«Театрға келген күні басты роль берген»

1865

0

Санат Жүзбай – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының жас шығармашыл өкілі. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академия­сын тәмамдаған жылы оған Сыр мәдениетінің қарашаңырағы құда түсті. Санат жұмысқа қабылданған күні-ақ басты роль бұйырғанын таңданыспен еске алады.

– Оқу бітіріп, енді келген бойым. Ешкіммен танысып та, араласып та үлгергенім жоқ. Театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Хұсейн аға Әмір-Темір қолыма пьесадағы басты кейіпкердің сөзін ұсынды. Бұл қаламгер Баянғали Әлімжановтың «Ойнайықшы бір, ойла­йықшы бір» атты комедия­лық қойылымындағы Уылдырықтың ролі еді. Еңбек жолымдағы алғашқы қадамымда сахнаға зор жауапкершілік арқалап шықтым, – дейді ол.

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік музыкалық академиялық театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рахилям Машурованың мектебінен өткен өнерпаз үнемі сенім үдесінен көрінуді міндет санайды. Өйткені қиындығы мен қызығы көп салада жүру бала күнгі арманы еді. Бәлкім, әкесінің дәстүрлі әнші, анасының хореограф болуы да әсер етпей қоймады-ау. Бала Санат түрлі байқауда бақ сынады, топ жарды. Мектепте, жоғары оқу орнында белсенділігімен көрінді. Студент кезінде бірнеше телехикаяға түсіп, тәжірибесі толысты.

– Кәсіби актер ретінде «Орбұлақ шайқасы» телехикаясында эпизодтық рольде ойнадым. Киноға түсуге шақырушылар бар. Бірақ негізгі жұмыстың арасынан уақыт табу қиын, – дейді шығармашылық иесі.

Актер болған соң кейіп­керіміз өзін әртүрлі қырынан көрсетіп жүр. Әріптестері Асқар Оразәлиев, Данияр Сабыровпен бірге «АДС» тобында ән айтады. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде талантты іні-қарындастарын актерлік өнерге баулуда.

Әңгіме арасында Санат санаулы жылдағы еңбек жолындағы естеліктермен бөлісті.

– Гастрольдік сапармен ауыл аралап жүрміз. «Ауылдан келген ару» қо­йылымында Қанат Арха­баев сомдайтын кейіпкердің ішімдік ұрттайтын жері бар. Жігіттер әзілдеп стақанға судың орнына басқа нәрсе құйған ғой. Соны ішіп жібергендегі Қанаттың түрін көрсеңіз! Тағы бірде қаладағы колледждердің бірінде студенттерге «Қандыөзек» спектаклін ұсындық. Тура сахнаның үстінде шалбарым жыртылып, қойылым бойы солай жүруге тура келген, – дейді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<