Қызылордада театр маусымы ашық. Оның шымылдығы Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклімен түрілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова карантин талаптары басқа мәдени нысандар сияқты театрға да тән екенін жеткізді.
Атап айтқанда, көрермен саны 50-ден аспауы тиіс. Келушілер өнер ордасына медициналық маскамен ғана кіре алады. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жайғасады. Жеңілдетілген карантин жағдайында көпшілікпен қайта қауышқан шығармашылық ұжым жаңа маусымда бірнеше қойылымды сахналағалы отыр. Олар – Қайрат Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» комедиясы, Дулат Исабековтің «Жүзжылдық махаббат» драмасы, Хұсейн Әмір-Темірдің «Ешкімге керегі жоқ ауыл» пьесасы. Одан бөлек, қараша айында Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» спектаклі қалың жұртшылыққа жол тартпақ.
Брифингте театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір пандемия кезінде үйде болып, киелі қарашаңырақты, көрерменді сағынған артистердің қызу дайындыққа кірісіп кеткенін атап өтті. Өйткені кез келген қойылымның табысты болмағы жан-жақты дайындыққа тікелей байланысты.
Баспасөз жиынында өнер саласындағы өзге де жетістіктер, атқарылған жұмыс туралы айтылды.
– Өткізілген шараларды өздеріңіз онлайн түрде әлеуметтік желілер мен Youtube-тағы «Сыр шаңырағы» арнасынан тамашалап жүрсіздер. Осы орайда мәдениет, өнер ұйымдары мен қызметкерлері арасында ұйымдастырылған республикалық «Рухани қазына» онлайн фестивалінде өңірден 5 үздік анықталды, – деді басқарма басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<