Серік Жақсығұлов жырау: «Әр өңірдің өзіне тән өнер сабақтастығы болады»

1624

0

– Серік аға, «Жырдария» атты жыр кешіңіздің сәтті өтуімен құттықтаймын. Әсеріңізді бөліссеңіз…

– Рахмет! Өздеріңіз білесіздер, Сыр өңірі қашаннан да өнерге оң көзқараста. Өнер мерейі тасып бір белеске көтерілген кеш болды. Әр шығарма орындаған сайын халықтың қолпаштауы, алғаусыз көңілі үлкен шабыт сыйлады.  Жыр жәрмеңкесінде сыр сүлейлері Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Махамбет Өтемісұлының толғаулары мен «Көрұғлы» дастаны сияқты көлемді шығармаларға тоқталдық. Аямызды тарылтпадық. Тиісінше алдағы жоспарларға із салдық деп ойлаймын.

– Жыр кешіңізді өткізу идеясы қайдан келді?

– Идеяның өзі халықтың сұранысынан туады. «Халық  қаласа, хан түйесін сояды» деген ұғым бар. Біз қашанда халықтың қызметіндеміз. Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Жомартқызы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры басшысы Мұхтар Мәуленұлы бастаған ұжым шараның жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді. Негізгі мақсат – жыраулық өнерге келген уақыттан бергі тәжірибемен бөлісу. Өнер адамында адымдап келіп, қадамдап шабатын уақыты болады. Профессор Алмас Алматов ағамыздың сөзі бар «Кезеңі келмей, кезегі келмес» деген. Бұл сондай бір сәті келген кеш болды деп есептеймін.

– Орындаушылық шеберлігіңізде өзгешелік бар. Десе де бұл шыңы емес шығар…

– Бұл – көп жылғы ізденіспен келген нәтиже. Үлкен жырауларды көп тыңдадық. Әрбір жыраудың мақам, саз, ән шақыру, жырлау, мәнерлеп орындау сипаттамасын меңгеруге талпындық. Қадау-қадау жүйріктердің ішінде қадап айтарымыз, Рүстембек жырау, Мұзарап жырау, Жаппар Тұңғышбаев, Шамшат Төлепова, Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов сияқты таңбалы жыраулардың жыр қорынан сусындап өстік. Соларға еліктеп, мақам-саздарын үйрендік. Орындаушылық шеберліктің шыңы әлі алда. Өзімді қай кезде де күрделі мақамдар орындап, жетілдіріп отырамын. Әрбір мақамның мәйегіне жетуге, әр дыбыстық жүйеге мән беруге, оның қайырымын орын-орынына түсуіне жұмыс жасадық. Соның нәтижесі міне осы. 

– Жалпы жыраулық өнер қай кезеңнен бастау алады?

– Әр өңірдің өзіне тән өнер сабақтастығы болады. Біздің өңірдегі жыраулық өнер бастау бұлағын Сыр анадан, Қорқыт бабадан алып жатыр десем артық айтқандық емес. Бұл өнер біздің қанымызда бар. Кешегі Күлтегін, Тоныкөк дәуірлері, бертінде Ешнияз сал, Жиенбай жырау, Тасберген жыраулардан қалған мұра. Біз жыраулық өнерді сонау күретамыры үзілмеген кезеңнен бастадық. Бүгінде атамұра өнер жалғасын тауып, жаңғырып жатқаны көңіл құсын көкке шарлатады.

– Домбыраны алғаш неше жасыңызда қолға алдыңыз? Кім себепші болды?

– Алғаш домбыраны алты жасымда қолға алдым. Өнерге келуімізге ата-анадан алған тәрбиемізбен қатар өскен ортамыздың әсері болды. Әкем Орынбек Шәріпұлы, анам  Тұрды Құдайбергенқызы көп септігін тигізді. Кешегі Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Шамшат Төлепова секілді жампоз жырауларды тыңдай жүріп, туысқандық қатынастарымен де араласқан. Әкем бозбала күнімде белгілі жырау Алмас Алматовқа өз қолымен апарып, табыстағаны күні кешегідей көз алдымда. Содан бері жыраулық-жыршылық әлеміне өз қосымызды тігіп, өнер өлкесіне қадам бастық.

– Шәкірт тәрбиелеуде нені бағдар етесіз?

