Тукумсте үзілген талант

615

0

Тукумсте   үзілген талант Биылғы 21 маусымда белгілі «Кино» рок-тобының негізін қалаушы Виктор Цойдың туғанына 57 жыл толды. Совет заманы тұсында революция бесігі саналған Ленинградта туып, 1990 жылдың тамызында Латвияның Тукумсінде үзілген талант жалғанның жарығында небәрі 28 жыл ғана өмір сүрді. 

Ескі мен жаңа күніне қырық қидаласып жатқан 1990 жылдың 15 тамызында Латвиядағы Слока-Талси трассасының бойында әнші-композитор Виктор Цойдың автоапаттан қайтыс болғандығы жөнінде хабар тарады. Суық хабар әншінің миллиондаған та­бынушылары үшін аш­ық күнде аспаннан жай түс­кендей әсер етіп еді. Бұл қайғы сол заманның үрдісі мен қатып қалған қасаң қағидалар қалыбына сыймайтын ерекше стильдегі әншіні танитындардың бәріне ортақ болды. Қазақстанда да мыңдаған жас осы күні аза тұтып жатты. Әсіресе, Қызылордадағы Цойлар әулетіне осы хабардың зардабы ауыр тиді. Сол тұста облыстық «Кызылординские вести» газетін басқарған Евгений Хан басылым тілшісі Антонина Казимирчикті қаралы отбасына жіберіп, Слока-Талси күрежолының бойында үзілген әнші туралы біраз дерек жинатыпты. Бүгінде Евгений Харитонович бақилық болды, ал Антонина Казимирчик Ресейге қоныс аударған. Қаламын әлі де қолдан тастамаған әріптесіміз осыдан біраз бұрын «Ньюс Пет­ропавловск» порталында Қызылордадағы Цойлар әулеті туралы жазды.

Ленинградтық Цойлардың Қызылордадағы туыстарын іздеген Антонина Казимирчик әуелі Виктордың ағасы Лев Цоймен тілдесіпті. Тілшіге әулеттің тарихы мен тағдыры жайлы облыс­тық ауылшаруашылық басқармасында қызмет істеген осы Лев Максимович айтып беріпті. Виктордың атасы Цой Сын Дюн (орысша, Максим Максимович) Қызылордаға 1937 жылы Қиыр Шығыстан қоныс аударған  педагогикалық институт (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) құрамында келіпті. Осында институттың филология факультетін үздік тәмамдап, біраз жыл мектепте орыс тілінен сабақ береді.  НКВД-ның қарсы барлауында қызмет атқарады. Соғыс аяқталғаннан кейін жұмыс бабымен Сахалинде тұрады. Отбасын құрады,  Юрий, Роберт, Леонид, Лев есімді төрт ұл мен Алла атты 1 қыздың әкесі атанады. Кейіннен ішкі істер саласына ауысып, майор шенінде зейнетке шығады. 1956 жылға дейін кәрістерге жер аударылып барған аумағынан басқа жаққа қоныс аударуға тыйым салынғаны белгілі. Олар үшін тек мекен-жайға тіркелген аумақта ғана  оқуға мүмкіндік бар еді. Осыған қарамастан, ұлдарының үлкені Юрий Мәскеудегі техникалық жоғары оқу орнын бітіреді. Сол кездегі КСРО астанасы маңындағы әскери зауыттардың біріне жұмыс істеуге қалған оның артынан орта мектепті Қызылордада бітірген Роберт (Виктор Цойдың әкесі) аттанады. Әскери институтты бітіріп, Ленинградта қалған Роберттің жанына үшінші ұл Леонид қосылады.  Цойлар СССР-дің мәдени астанасы саналатын қалаға қазығын осылай қағыпты. 

Бір айта кетерлігі, Виктор қаза тапқанға дейін әулеттің үлкендері оның өнеріне тек қызығушылық деп қараса керек. Рокты тастап, отбасын асырай алатын басқа кәсіп табады деген ойда болыпты бәрі. Әкесі Роберт ұзақ уақыт жұмыс бабымен іссапарда жүріп, болашақ әншінің тәрбиесімен шешесі Валентина Васильевна айналысқан екен. Кішкентай Витяның сурет салуға құмарлығын байқап, әуелі изостудияға, сосын көркемөнер мектебіне апарыпты.  Бірақ, кісікиіктеу көрінетін қара баланың бойындағы әнге деген іңкәрлік суретке деген құмарлықты жеңіп тынса керек. Анасының қолқалауымен түскен көркемөнер училищесін ақыры аяқтамай тастап кетеді де өз алдына музыкалық топ құрады. Әскерге бармаудың амалымен кәсіби училищеге түсіп, ағаш шебері мамандығын оқи бастайды. Оның ағаштан ойған мүсіндері бірқатар жарыстарда жүлдеге лайық деп танылған кезі де болған деседі.  Қолы бос­тағы ермегі әкесі Роберт Қызылордаға бір келгенде сатып алып берген жеті ішекті гитара екен. Бір қызығы, академқалашықтағы ға­лымдар Витяның әндерін тың­дауға көше бастағанда да әке-шешесі оның өнерін еріккеннің ермегі санауын доғармаған.

