Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов салада атқарылған жұмыстарды саралап, БАҚ өкілдерінің назарына ұсынды.
Облыста 413 мәдениет, өнер және архив мекемесі бар. Оның 209 – кітапхана, 172-сі – мәдениет үй мен клубтар, 14-і – музей, 11-і – архив, 2-і – театр және облыстық филармония, тарихи мәдени-мұраны қорғау, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік, «Анаға тағзым» орталықтары, қалалық парк халыққа қызмет көрсетеді. Айта кетейік, мәдениет саласында кейінгі 3 жылда жаңадан 19 нысан бой көтерді. Дәлірек айтсақ, 7 аудандағы «Руханият орталықтары» және «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», облыстық тарихи-өлкетану музейі, 8 ауылдық клуб ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бүгінде 3 ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде.
– Жас таланттарды табу мақсатында 1 халықаралық, 7 республикалық, 1 аймақтық, 86 облыстық байқау-фестиваль, жыр-мүшәйралар, ақындар айтысы ұйымдастырылып, оған 3 мыңға жуық өнерпаз, 61 би тобы қатысып, 42 бас жүлде, 56 бірінші орын, 65 екінші орын, 48 үшінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдер мен еліміздің өзге өңірлерінде өткен 33 халықаралық, 32 республикалық, 10 аймақтық конкурсқа аймағымыздан 500-ге жуық өнерпаз, 25 би тобы қатысып, 72 бас жүлде, 140 жүлделі орын иеленді.
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында 191 спектакль көрерменге ұсынылды. Оның ішінде ел және шетел әдебиетінен алынған драмалық спектакльдермен қатар, балаларға арналған қойылымдар бар. Театр ұжымы жыл көлемінде 3 халықаралық, 1 республикалық фестивальге қатысып, биік белестен көрінді. Сонымен қатар, облыстық филармонияда 200-ден астам мәдени іс-шара өткізіліп, оған 50 мыңнан аса көрермен қамтылды, – деді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда Наурыз мерекесін кең көлемде атап өту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен Сыр өнерпаздары биыл наурыз айында Еуропаның Финляндия, Эстония, Испания елдерінің Хельсинки, Таллин, Мадрид қалаларында еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде насихаттап, өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Республика күні мерекесі және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр өнерпаздарының концерті өтті. Ұлы Абайдың 180 жылдығы мерейтойы құрметіне Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында Қызылорда облысының өнер күндері, Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің бай мәдениеті мен әдебиетінен, тарихы мен өнерінен ақпар беретін қайталанбас құнды жәдігерлерден «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырылды.
Басқарма басшысы баяндағандай, жыл басында Өзбекстан Республикасының архивінен облыс тарихына қатысты деректердің көшірмесі алынды. Құнды құжаттар «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда және «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында өткен республикалық семинарда көрмеге қойылып, қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Облыста 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Қорда 165 680 экспонат бар. Айта кету керек, музейлерге келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 38 пайызға артқан. Бүгінде жалпы музей қоры 3094 жаңа экспонатпен толықса, 11156 экспонат цифрлық форматқа көшірілген.
– Өздеріңіз білесіздер, аймақ басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің сол жағалауынан заманауи үлгідегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Музей қорында 70 мыңға жуық құнды экспонат пен артефакті сақталуда.
Осы жылдың қыркүйек айында Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, «Түрксой» музейлер кеңесімен бірлескен Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көшпелі көрмесі өткізілді. Көрмеге музей қорындағы 300-ге жуық түпнұсқа жәдігер қойылды.
Аймақта 459 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31 республикалық, 398 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішті мемлекеттік тізіміне енгізілген болса, 30 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне тіркелген, – дейді Ж.Сейілов.
Осы орайда айта кетейік, жыл сайын облыстық бюджет қаржысына ежелгі және ортағасырлық тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстары, реставрациялау жүйелі жалғасып келеді.
Бүгінде облыста 209 мемлекеттік кітапхана бар. Жалпы кітап қоры 4 552 346 дана, 236 847 оқырманға қызмет көрсеткен. Биыл кітапханалар қорына 11 972 дана жаңа әдебиет алынса, 1100 кітап цифрлық форматқа көшірілген.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасы 172 мәдениет үйі мен клубтарда 7 бағытта қызмет көрсетіп, 1074 көркемөнерпаздар үйірмесі мен өнер ұжымына 12 842 өнерпаз қамтылған. Сонымен бірге, өңірде креативті индустрияны дамытуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Creative Караван» облыстық көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, жоба аясында ауыл, аудандардағы «Адал адам – мәдени-тәрбие орталықтарындағы» мамандар мен креативті кәсіпкерлерге оқу дәрістері өткізілген. Нәтижесінде, креативті кәсіпкерлердің базасы қалыптасып, облыс бойынша 150-ден астам кәсіпкер «Creative orda» бизнес клубының мүшесі атанды.
Жыл аясында Алматы облысы мен Сыр елінің айтыскер ақындары, күйшілері, жыр-терме жүйріктері, дәстүрлі орындаушылары арасындағы «Адал еңбек – ел ырысы», «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші, академик С.Тұрысбековтің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұ.Есдәулеттің шығармашылық кеші, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдығына орай «Сырдың Сәбирасы – І» халықаралық театрлар фестивалі, түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық музыкалық өнер фестивалі, Сыр шайыры Қарасақал Ерімбеттің 175 жылдығына арналған «Ұлағат жырым ұрпаққа» атты республикалық жыршылар байқауы сияқты тағылымды іс-шаралар өзіндік ерекшелігімен ел есінде қалды.
Басқарма басшысы Ж.Сейілов сөзін қорытындылай келе, республика көлемінде, халықаралық деңгейде өткізілген айтулы іс-шараларда облыс өнерпаздары бірнеше мәрте жоғары жүлделер иеленгенін, сондай-ақ мәдениет және шығармашылық өкілдерінің мемлекеттік марапат төрінен табылғанын атап өтті.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





