Сүбелі сөз өрнегі

2419

0

Қазалы ауданындағы Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаев атындағы ауылда Орынбет ишан Дәрменқұлұлының 200 жылдығына орай «Ортамыздың құты – Орынбет ишан» атты ауқымды шара өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шарада облыстық жас ақындар айтысы мен ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Ауылдық клубта жас ақындар айтысы басталмастан бұрын көрермендерге Орынбет ишанның өмір жолынан сахналық көрініс көрсетілді.

Облыстық жас ақындар айтысына қатысушы сөз зергерлерін Майдакөл ауылдық клубының меңгерушісі, ақын, сазгер Ермекбай Ағырай таныстырып, аламанды бастап кетті.

Жас ақындар жұртшылыққа кестелі жыр, сүбелі сөз сайысын паш етті. Айтыстың ақтық сынында бас жүлдені жалағаштық жас ақын Қартбай Мейіржан қанжығасына байласа, бірінші орынға Қызылорда қаласынан келген Бақытәлі Жамбыл ие болды. Екінші орынды майдакөлдік Бекзат Серіков, үшінші орынды Қызылорда қаласынан келген Бекқожа Нұржігіт пен қармақшылық Бекқанат Смайлыұлы алды. Шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Ү.Түктібаев атындағы ауыл – тату-тәтті, ынтымағы мен берекесі жарасқан мекеннің бірі. Сондықтан болар ауылдықтардың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Бүгін облыстық жас ақындар айтысынан бөлек, түрлі шаралардың куәсі болып отырмыз, – деді аудан басшысы.

«Орынбет ишан» мешітінің бас имамы Ғабдулла Иниятуллаұлына аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Облыстық жас ақындар айтысын Жанқожа батыр атындағы аудандық мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов, Қазалы аудандық  мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев, өзге де ел ағалары тамашалады.

Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептің спорт залында қазақша күрес, батпан көтеру және қол күресінен жарыстар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<