Бабалардың үнін бүгінгі ұрпақпен жалғаған домбыраны шертпейтін қазақ бұрын болмаған. Әр шаңырақтың төрінде ілулі тұратын аспапты өз дәрежесінде ойнау үшін туабітті қабілетпен бірге арнайы білім керек. Мағжан Абдулла есімді кейіпкеріміз ұлттық аспапты ойнауға үш жасынан қызығушылық білдірген.
Әжесі немересінің бойындағы ерекше қабілетті аңғарып, кішкентай домбыра сатып әкелген екен. Ойыншық домбырасын дыңғырлатқанына мәз болған Мағжанды ата-анасы арнайы домбыра үйірмесіне білім алуға береді.
– Өзімнің бала кездегі орындалмай қалған арманым домбыра тарту еді. Ұлым Мағжанның өнерге деген қабілеті кішкентайында байқалды. Үйде әжесінің домбыра шертіп, арасында ән айтатыны бар. Мамандығы басқа салада болса да, өнерге біртабан жақын. Анамның жанында жүріп, бірге домбыра шертетін. Сондықтан көп ойланбай Мағжанды жеті жасқа толғанда қаламыздағы М.Қалауов атындағы өнер мектебіне бердік. Үйірмені үздік аяқтап шықты. Алдағы уақытта да баламыздың өнерден алыстағанын қаламаймыз. Қазір басқа да аспаптарда ойнауды қолға алуда, – дейді әкесі Руслан Бейбітов.
Өнер мектебінінің 5-сынып оқушысы Мағжан 2018 жылы «Жеті өнер» II Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсында 3-дәрежелі лауреат, V республикалық «Ақжелкен» өнер-білім байқауында 2-орынды иеленген. Ал 2019 жылы «Қазақстан үміті» республикалық жас өнерпаздар байқауында «Аспапта орындаушылық» өнер домбыра номинациясында 1-дәрежелі дипломмен марапатталған. Мұнан өзге «Қазақстан таланттары», «Дала сазы» республикалық жарыстарда бас жүлде, бірінші орынды ешкімге бермеді. Халықаралық өнер сайыстарында да жүлдесіз қалмады. Өткен жылы «Жарық жұлдыз» атты халықаралық өнер бәйгесінде «Аспапта ойнау» жанрында 2-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Талантты бозбала небәрі 13 жаста. Қос ішекті күмбірлеткенді жаны сүйетін жас өрен, әсіресе, Құрманғазының күйлерін орындағанды жақсы көреді. «Мен «Балбырауын» күйін орындағанда ерекше шабыттанамын. Домбыра маған рухани күш береді» деген өнерпаздың отты көздерінен ұлтын шексіз сүйетін ұрпақты көрдік.
Оның үлкен сахна төрінен көрінуіне жетекшісі Жеңіскүл Сейтқасымованың сіңірген еңбегі орасан.
– Болашағынан көп үміт күтетін оқушым Мағжанды әрқашан мақтан етемін. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демей ме? Таланты бар осындай оқушылармен жұмыс істеу өте оңай. Ұлтымыздың қасиетті домбырасын шертіп, оның қоңыр үнін естіп өскен ұрпақтың еліне, туған жеріне деген құрметі бөлек болмақ, – дейді үйірме жетекшісі.
Иә, Мағжандай талантты ұрпағымыз барда, домбыраның үні өшпейді!
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<