Елорданың 20 жылдығына орай Қызылорда облысында Астана күндері өтеді. Сыр жұртшылығы 6, 7 және 8 қыркүйек күндері Елорда өнерпаздары әзірлеген қызықты мәдени бағдарламаларды тамашалай алады. Барлық шараларға кіру тегін.
6 қыркүйек күні сағат 11.00-де елордалық Қуыршақ театрының труппасы А. Тоқмағамбетов атындағы Мәдение т үйінің сахнасында өзінің үздік қойылымдарының бірі – «Мәңгілік Бала бейне» спектаклін көрсетеді. Шығарманың авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова. Айта кетейік, осы аттас шығарманың желісі бойынша қойылған қойылымдар еліміздің басқа да көптеген театрларында сахналанған болатын. Алайда, басты кейіпкер Ләйлә қуыршақ түрінде алғаш рет ұсынылып отыр.
7 қыркүйекте сағат 18.00-де Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт өтеді. Кеш бағдарламасында эстрадалық би, «Шалқыма» халық биі ансамбльдері, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өнер көрсетеді. Сонымен қатар, сахна төрінде отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Индира Расылхан, Айгүл Иманбаева, Дос және Алмас Кішкенбаев ән шырқайды.
Ал 7-8 қыркүйекте Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін 14 өңірді аралап шыққан «Ақ тілекпен Астана!» көрмесі ұйымдастырылады. Экспозицияға С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Күлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Каржасов сынды басқа да танымал 50 отандық суретшінің 100 үздік туындысы қойылған. Көрмеде Жанна Спунердің жеке коллекциясындағы еңбектерді, сонымен қатар, астаналық шеберлердің картиналары мен мүсіндерін тамашалауға болады. Елордалық көрмеге келушілер отандық қылқалам шеберлерінің өнеріне, шығармашылық әлеуеттеріне өз бағасын береді. Коллекцияны Тәуелсіздік сарайы ұсынады. Көрменің салтанатты ашылуы 7 қыркүйек күні сағат 15.00-де басталады.
Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<