Қыз қызғалдақ – ән ғұмыр

1235

0

Кеше ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚР еңбек сіңірген артисі, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, республикаға белгілі әнші Күлән Қалымбетованың шығармашылығына арналған облыстық әншілер байқауы өтті.

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіндегі Қазалы ауданы әкімдігімен бірлескен шарада өнер адамының тағылымға толы өмір жолы мен шығармашылығы жайлы бейнеролик көрсетіліп, байқау жеңімпаздары марапатталды.

Сыр бойындағы қасиетті өнердің туын жықпай келе жатқан Күлән Жантемірқызы 45 жылдан бері әсем әнімен халық ықыласына бөленген.

– Қазалының қазіргі Бекарыстан би ауылында туып-өстім. Азаматтар менің шығармашылығыма арналған байқау ұйымдастырып, соның қорытындысын жариялауға жиналып отырмыз. Барлық қолдаушыларға алғысым шексіз. Бұл – маған ғана емес, өнерге деген құрмет. Конкурс нәтижесінде ізімнен ерген өнерпаздардың, кейінгі буынның талпынысы қуантып отыр, – деді әнші К.Қалымбетова.

Кеш барысында Қазалы ауданы әкімі М.Оразбаевтың арнайы алғысын аудан басшысының орынбасары К.Назымбеков жеткізді. Сондай-ақ Бекарыстан би ауылының әкімі Қ.Құрманбаев пен ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Қ.Бекжанова туған жердің ыстық сәлемін айтып, құттықтау сөз сөйледі.

Өнер бәйгесіне 20 талапкер қатысқан. Байқауда 8 әнші жүлделі орынға ие болды. Бас жүлде Қазалы ауданынан келген Айнұр Қарлыбайға берілсе, бірінші орынды Арал қаласынан келген Назерке Сәрсенбаева алды. Ал екінші жүлдеге қос қызылордалық Арайлым Қуаныш пен Сымбат Шәймерден лайық деп танылды. Өнер додасының үшінші орны үш өнерпазға берілді. Олар – Қармақшы ауданынан келген Наргиза Ерланқызы, Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылының әншісі Арайлым Сақытбай және шиелілік Меруерт Дүйсебай. Өзіндік орындаушылық қабілетімен көзге түскен сырдариялық Ақзираш Сүлейменоваға арнайы жүлде табысталды.

Е.Бекмырзаұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<