Семейден – Сыр еліне

581

0

Семейден – Сыр еліне Кеше С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ұлы Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіндегі экспонаттар қойылған “Абай – дана, Абай дара қазақта” атты көрме ашылды. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, “Болашақ” университетінің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Бақберген Досманбетов, мәдениет саласының қызметкерлері мен студенттер қатысты.

Жәдігерлер қатарын­да ақын­­­ның өмірі мен шығар­ма­шы­лығына қатысты тарихи құ­жат­тар мен архивтік дерек­тер, құнды қол­жазбалар, тұр­мыста қол­дан­ған заттары, кі­тап­­тары мен фотосуреттері бар.

– Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр өңірі ұрпаққа мұра болар құндылыққа бай. Ұлы ақынның мерейтойына ел болып атсалысып жатырмыз. Бүгінгі көрмемен танысып шықтым, Абай дәуірінен бастау алып Абайдың асқақ арманымен ұштасады. Ақын­ның шығармашылығын зерделеп, философиясына терең мән беруіміз керек. Бұл арқылы біз жас ұрпақты қайнар бұлақпен сусындатып, рухани мұрамызды бойына сіңіріп, елжанды етіп тәрбиелей аламыз. Сондықтан әлем мойындаған ойшылдың ең­­бек­тері ұрпақ тәрбиесінде маңыз­ды рөл атқарады. Абай тұлғасы қазақтың асқақтығын көрсетті. Хакім мұрасын наси­хаттау – әр қазақтың міндеті. Бізге арнайылап келіп, көрме ұйым­дастырған азамат­тарға алғысымыз зор, – деді Н.Байқадамов көрменің ашылу салтанатында.

Екі бөлімнен тұратын көрмеде қазақ даласындағы медреселер тарихына қатысты материалдар да бар. Оның ішінде Абай оқыған Семейдегі Ахмет Риза медресесі жайлы, ондағы кітаптар көрерменді қызықтыра түсті. Этнографиялық бұйымдар да өз орнына орныққан.

– Мұндағы еңбектердің ішінде Тайыр Жароков пен Мұхтар Әуезовтің еңбегі мен латын гра­фикасындағы Абай жайлы кітап­ты ерекше айтар едім. Алдыңғы шық­қан кітаптардағы кейбір қате­ліктер мұнда түзетіліп, нақ­ты ақпарат беріледі. Сонымен қатар, мұнда Абай әулетінің шежіресін жасадық. Қазақтың әр баласы қызығушылық туды­ра­тынына сенемін. Бізде негізі қыз балаларды шежіреге қос­пайды. Десе де, Абайдың ұл балалардың ұрпағы тоқтап тұр. Сондықтан қыз балаларды да қосып, осындай үлкен тізбе жаса­дық. Мына жердегі Абай портреті – семейлік суретші Нұрлан Өтебаевтың туындысы. Мұнда байқасаңыз, ақынның сақалы ықшамды, бет пішіні шынайы. Кейін­гілермен салыс­тырғанда сәтті шыққан сурет екені даусыз. Абай мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса береді. Ақын шығармашылығының өмір­шеңдігі оның мәңгілік елмен бірге жасай беретінін көрсетеді, – дейді Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мем­лекеттік тарихи-мәдени және әде­би-мемориалдық қорық-музейі­нің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбаев.

Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы ұлы құбылыс. Оның қара сөздері мен өлеңдері әлі де өзектілігін жойған жоқ. Өз философиясында адамзат баласын зерттеп, қазақ халқын асқар шыңдарға жетелеген ақын қазақты қараңғылықтан жарыққа жетелеген шырағдан екені дау­сыз. Көрме 1 наурызға дейін жалғасады.

Дәулет Қырдан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<