Талантымен танылған

1617

0

Амелия Пак. Аралда осындай талантты қыз тұрады деген соң тілдеспекке ұмтылғанбыз. Әрине, ауданға іссапарға әдейілеп келген соң тілшілік қоржынымыз бос қайтпау керек. Оның үстіне бас басылымның өнер, спорт және еңбек адамдарын насихаттауға көп көңіл бөлетіні бізді осында жетеледі.

– Өте талантты, үш жасынан көркемсөзге жаттығып, мәнерлеп оқудан ауданда алда тұр. Одан соң ән салып, барлық барған байқауынан құр қайтпайды. Мектеп оқушысы бола тұра үлкендерше мақсатшыл. Қазір биге де қатысып жүр. Ұлты – корей, – деді менімен бірге келе жатқан аудандық мәдениет саласында істейтін жауапты қызметкер…

Талантымен танылған

– Атың кім, айналайын? – дедім мен амандасып болған соң таныстық дәстүрін бұзбай.

– Амелия, ағай. Амелия Пак. Қызылорда қаласында туғанмын. Қазір Арал қаласында тұрамын. Атам мен әжеммен. №14 мектеп-гимназиясының орыс класында оқимын… Тақылдатып бәрін айтып шықты. Сірә, «журналист ағай келеді, өзің мен өнерің жайлы газетке жазбақшы» деп алдын-ала дайындап үлгерген сияқты.

Қосымша алдымдағы бір бет қағазға үңілдім. Өнерлі оқушы жайлы екен. «Амелия Пак 2011 жылы Қызылорда қаласында туған. Арал өлкесінде тұрады. Атасы мен әжесінің тәрбиесінде. «Шағала» балабақшасында қызықты сәттері өткен және сол уақыттан бері өнерге деген ынтасы ашылған. Өнерге баулыған ұстазы Болат Каденов. Сол кезде алғашқы жүлдесін алып, І орынды иеленіп, «Әнші балапан» сайысында топ жарды. Алғыр қыз жазу, сызуға, мәнерлеп оқуға қабілетті. Сонымен қатар гимнастикаға, би үйірмесіне қатысады. Фортепиано аспабын да меңгеру үстінде…»

Амелияның өзінің айтуынша, әкесі Виталий Пак бұның үш жарым айлығында ауырып дүниеден өткен. Әрине, анасынан естігені ғой. Ал анасы Ләззат Әбілғазиева Жаңақорғандағы «Шалқия» кентіндегі кен орнында жауапты жұмыс істейді. Қазіргі жетістіктердің барлығына атасы Мұратолла мен әжесі Гүлжаһанның демеуімен, қолғабысымен жеткен.

– Маған 6 жасында әжесі жетелеп әкеліп тапсырды, – дейді Арал аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сәнімгүлшат Өмірзақова. –Өзім вокалдан сабақ беремін. Үйірмемде 12-13 бала бар. Бұл қызым ерекше. Ерекше екенін айтайын, еңбекқор, табанды. Бүгін тапсырғаныңды ертеңге қалдырмайды. Бәріне үлгеріп жүргенін көресің. Жаттап келуге тиісті әннің сөзі болса, соны лезде қағып алып, айтып жүретініне алғашында өзім де таң қалатынмын. Амелия «Теңіз маржандары» ән үйірмесінің белді мүшесі. Жалқау еместігін айтайын, сабаққа да үлгереді, шет тілі үйірмесіне де барады. Өнер мектебінде «Фортепиано» сыныбында да дәріс алады. Тіл-көзіміз тасқа, әзірге барған облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардан құр қайтқан емес. Ұдайы бас жүлде не бірінші орынды иеленіп жүр. Қазақ өнеріне, әсіресе, әндеріне құштар. Жанын салып айтады. Осының барлығына анасы Ләззаттың жіті көңіл бөлетініне ризамын…

Талантымен танылған

Біз ұстазы мақтанышпен айтқан жеңістерді де шолып көргенбіз. Айтса айтқандай екен. Оның балабақшадағы түрлі байқауларын есепке алмағанда, мысалы, 2018 жылы Амелия республикалық «І Халықаралық Қазақстан таланттары рухани-патриоттық» конкурсында Гран приге ие болған. Дәл осы жылы Ақтауда өткен байқауда да бас жүлде бұйырыпты. Ал келесі жылы республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» сайысында І дәрежелі дипломмен марапатталған. Абайдың 175 жылдығына орай өткен республикалық «Ұлттың ұлы мұрасы» фестивалінде «Вокал» номинациясы бойынша «Алтын жүлде», «Хор» номинациясы бойынша Гран при алған. Былтыр балалар шығамашылығына арналған «Ақ көгершін» облыстық әншілер байқауында бірінші орын иеленіпті.

Бұдан бөлек, білім бәйгелерінде де Амелия бағындырған биік көп. 2021 жылы Шымкентте өткен этнос балалары арасындағы қазақ тілін ілгерілетуге арналған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасында диплом және бағалы сыйлық алыпты. Ал былтыр облыстағы дәл осындай жобада топ жарған. Оған себеп – кішкентай Амелияның өзге ұлыс өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосуы.

Талантымен танылған

– Менің әрбір жетістігіме қуанатын адам көп. Анам, ата-әжем, ұстаздарым. Әсіресе, әрбір оң қадамыма тілектестік білдіретін алғашқы ұстазым, сынып жетекшім Ажаркүл Абдуллаеваға көп рақмет айтамын. Бастысы, мені өсіріп-баққан отбасыма ұят келтірмеу, олардың мақтанышы болу – өмірдегі ең басты мақсатым, – деп толқи жауап берді талантты қыз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<