Төл өнерді төрге оздырған

1574

0

Әр елдің өзіндік тарихы бар десек, сол тарихтың басым бөлігін мәдени құндылықтар құрайды. Айталық, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан әдеби-мәдени туындылар мен фольклорлық-этнографиялық деректердің уақыт өткен сайын маңызы арта түседі. Қоғам құбылып, заман ауысқан сонау жылдары  жоғалып кетуге шақ қалған ұлттық ерекшеліктеріміз  – дәстүрлі өнер, эпостық жырларымыз бен сүлейлер сарыны, халық әндері, сол секілді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Басты құндылықтың бәрі бәсекеге түскен бүгінгі заманда да төл өнеріміздің бағасы төмендеген жоқ, керісінше биіктей түсті.

Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жігер» этно-фольклорлық ансамблі  ұлт мұрасын ұлықтап, дәстүрлі өнердің деңгейін көтеруде жемісті қызмет атқарып келеді. Ансамбльдің құрылғанына төрт жылдай  уақыт  болса да, көрермен көңілін баурап алды. Өйткені халық шынайы өнерді бағалайды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде «ұялмаған әнші болады». Кез келген қаржысы бар үміткер заманауи техниканың көмегімен дауысын өңдеп, сахнаға шыға береді. Оған қоса танымал болудың да түрлі амалдары бар. Сондықтан көрермен көңіліне ұнайтын дүниені іздейді. 

«Жігер» этно-фольклорлық ансамблі аз уақытта өнер байқауларынан жүлде алып, шығармашылық қабілетін шыңдай түскен. Айталық, халық композиторларының күйлері мен ескі  әндерді  қазіргі заман  талабына сай өңдеп, жалпы көрерменге арналған жаңа дүниелер ұсынды. Сонымен қатар, ансамбль репертуарында жергілікті композиторлардың туындылары қамтылған.

Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Түркімен», Ықыластың «Жезкиік», Шалмырзаның «Мереке», Жалдыбайдың «Қара жорға», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», А.Қоразбаевтың «Түркістан», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», жас күйші Р.Бурабайдың «Шабыт», «Аманат» күйлері ансамбльдің көркемдік бет-бейнесін айқындай түсті.

Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің басшысы Алпамыс Қожанияздың айтуынша, дәстүрлі туындыларды эстрада жанрында өңдеу  идеясы сонау 1990 жылдары ойға келгенімен, оны жүзеге асыруға мәдениет үйінің материалдық тұрғыда мүмкіндігі болмаған еді. Содан 2015 жылдан бастап мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа аспаптар мен сахналық киімдер алуға, басқа да шығармашылық жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды.  Ал 2017 жылы өнерлі жастардан құралған «Жігер» этно-фольклорлық ансамблінің іргесі қаланды. 2019 жылы Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты I республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсында елге танымал «Сазген», «Қорқыт», «Оқжетпес», «Адырна» секілді ансамбльдермен қатар өнер көрсеткен. «Жігер» ансамблі осы сапарында Ықылас Дүкенұлы атындағы жүлдені иеленген еді. Одан кейін Қызылорда қаласында өткен түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталған.

Елдегі карантин кезінде өнер адамдары да көпке дейін көрерменмен қауыша алмай, жоспарлы мәдени шаралардың барлығы қашықтан өткізілді. Әйтсе де, аталған ансамбль ұжымы үнемі шығармашылық ізденісте болды. Соның нәтижесі – Жаңақорған ауданында өткен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ұлттық өнер – өшпес мұра» атты фольклорлық ансамбльдердің облыстық онлайн байқауында жүлделі I орынды иеленді. Ал биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Тараз қаласында өткен республикалық фольклорлық ансамбльдердің конкурсында елордалық «Астана сазы», тараздық «Алатау», «Көне Тараз», алматылық «Құлансаз», «Сарыжайлау», қызылордалық «Ақмешіт», «Дидар» сияқты көпжылдық тәжірибесі бар танымал өнер ұжымдарымен бақ сынасты. Бұл байқау «Жігер» ансамблі үшін өнер ұжымдарымен өзара шығармашылық  байланыс орнатып, жаңа дүниелер жазылуына мүмкіндік берді.

Жоғарыда айтып өттік, дәстүрлі өнердің дамуы тәуелсіздік жылдарында ерекше серпін алды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, талантты күйші, сазгер, хормейстер Руслан Бурабай өнер ұжымының әлі талай биік белестерді бағындырып, қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдыратынына сенімді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<