Халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Сымбат Тасбергенованың “Нұрлы таң” атты концерті өтті. Қызылорда облыстық филармониясы тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырды.
Кеште Сымбат Зұлқарнайқызы камералық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақ халық композиторлары Е.Хасанғалиев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди, А.Серкебаев және шет ел композиторларының шығармаларын орындады. Сондай-ақ, концерттік бағдарламада филармония солисттері А.Табынбаев, Р.Үсенов және Қазанғап атындағы музыкалық колледждің ерлер хоры, «Томирис» би ансамблі де өнер көрсетті.
Сымбат Тасбергенова өзінің өнер жолын Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде профессор Инаят Жарылқановтың класынан тәмәмдады. 2011 жылы СССР Халық әртісі, дирижер Юрий Башметтің шеберлік дәрісінен өтіп, Минск қаласында Беларусь халық әртісі Колос Яковлевнадан сабақ алған. Сыр перзентінің КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрғали Нүсіпжанов сынды қазақтың бір туар өнер тұлғаларымен бір сахнада өнер көрсеткендігін зор мақтанышпен айтуға болады.
Талант иесі үздіксіз ізденістің арқасында халықаралық, республикалық, облыстық конкурстардың лауреаты атанды. Бірнеше шет елдер сахнасында өнер көрсетіп, Сыр елінің мәртебесін асқақтатты. Сымбат Зұлқарнайқызы қазіргі таңда Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің ұстазы. Биыл өзінің алғашқы шәкірттеріне қанат қақтырды. Әнші концертте көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, құшағы гүлге толды.
Гүлбану МАҚАЖАН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<