Қоссаз – баба домбыра

3129

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейі тағы бір жәдігермен толықты. Ол көне музыкалық аспап – қоссаз домбыра.

«Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» атты жоба бойынша Мәскеу қаласының ғылыми мекемелеріне ұйымдастырылған іссапарда Шығыс музейінің қорында сақтаулы Жетіасар ескерткіштерінен табылған 700-ге жуық ағаш бұйымының фрагменттері қайта қаралып, зерттелді. Нәтижесінде 1973 жылы Бидайық асар қалашығынан табылған ағаш бұйым қосмойынды немесе қоссаз домбыра екені анықталған.

Оны 1973 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық экспедициясы тапқан болатын. Десе де, Ресей археологтары бөлшектеліп табылған домбыраны музыкалық аспап ретінде қарастырмаған көрінеді. Осы іссапарға барған белгілі археолог, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті археология және этнография орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев ағаш фрагменттерін біріктіріп, домбыраның қаңқасын шығарды. Оның көшірмесі бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология залында тұр. Музей директоры Сапар Көзейбаевтың қолдауымен шебер ұста Бекзат Жақыпов қоссаздың көшірмесін жасаған. Ғалым мен шебердің бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде құнды жәдігердің екінші ғұмыры басталды.

Қосмойынды немесе қоссаз домбыра – әлемдегі ең көне аспаптардың бірі. Ол – қосмойынды, төрт құлақты, бір шанақты. Құлағын бұрауына қарай қос мойыннан қос саз әуелейді. Шанағында аң стилінде ойылған бейнелер бар.

Кезінде Моңғолиядан табылған шекті аспап біздің заманымыздағы VII ғасырға жатқызылып, ата домбыра аталып кетсе, Сыр еліндегі қосмойынды аспап тарихы одан үш ғасырдай ерте екенін ескерген археологтар  оны баба домбыра деуге толық негіз бар дейді. Бұл туралы Әзілхан Тәжекеевтің жазған ғылыми мақаласына норвегиялық ғалымдар да қызығушылық танытып, өз зерттеулеріне қосқан.

– Бұл жайлы 2019 жылы «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар» атты ғылыми жинақта жан-жақты жарық көрді. Осы мақаланы оқыған норвегиялық доктор, ежелгі музыкалық аспаптарды зерттеуші-археолог Гьермунн Колльтвейт хабарласты. Қазақ тіліндегі мақаламды ағылшын тіліне аударып, соны өз зерттеулерінде пайдалану үшін рұқсат сұрады. Екеуміз онлайн ұзақ талқыладық. Еуропада кең тараған ежелгі лира музыкалық аспабына біздің қоссаз домбыраның қатты ұқсайтыны таңқалдырды. Гьермунн Колльтвейт 15 желтоқсан күні «Scientific journal»-да: «Жібек жолы бойындағы технологиялардың трансфері: бұл ежелгі лира жаһандық болды» атты мақаласын жариялады. Ғалым «Қазақстан аумағынан табылған 1000 жылдан астам тарихы бар ішекті аспап Ұлыбританиядағы Саттон-Ху жерлеу ескерткішінен табылған аспаппен бірдей» дейді. Артынша Израильдің «Haarets» газеті «Саттон-Ху көне лирасы 4000 шақырым қашықтықта Қазақстанда бірнеше ғасыр бұрын болған сияқты» атты мақала жариялады. Онда «алдымен кеме бөлшектері, содан кейін арфа деп қателескен Саттон-Ху кемесінің жерлеуіндегі лира аспаптың Азияда дамыған болуы мүмкін» деп жазды. Ал Англияның «Mail.online» газетінде «Қазақстанда табылған 800 жылдық лира Англиядағы ерте ортағасырлық әйгілі кеме қорымында табылған түрге сәйкес келетіндігі» айтылған. Англияда орналасқан ерте ортағасырлық (б.з. 6-7 ғғ.) Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лирадан біздің қоссаз домбыра (б.з. 3-4 ғғ.) бірнеше жүз жылға ескі. Әрине, алдағы зерттеу жұмыстары бұл тарихтың сырын ашады. Жәдігерлер біздің ел мен Еуропа арасында байланыс болғанын дәлелдейтін деректердің бірі деуге болады, – дейді ғалым.

Мұндай көне жәдігерлер алдағы уақытта көбеюі мүмкін. Өйткені Ресейдің ғылыми орталықтары мен мұражайларында кеңінен зерттеуді қажет ететін 700-ге жуық ағаш бұйым бөлшектері бар. Бұл бағыттағы зерттеулер әлі де жалғаса бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<