Сахна жауһарының жарығы

1282

0

Қызылорда облыстық филармониясы тұңғыш рет өз артистерінің күшімен операны сахналады. ­Көрерменге Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай»  операсының тұсаукесері тарту етілді.

Абай өмір сүрген заман мен ақынның халық үшін істеген азаматтық, адамгершілік қызметтерін сипаттайтын операдағы оқиға желісі ХІХ ғасыр­дағы қазақ жастары, жас ақын Айдар мен Ажардың трагедиясын суреттеп, әртүрлі адамдар арасындағы көзқарас тартысы түрінде өрбиді.

Бір-бірін ұнатқан ғашықтар ел ішіндегі кейбір кертартпа кісілердің пәрменімен қуғынға түседі. Олар жүрек қалауымен бас қоспақ болған жастарды ат құйрығына байлап жазаламақ болады. Осы тұста сахнадан «мыңмен жалғыз алысқан» ақын бейнесі қанық көрінеді. Абай жастарға араша сұрап, қан төкпеуге шақырғаны үшін ­жуанқарындарға жақпайды.

Абай рөлінде ойнаған Айдос Иманжаппаров дәл осы сәтінде кәсіби талантын анық аңғартады.

Ал, оқиғаға оралсақ, Абайдың сөзін сөйлеушілерден сескенген олар билер сотына жүгінуден басқа амал таппайды. Осылай шиеленіскен жайт Сырттан бидің шешімінен соң жайлы күйге түсіп, жастардың тойы өтеді. Өз айтқандары болмаған Жиренше мен Нарымбет жас талантты ақын Айдарды өлтіруге бел буады. Олар бір қарағанда халықтың мүддесін қорғау­шылар сияқты көрінгенімен, өз пайдаларын көздеу­шілер еді. Осы қастандықтың салдарынан Айдар қыршын кетеді. Кең даланы кернеген Ажардың жоқтауы халық қайғысын қоздатады. Анығырақ айтқанда, театр ғимаратын тербеткен Ажар рөліндегі Гүлназ Нағашыбайдың ашық үні көрерменнің көңіл кірін шайып, қиялын алысқа шақырады. Көз алдымызда ескі заманның ерен оқиғасы көлбеңдейді.

Бұл –  әрине, артистердің шеберлігі. Айдар рөліндегі көрер­менге жақсы таныс өнерпаз Мақсат Мақұлбеков те өз рөлін өте нанымды жеткізе алды.  Басты рөлді сомдағандардың үшеуі де – халықаралық байқау­лардың лауреаттары, талантты артистер.

Операға оның қоюшы режиссері Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі солисі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Қайрат Құлыншақов пен Шымкент опера және балет ­театрынан қосымша 15 музыкант шақырылды. Олардан басқа сахнагерлердің бәрі де облыстық филармония артис­тері болды. Опера – бір үлкен өнердің топтастырылған күрделі жанры. Ол – музыка ғана емес, бүтін театр, яғни, біртұтас трагедиялық опера. Бұрын бұл жанрмен жете айналыспаған біздің филармония артистері операны тамаша орындап шықты.

Негізгі рөлдерді – «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейітова және республикалық байқаулардың лау­реаттары – Ақылбек Табынбаев, Жалын  Жүсіпов, Айбек Хайрулла, Нұрсұлтан Әнуарбеков, Нұртілеу Өтегенов орындап шықты. Көпшілік сахнада «Томирис» би ансамблі, «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы, филармония артистері, Қазанғап атындағы музыкалық колледждің аралас хор ұжымы, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының актерлары өнер көрсетті.

Қойылымды ­«Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері Кеу­лімжай Ботабаев дирижерлық ететін облыстық филармонияның камералық оркестрі сүйемелдеді.

Осындай тамаша операны талай талғампаз көрермен көзінен өткізе алмады. Елде енгізілген карантин талаптарына орай олардың сахна жауһарын «Qyzylorda» телеарнасы мен Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» арнасы арқылы тамашалай алатынын еске саламыз.

Талғат МАҚАШЕВ,

облыстық филармонияның директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<