Қатардағы қарапайым инженер өз баласының көп ұзамай миллиондардың кумиріне айналатынын, оның шығармаларын тіпті симфониялық оркестер орындайтынын болжай алмапты. Оның хоббиіне қарсылардың басында атасы Максим Максимович те бар еді. Қызылордадан Ленинградқа сирек баратын ақсақал немересінің болмайтын іспен айналысып жүргеніне ре­нішті екенін жасырмайтын. Кейін Қазақстанға гастрольмен келіп-кетіп жүрген Виктор Цойдың өзі де атасының үйінде жалғыз мәрте болыпты.

1975 жылы әулет Максим Цойдың 60 жасқа толған мерейтойын атап өтуге Қызылордаға жиналады.  Әкесінің туған жеріне тұңғыш рет келген осы сапар жайлы Виктор кейіннен жиі айтып жүріпті. Оның есінде әкесінің кіндік қаны тамған жердің ерекше ыстығы мен өзінің Сырдария өзеніне шомы­лып жүріп суға кетіп қала жаздағаны қалып қойса керек.

Жалпы В.Цой бойында кәріс пен орыстың қаны бар, шығармашылығында Шығыс пен Батыстың өркениеті қатар өріліп жатқан жұмбақ тұлға болды. Бірақ, айналасы үшін кісікиік көрінетін осы әншінің өнері арқылы миллиондарды ізіне ерте алатын қасиеті бар еді. Керегесі шайқалып тұрған КСРО-ның жастарына оның бір ғана «Перемен» әні жаңа бір заманның лебіндей сезілетін. Содан болар, көп ретте әншінің жолына тосқауыл қоятындар көп болды. Көзі жұмылғаннан кейін де әншінің рухын қозғағандар кездеспей қалған жоқ. Соның бірі Ресей Думасының депутаты Евгений Федоров. Оның 2014 жылы «Виктор Цой ЦРУ-дың жалдамалы агенті, Совет Одағын құлату үшін жұмыс істеген оның әндері Голливудта таспаға жазылған» деген мәлімдемесі Ресейде әнші фанаттарының толқуына ұласа жаздады. Әншінің жалғыз ұлы Александр Цой Ресейдің Тергеу комитетіне арыз беріп, Мемдуманың этика жөніндегі комитетіне жүгінді.  Оның ақыры депутаттың әншінің отбасы мен фанаттарынан ресми кешірім сұрауымен аяқталды.

Әнші шығармашылығын зерт­­теушілер осы күнге дейін оның әндерінің мағынасы туралы нақты бір байлам жасай алған жоқ. Көпшілігі оның әндерінің әлеуметтік мәні болғанын ғана айтумен шектеліп жүр. Бір анығы, ол әндерінде алдағы үлкен құбылыстарға болжам жасады.

«Звезда по имени Солнце», «Группа крови», «Последний герой», «Восьмиклассница», «Алю­миниевые огурцы» әндері әлі күнге дейін айтылады. «Кукушка» атты әні «Битва за Севастополь» фильміне саундтрек болғалы пат­риоттық туынды ретінде таныла бастады. 

Биыл әншінің қаза тапқанына 29 жыл толады. Ол өмірден озған соң Мәскеу Арбатының бетонды қоршауына «Цой жив!» деген жазу пайда болған. Бірте-бірте фанаттары жиналып, Цойдың әнін айтатын мұндай орындар әр қалада пайда бола бастапты. 

Әрине, Цойдың қазақ өнеріне қосқан тамшыдай да үлесі жоқ. Бірақ роктың тәңірі атанған талант өтірік кеулеп тұрған сол заманда өмірі мен өнері үйлескен аздың бірі болды. Миллиондаған жанның жүрегінде махаббат пен еркіндіктің жаршысы болып қалды.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<