Тарихи-мәдени мұралар –халық құндылығы

1084

0

Кеше облыс әкімінің орынбасарлары Наурызбай Байқадамов және Бақыт Жахановтың   қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 48-ші сессиясы өтті. Алғашқы мәселе – «Облыста тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсарту шаралары туралы» облыстық мәдениет, архивтер және  құжаттама басқармасының басшысы Мирамкүл Әбуова хабарлама жасады.

Хабарламашы атап өтке­ніндей, бүгінгі күні облыс көлемінде 545 тарихи-мәдени мұра объектісі мем­лекет қорғауына алынған. Оның ішінде 30 ескерткіш республикалық және 257 ескерткіш жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне ілінген. Ал 258 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне алынған.

Басқарма басшысы облыс бо­йынша 64 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленгенін жеткізді. Оның ішінде 23-і бойынша мұндай жұмыстар 2019-2020 жылдары жүзеге асырылған. Ал Сығанақ, Жан­кент қалашықтары мен Қорқыт ата кешенінің қорғау аймақтары толық қор­шалған. Биыл облыстық бюджет есебінен Қызылорда қаласындағы жергілікті маңы­зы бар Ақмешіт музейі (Бұрынғы Теміржол милициясы) ғимаратын қайта жаңғыртудан өткізудің жо­ба­лық-сметалық құжат­та­масы әзірленсе, Қазалы ауда­нындағы Орақ мұнарасы мен Ғани Мұратбаев оқыған мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның алғашқысы облыстық, екіншісі аудандық бюджет қаржысымен жүзеге асып отыр. Сонымен қатар, 2020 жылы облыстық бюджет есебінен 6 археологиялық ескерткішке – ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Сортөбе, Жанкент, Сыға­нақ, Қышқала, Асанас қала­шықтарына қазба жұмыстары жүргізілді.

Хабарламашы, сондай-ақ, алдын ала есепке алу тізімінде тұрған 258 ескерткішке мониторинг жасалып, кезең-кезеңімен мәртебе беру мақсатында 2021 жылы 130 ескерткішке сараптама жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджетке өтінім берілуде екенін айтты. Алдағы кезеңдері археологиялық қазба жұмыстары жалғасатын болады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында тари­хи-мәдени мұраларды сан­дық форматқа көшіру және ескерткіштердің 3D фор­маттағы интерактивті кар­та­сын дайындаудың ІІ ке­зеңі жүзеге асырылады. Сол секілді халық жазушы­сы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына орай жазушының облыс орта­лы­ғын­дағы ескерткішінің орнын ауыстырып, сапалы мате­риал­дан қайта салу жоспары бар.

Сессияның күн тәртібін­дегі алғашқы мәселе бойынша құрылған уақытша комиссияның төрағасы, депутат Ибадулла Құттықожаев қосымша хабарлама жасады. Ол пандемия жағдайының өзінде салалық басқарма жоспарланған жұмыстарды өз деңгейінде атқарып келе жатқанын атап өтті. Ал проблемалық мәселелер қата­рында ескерткіштерді қорғау аумағындағы жер телімдерінің шаруашылық кәсіпкерлік мақсатқа беріліп кетуін атады. Ол 2021 жылы жоспарланып отырған жұмыс­тарға бағытталған қаржы 283,4 млн теңге екенін жеткізді.

Халық қалаулылары Сыр елінің тарихи-мәдени  құндылықтарын сақтау, қорғау кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру бағытындағы  жобаларды қолдап, дауыс берді. Сессияда күн тәртібіне енгізілген  өзге де мәселелер бойынша талқылаулар болып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<