– Біз әрбір орындаушының шығарманы дұрыс айтылуына баса мән береміз. Ұстаздық жолы ауыр. Біркелкі мақаммен шектелмей, күллі қазаққа ортақ өнер өкілі болуына баулимыз. Беретін бағдарымыз тек орындаушылық емес, кәсіби шеберлік. Сонымен қатар азаматтық болмысының қалыптасуына да бағыт беріп отырамын.

– Жыр қорыңызда қанша қисса-дастан бар?

– Сыр сүлейлерінің барлық шығармаларынан орындаймыз. Себебі Сыр бойы жырауларының сонау түркі дәуірінен тамыр алатыны белгілі. Шораяқтың Омары, Балқы Базардың еңбектері мен Тұрмағамбет ақынның бірнеше дастанына бой алдырдық. Сондай-ақ Рахмет Батырбаевтың, Әбзәли Егізбаевтың туындылары және «Бұқарбай батыр», «Шахнама», «Көрұғлы» дастандары бар. Атап айтқанда осылар. Бірақ терме, дастанның барлық түрлері бар. Кешегі «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты жырларға дейін бойлап бара береміз. Халықтың сұранысына сай жырлауға толық мүмкіндігіміз баршылық.

– Ғылым мен мәдениетте, әдебиет пен өнерде қандай тұстарымыз жетіспей жатады?

– Бұл – көлемді тақырып. Ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер аясы өз кеңістігінде өсіп келеді деп айта аламын. Дегенмен, кешегі ғалымдарымыз Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Рахманқұл Бердібай, Мардан Бәйділдаевтардың атқарған еңбегінің ізінде көптеген мұраларымызды әлі де жетілдіруіміз қажет. Бұл ғалымдардың жасап кеткен еңбегін жалғастыру – біз үшін үлкен бағыт-бағдар, аманат. Жетіспей жатқан тұсымыз көп. Бүгінгі жыраулардың барлығы мақала жазып, әрбір орындаушының үлкен мектеп қалыптастырған Нұртуған, Нартай, Жиенбай шығармаларын айналымға ендіру мәселесі. Қазақ әдебиетінде толық орын алатын тұлғалардың жыр-дастандарын зерттеу мұраты біздің алдымызда тұрады.

– Қазір театрда қызметтесіз. Жыраулық пен театр – екеуі екі бағыттағы сала. Қиындық туғызбай ма?

– «Театрдың өзі – синкреттік өнер. Ал жыраулық өнер – даралық өнер шоғыры» дейді профессор Алмас Алматов. Синкреттік – ол жан-жақтылық. Әр саланың, әр өнердің төрт құбыласын түгел қамтып келетін орта. Жалпы осы жыр кешімізді жыр спектакль ретінде ұсынып, жыр кешінің жаңаша форматта өтуі үлкен өзгеріс, тамаша көрініс тапты. Атап айтқанда, режиссер Бақытбек Темірбеков өз қолтаңбасын қалдырды. Театр басшысы, айтыс ақаны Мұхтар Ниязов сценарийге атсалысып, Сыр ана мен Қорқыттың үйлесім табуына үн қосып, үлкен қолдауын көрсетті. Қос саланың қатар тоғысқан тұсында қашанда жаңа келбет жарқырай көрінеді.

– Қазақы құндылық қазіргі қоғамда қадірін жоғалтып алған жоқ па?

– «Қадірін білген адамға адам қымбат» дейді халық даналығында. Хакім Абайдан: – Бұл өмірде кімнен, неден жеңілдіңіз?» деп сұрапты. Сонда ұлы Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деген екен. Қазақы құндылық қазіргі қоғамда қадірін жоғалтпайды. Егер де соны ел болып көздің қарашығындай қорғай білсе, жас ұрпақ бойына сіңіре білсек, нұр үстіне нұр болар еді. «Жоқ деген жерге, бардың шамын алып бар» дейді ұстазым Алмас Алматов. Жоқ деген сөзден қашуымыз керек. Бар, болады деуіміз керек. Әрқашанда алда жүруге, құндылығымызды кеңінен насихаттауға әрбіріміз үн қосуымыз қажет деп есептеймін.

– Соңғы сауал. Жыр кешін аудандарда өткізуіңіз мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. «Жырдария» атты жыр жәрмеңкесінің облыс орталығында тұсауы кесілді. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл – жаңа формат. Халыққа осы үрдісте ұсынсақ жақсы қабылдайды деген ниет бар. Бұл жыр кеші «Руханият жылы» аясында ауқымды шаралардың бірі деп есептеймін.

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<