге деген тілегім мен құлшынысым маған жарты жолда тоқтап қалмауға көмектесті. Бұл біздің қатыгез заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың алдындағы азаматтық парызымыз», – деді Ернар Мәліков.

Бұдан бұрын «Ұлы дала зары» фильмі «Алтын глобус» сыйлығының лонг-листіне енгені белгілі болған. Картина «Шет тіліндегі ең жақсы фильм» санатындағы сыйлық үшін күреседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<