«Qyzylorda» телеарнасында «Таңшолпан» телевизиялық ән байқауы көрерменмен қайта қауышты. Өнерлі жастарға жол ашқан телебайқаудың араға жылдар салып, көгілдір экранға қайта оралуы тәуелсіздікпен төл құрдас телеарнаның 30 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды.
Осыдан 25 жыл бұрын бастау алған телевизиялық ән байқауы талай талантты жастың өнер жолындағы тұсауын кескен болатын. Бүгінде елге белгілі әншілер Бибігүл Жанұзақ, Гүлнұр Оразымбетова, Руслан Садықов, Тахауи Рахметов, Гүлхан Сіргебаева, Алмас Кішкенбаев, Ербол Шәріпов өнердегі ең алғашқы қадамын осы «Таңшолпаннан» бастаған.
Басқадан бөлек дауысы, дарыны бар ұл-қызға мүмкіндік сыйлаған үлкен жоба биыл да осы миссиясын атқарды. Ол үшін бір ай бойы кәсіби мамандардан жасақталған қазылар құрамы барлық ауданды аралап, талантты жастарды іздеді. Іріктеуге облыстан 300-ге жуық өнерпаз қатысты. Өзіндік өнерімен ерекшеленген олардың 60-ы облыстың бас театрындағы іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп, ең мықтылары таңдап алынды. Тәжірибелі мамандар қатысушылардың ән айту шеберлігін ғана сарапқа салып қоймай, сахнада өз-өзін ұстауына да мән берді.
Ал финалға жүзден жүйрік атанып 28-і іріктелгенімен, 13-і ақтық сынның екінші кезеңіне өте алмады. 13 пен 18 жас аралығындағы өнерпаздар арасында өткен бұл байқау олар үшін үлкен тәжірибе алаңы болғаны анық. Айтып өту керек, ақтық сайыстың өзі екі кезеңнен тұрды. Конкурсанттар І турда қазақ және шетел композиторларының заманауи әндерін орындаса, ІІ турға өткендердің қалауына қарай кез келген әнді шырқауына мүмкіндік берілді.
Осылайша бірнеше кезеңнен өтіп, әбден сыналған конкурсанттардың арасынан Гран-при байқоңырлық Назерке Шамбиловаға бұйырды. «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабала жеңімпазға 100 мың теңге ақшалай сыйлық табыстады. Сондай-ақ, телеарна бір әніне бейнеклип түсіріп, оның эфирден жыл бойы 100 рет қайталап берілетінін айтты.
Телебайқауда І орынға қызылордалық Жаннұр Бердібекова, ІІ орынға аралдық Хабибулла Қыдыралиев пен шиелілік Нұрасыл Рысдәулет лайық деп танылды. Ал, ІІІ орынды қазалылық Мадияр Серік, аралдық Алина Сәрсенбекқызы, қызылордалық Дінмұхаммед Төлеубай еншіледі. Сондай-ақ, ақтық сында өнер көрсеткен қатысушылардың барлығына диплом табысталып, дипломанттар мен номинация иегерлері анықталды.
Мұндай телевизиялық байқауларда танылған дарынды ұл-қыздың қадамы нық болғанына уақыт дәлел. Ендеше биыл таңшолпандай жарқыраған жастардың да өнер көгінде өз орнын қалыптастыратынына сенім мол.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<