Сыры кетсе де, сыны кетпеген самаурындар

3044

0

Ұлттық мәдениетімізден, ата-бабадан қалған бай мұрамыздың, құнды жәдігерлеріміздің тарихынан сыр шертетін дүниелер Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтау­лы. Музей қорындағы тұрмыстық заттар сол заманғы адамдардың жағдайынан хабар береді.

Сыры кетсе де, сыны кетпеген самаурындар

Ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар және зергерлік бұйымдар музей экспозициясынан өз орнын тапқан. Олардың ішінде қазақ халқының дәстүрлі шаруа­шылығын көрсететін әртүрлі қолөнер, аңшылық және еңбек құралдары, зергерлік-әшекейлік бұйымдар, үй ішінің құрал-жабдықтары мен жиһаздары, қазақтың ежелгі дәстүрі мен эстетикалық талғамын білдіретін ұлттық киімдер бар. Кеңінен таралған осынау қолөнер бұйымдарының түрлері, олардың қайталанбас ою-өрнектері – қазақ даласында шеберлердің көп болғанының айғағы. Кезінде ата-бабаларымыз тұтынған ыдыс-аяқтың барлығы ағаш­тан жасалғанын білеміз. Ағаштан, теріден, мыстан жасалған ыдыстарды көргенде қазақтың әдемілікпен қатар, тұтынған тұрмыстық заттардың әмбебап болуын да басты назарда ұстағанын аңғардық. Өйткені мұндай ыдыс­тар көшіп-қонуға ыңғайлы, жеңіл әрі сынбайды. Әр ыдыс ұлттық ою-өрнекпен бедерленген. Осы қатарда шешен халқының жез құмырасы, самаурын, біздің дәуірімізге дейінгі ХІІІ-ХV ғасырлардағы Қарақұмнан табылған қыш құмыра, тағы басқа да тұрмыс­тық заттар көзге шалынады.

Халықтың тұрмыста қолданған жәдігерлерінің бірі – самаурын. ХІХ ғасырдың аяғында бірде-бір орыс көрмесі самаурынсыз өтпейтін болған. Бүкіләлемдік көркем-өнеркәсіптік көрмелерге шолу жасайтын авторлар ресейлік самаурын фабрикасының өнімдері туралы айтпай кетпейтін. Халықаралық көрмелерде жүлде алған фабрика өз жетістіктерін самаурынның қақпағына жазып, үстіне медальдарының суретін басатын болған. Біздің қордағы самаурында 9 награда бейнеленген. Негізі бедерлі, қырлы, кеңейтілген. Қаламдары бұйра. Жоғарғы бөлігі толқын тәрізді шляпамен жабылған, шеті жоқ.

Тула самаурыны. Иван Федорович Капырзин фабрикасынан шыққан. Фабрика ұзақ уақыт бойы ол 12 жалдамалы жұмысшы жұмыс істейтін шағын мекеме болды. 1889 жылы зауыт жылына бағасы 3-тен 10 рубльге дейін жез самаурындар шығарды, барлығы 1300. Өндіріс ескі тәсілмен, ат жетегі немесе бу машинасы түрінде арнайы құрылғыларсыз жүргізілді. Жұмыс барысын техникалық білім алмаған иесінің өзі басқарды.

Тула қаласындағы Баташевтар самаурыны ХІХ ғасырда көптеген отандық және шетелдік өндірістік көрмелерде жүлделі орындарға ие болған ең танымал тауарлардың бірі болды. ­«В.С.Баташевтың мұ­ра­­­герлері» зауытының самау­­рындары дизайн мен стиль­дердің алуан түрлілігімен ерекшеленді, олардың саны 54-ке жетті. Геометриялық немесе гүлді өрнектермен безендірілген, стилі уақыт өте келе рококодан классицизмге өзгерді. Компания Нижний Новгородтағы Бүкілресейлік көрменің алғашқы жүлдегері атанып, ол 1896 жылы ең жоғары марапатқа ие болды.

1896 жылдан кейін шығарылған Баташевтар өнімінің үлгілерінде құрметті мемлекеттік награда көрсетіледі. Василий Баташевтың 1898 және 1899 жылдардағы самау­рыны – көптеген антиквариат әуесқойларының мақтанышы. Ресейде жасалған самаурындар ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ халқының тұрмысында кеңінен қолданылды. Музей қорында сақталған бұл самаурындарды жергілікті тұрғындар пайдаланған.

С.ӘЛІШЕВ,

Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<