Рухани қазына — ұлт мұрасы

1603

0

Сыр елінің рухани қазынасын толықтыру мақсатында Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ілкімді істерді атқарып келеді.

2019 жылы аймағымызда «Жыр мұра» жобасы іске асырылды. Жоба аясында Сыр елінің бренді жыраулық дәстүрге ерекше екпін берілді. Жеті аудан мен Қызылорда қаласын қамтыған жобаның негізгі мақсаты өңіріміздегі жыраулық мектептердің жұмысын жандандыра отырып, шәкірттердің көп айтылмай кеткен мақам-сазды игеруіне, ескі де есті жырларды жыр қорына қосуына ықпал ете отырып, барлық ауданнан жыр үйірмелерін ашу болатын.

Бұл тұрғыдан келгенде жоба мақсатына жетті деп, ойлаймын. Сонымен қатар, жоба аясында ел ішінде сақталып, бұрын-соңды жарияланбаған фольклорлық дүниелерді жинақтау және оларды мәдени айналымға ендіру де көзделген.

Осы ойды жүзеге асыру үшін, арнайы экспедициялық топ ұйымдастырылып, сол 2019 жылы аймағымызға қарасты барлық елді-мекендерді аралап, ел ішінде сақталған жырға, ескі әңгімелер мен аңыз-әпсанаға қатысты қолжазбалар мен жәдігер дүниелер жинақталды. Нәтижесінде бұрынғы жыраулар мен жыршылар орындаған, қазіргі кезде қолданыстан шығуға айналған он бес мақам мен ескі «Шәкір-Шәкірат» жырының тағы да басқа терме- толғаулар нұсқасы алынды. Бұл, ұлттық құндылықтарымызға жасалып жатқан үлкен қамқорлық деп, түсінуіміз керек. Сыр елінің жыраулық үрдісі ықылым замандардан келе жатқан ескі жол. Ол жолдың басында VIII-IX ғасырларда өмір сүрген, ұлы даланың ұлы тұлғасы, Оғыздың ұзаны Қорқыт бабамыз тұрады.​ 2017 жылы Сыр өңірінің мәдени бренді – Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның ХІІІ сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық мәдени мұралар тізіміне енгізілді.


Аталған игілікті іс Шығыс Африкадағы Маврикий Республикасында 217 мемлекет қатысқан шара барысында жүзеге асты. Міне, осы ұлы тұлғадан қалған қобызға арналған​ он бір күйдің тағдыры, оны алғаш 1975 жылы шілде айында​ белгілі радиожурналист, марқұм Ақат Жанаев таспаға жазып қалдырған Нышан Шәменұлы нұсқасын тауып, өңіріміздегі қобыз үйірмесіндегі шәкірттерге үйрету мақсатында Алматы қаласындағы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтына барып, осы институттың қорында сақталған жәдігер таспаның көшірмесін алу үшін,​ Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының директоры Жанат Ашанқызы бастаған топ 2021 жылғы ақпан айында барып қайттық.

Барғаннан кейін институт директоры ф. ғ. д. Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлының қабылдауында болып, әріптестік байланыс орнатуға қол жеткіздік. Осы әріптестік негізінде сыр бойының фольклорына қатысты көптеген дүниелермен танысуға, көшірмелерін алуға мүмкіндік туды. Осы сапарымызда ең үлкен олжа осы кезге дейін қолға түсуі қиын болған Нышан Шәменұлының орындауындағы Қорқыт ата сарындары болды. Екі жақты келісім негізінде осы таспа да қолымызға тиіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай күйге түстік.

Сонымен қатар​ биыл,туғанына​ 150 жыл толғалы отырған Кете Жүсіптің бірқатар шығармалары, Қаңлы Жүсіптің және Қайролла жырау орындаған «Қырық қыз» эпосы мен «Шәкір-Шәкірат» жырының тағы бір нұсқасының көшірмесі алынды.

Біздің өнерімізге қатысты құны өлшеусіз дүниелердің қолымызға тиюіне көмектерін аямаған осы ұлт руханиятының алтын қазынасы, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының музыка бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Қазтуғанова Айнұр ханымға, кіші ғылыми қызметкер Акымжанов Бақтиярға Сыр елі мәдениет саласы атынан алғыс білдіреміз.​ Ел Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Ұлттық болмысты қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес, рухани жаңғыруды көздеген мәдениет саласының бұл жұмысы келешектің қамы үшін жасалып жатқан үлкен шаруа.

Рухани құндылықтарымызды шашау шығармай, жинақтап, ұлтымыздың игілігіне пайдалана алсақ ұтыларымыз жоқ екені анық.


Осы сапарымызға өңіріміздегі өнерге жанашыр, облыстық мәслихат депутаттары Аманжол Сақыпұлы мен Бақдаулет Мақашовтар қолдау білдіріп, қаржылай демеушілік жасады. Өнерге жасалған әрбір көмектің болашақ ұрпақтың рухани санасына салынып жатқан инвестиция деп түсінетін қалаулыларға абырой тілеп, ұлттың жоғын түгендеуге атсалысып,​ рухани бүтіндікті жан-жүрегімен сезіне білген азаматтарға үлкен алғысымызды білдіреміз.

Ендігі мәселе қолда бар дүниелерді ұлттық өнерді мұрат тұтқан шәкірттер арқылы ел жадында жаңғырту. Әр аудандағы осы киелі өнерді үйреніп жатқан біздің болашақтарымыздың жыр қорларына кіргізіп, қағылған масатыдай құлпыртып тыңдаушының назарына ұсынуды қолға аламыз.

Орталық директоры өнердің өріс алып, өркен жаюы үшін, барлық жағдайды жасайтын, қолынан іс келетін кәнігі маман екені белгілі. Өнер халық қазынасы десек, өнердің өрістеуі үшін осындай жанкешті жандар керек. Халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталық өңіріміздегі мәдени қызметтердің үйлестірушісі, әрі мәдени-көпшілік шаралардың қозғаушы күші.

Ұлттық өнердің ұлт санасында мызғымай орын алуы үшін, алдағы уақытта да дәстүр мен салтқа жұмыс жасайтын көптеген жобалар қолға алынып, тарихы тым терең мәдениетіміз мансұқтала бермек.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

Орталық қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<