Тарихи драма: «Отырардың жасыны»

1803

0

Қазақ даласында дүниеге келген әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл Фарабидің балалық, жастық шағы туралы төл әдебиетіміздегі алғашқы пьеса көрермен назарына ұсынылды. Қызыл­орда жастар театры ­сах­налаған, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Отырардың жасыны» атты тарихи драмасының басты ерекшелігі осында.

Аты жер жүзіне таралып, ғылымның сан саласын, жетпіс тілді меңгерген ғұламаның отбасы, жастық шағы туралы деректер аз. Бұл қойылымда атақты қолбасшының ұлы жас Әбудің білім жолын таңдауы, ғылымға деген сол заман адамдарының көзқарасы бей­неленген. 

А.Тоқмағанбетов атын­дағы қалалық мәдениет үйін­де сахналанған драмаға зиялы қауым өкілдері, жас­тар қатысты.

– Спектакль өте сәтті шыққан деп ойлаймын. Жастар театрының шығар­машылығы, кәсіби орын­дау­шылығының арқасында диалог, оқиғалар желісімен айтылған философ, ғұлама ғалымның өмір тіршілігі өте сенімді суреттелді. Әл Фарабиге арналған сахналық қойылым – қоғамдық тарихи сананы сілкіндірген туынды. Сахнаның декорациясы, музыкасы ортақ ырғақпен ерекше үйлесім тапқан, – деді жырау Алмас Алматов.

Ал белгілі ғалым Қазыбай Құдайбергенов театр артис­терінің әл Фарабиді бізге жақындатқанын айтып, жұ­мыстарына табыс тіледі.

Айта кету керек, спек­такльдің қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қай­раткері Оңталап Нұрма­ханов. Бес жыл бұрын құрылған өнер ұжымы бү­гінде өз көрерменін қа­лып­­­тастырып келеді. Адам­­зат ақыл-ойының алыбы Абайдың 175 жылдығына орай, былтыр Қарағанды қа­ласында өткен «Театр. Талант шығармашылығы» атты халықаралық фес­тивальда Қызылордадағы жас­­тар театрының артистері сахналаған трагифарс жан­рындағы қойылым жо­ғары бағаға ие болды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<