Тәуелсіздік тарихынан сыр шерткен көрме

1299

0

«Достық үйінде» ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолы арқылы тә­уелсіздік тарихын бейнелейтін «Тәуелсіздікке 30 жыл: Елбасы жолымен» атты көрме ашылды. Онда қазақ телевизиясында ширек ғасырға жуық тілші, комментатор, шолушы, диктор болып қызмет еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйістің осыдан 30-40 жыл бұрын өзі түсірген 43 сурет қойылған.

Еліміз әлемнің алпауыт елдерін мойындатып, барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Бүгінде өзінің даму жолы қалыптасқан, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі елге айналды. Кезінде Қазақстан басшысы болған Дінмұхаммед Қонаевтың жеке тілшісі, Елбасының 1984 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы, 1989 жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы, 1991 жылы Тұңғыш Президенті болып сайланғанда бірінші сұхбат алған ағамыз сол тарихи суреттердің ең таңдаулылары осы көрмеге қойылғанын айтады.
– Тілшілік тіршілікте көп жайттарға куә болып, ел тарихында мәңгі есте қалатын оқиғалардың ортасында жүрдік. Әсіресе, Елбасы сапарларында қабылданған оң шешімдердің басы-қасында болып, оны мақаладан бөлек, суретпен де сөйлеттік. Қазір сол тарихи кездесулерден фотоальбом жинақтадым. Де­ректі фильм түсіріп, келер ұрпаққа қазына ретінде қалдырдық. Ол кезде бір ғана телеарна – «Қазақстан» каналы бар еді. Телеарнаның түсірілім тобымен жеке фотоаппаратымды қоса алып жүретінмін, – дейді Ержан аға көрмені таныстырып жатып.
Көрме үшін жасақталған бөлмеден ағамыздың өзі түсірген суреттерден да­йындалған Елбасы туралы фотоальбом мен Стамбул қаласында басылып шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабы да орын алыпты.
– Бұл альбомды жақында Елбасының өзіне де сыйға тарттым. Тағы бір данасы Тұңғыш Президент атындағы музейде жәдігер ретінде сақтаулы. Бұл көрме – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы сыйым, – дейді ардагер журналист.
Шағын көрмеде еліміздің тарихында өз орны бар тұл­ғалар Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәшенов, Байкен Әшімов және Елбасының се­німді серіктерінің суреттері бар. Фотошежіреге тәуелсіз еліміздің тұңғыш премьер-министрі Ұзақбай Қараманов, ұлт жанашырлары Өзбекәлі Жәнібеков, Исатай Әбдікәрімов, Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Шерхан Мұртаза, Шыңғыс Айт­матов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Мұстақым Ықсанов, Асқар Құлыбаев, Еркін Әуелбеков, Сағидолла Құбашов, Тәкей Есетов, Әбубәкір Тыныбаев, Сейілбек Шаухаманов, академиктер Шахмардан Есенов, Манаш Қозыбаев, Мұхтар Әлиев, Камал Ормантаев, Мұрат Жұрынов, кеңес одағының батырлары Сағадат Нұрмағамбетов, Нағи Ілиясов, Тоқтар Әубәкіров, сол уақыттары сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев, т.б. тұлғалар енген.
– Сыр жұрты қай кезде де Елбасын құрмет тұтады. Алаштың анасы атанған ­қасиетті жерде қызмет жасап, Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатын халыққа жеткізіп, насихаттап жүрмін, – дейді Ержан аға.

Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<