Қобызшы Алтынай

1586

0

Қорқыт баба есімімен байланысты қобыз аспабының қазақ үшін алар орны ерекше. Бір кездері жойылып барып, қайта жанданған ұлттық аспаптың дәріптелуіне атсалысып жүрген өнерпаздар аз емес. Алтынай Берденова солардың қатарында. Қоңыр үннен шабыт алып жүрген өнерпаз облыстық филармонияның «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінде прима-қобызшы болып қызмет атқарады. Айтуынша, өнерге деген қызығушылық мектеп қабырғасында жүргенде басталған. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Қазанғап атындағы музыкалық колледждің халық аспаптар бөліміне оқуға түсіп, прима-қобызшы мамандығын игеріп шыққан.

– Шынымды айтсам, колледжге домбыра тобына құжат тапсыруға барғанмын. Бірақ ұстазым Салтанат Пұсырманова саусағымның ұзын екенін көріп, қобыз тобына баруыма кеңес берді. Бірақ бұрын-соңды естіп көрмеген аспапты қалай меңгеремін деген қорқыныш болды. Дейтұрғанмен, намысқа тырысып, прима-қобыз аспабын шертуді үйрендім. Қазіргі таңда сенімді серігіме айналды, – дейді ол.

Прима қобыз – заманның талабына сай оркестрге лайықталып жасалған аспап. Оны белгілі музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов алғаш ұлт аспаптар оркестрін құрған кезде, скрипка сынды жоғары дыбысты аспап қажет болғандықтан ойлап шығарған. Оның ішегі қылдан емес, сымнан жасалады.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз өзі қолданатын прима-қобыз туралы айтып берді. Осыдан он шақты жыл бұрын ұстазының көмегімен прима-қобыз жасайтын шебер Александр Першиннің тамаша туындысына қол жеткізген.

– Иә, бұл аспаптың мен үшін орны бөлек. Қанша жыл өтсе де өз құндылығын жойған емес. Қазіргі таңда сан түрлі аспап жасайтындар көп. Бірақ саны бар, сапасы жоқ болған соң бір жылға жетпей жарамсыз болып қалады. Қазір өзім қолданатын прима-қобызбен өнер көрсетіп жүргеніме он жылға жуықтады. Әлі күнге дейін жап-жаңа секілді, – деді ол.

Қазаққа ғана емес, бүкіл түркі жұртына қасиетті болып саналған қобыз аспабына кеңестік кезеңде бақсының дүниесі деп қарағаны шындық. Соған байланысты қасиетті аспаптың бүгінге дейін түрліше болып өзгергені тарихтан белгілі. Кейіпкерімізді осындай тарихы бай, көненің көзі болып саналатын аспапта еркін ойнауына ұстаздары Сәуле Жақыпова мен Айнұр Тілеулиева ықпал еткен. Өз ісінің нағыз мамандарынан білім алған қобызшы жанына серік еткен аспапты бір сәтке де тастаған емес.

– Мен ұстаздарымның арқасында қасиетті қобыздың қыр-сырын меңгеріп, халықтың алдына шығып өнер көрсетуді, шығармашылық образға енуді үйрендім, – дейді ол.

Колледж қабырғасында 4-курс оқып жүрген кезінде Сыр өңіріне белгілі күйші Абылайхан Ысқақов облыстық филармония жанынан ашылған «Ақмешіт» фольклорлық ансамбліне жұмысқа шақырған. Осылайша студент болып жүріп, ансамбль құрамына прима-қобызшы ретінде қабылданып, тәжірибе жинақтаған. Бүгінде ол филармония ұжымымен бірге түрлі сахнада өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, гастрольдік сапармен шетелге шығып, төл аспаптың үнімен әлем жұртшылығын таңғалдырып келеді. Шетел сахнасында қазақтың халық әндерін орындау үлкен жетістік екенін айтады.

Алтынай – республикалық деңгейдегі түрлі байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде өнерпаздың қоржынында бірнеше туынды бар. Ол көбіне Қорқыт атаның күйлерін, Н.Тілендиевтің шығармаларын орындайды. Сондай-ақ, домбырашы Алмаз Әлжановпен бірге дуэт құрып, түрлі мерекелік концерттерде ән шырқайды. Жақын арада филармонияның 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жеке шығармашылық кеш өткізіп, көрермен көзайымына айналды. Онан бөлек, өзі секілді қобызды жетік меңгергісі келетін жастарға көмектесіп, өнер жолына қадам басуға ықпал етеді. Бүгінде оның шәкірттері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

«Қобыз – адамзаттың аспабы. Ол халықтың төл мұрасы болғандықтан мәңгі жасайды». Кейіпкеріміз сөз соңында осындай пікірін білдірді. Расында, қасиетті аспапты қадірлеп, өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген дәстүрлі өнердің шынайы жанашырлары барда халықтың қазыналы мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<