Жас режиссердің жетістігі

1940

0

Театрды өсіретін де, өшіретін де – режиссер. Егер режиссердің техникалық сауаты төмен болса, ұтымды мизансцена құра алмай, актерлардың сахнада өмір сүруіне көмектесудің орнына, кедергі жасайды. Ал мизансцена құру – режиссердің ең маңызды құралы. Оны меңгерген режиссер мән-мағынасы терең спектакль қояды. Бұл ретте жас режиссерлар арасында Әділхан Асановты айрықша атауға болады. Оның мизансценалық шешімдері спектакльге терең мағына беріп, көркемдік дәрежеге көтереді.

Әділхан Асанов 1992 жылы Қазалы ауданында туған. 2018 жылы Т.Жүр­ген­ов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын театртану маман­дығы бойынша бітірген. Сол жылы Қызылорда «Жас­тар» театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қыз­метін ат­қарды. 2019 жылдан Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атын­дағы мә­дениет үйі жа­нындағы Ж.Тұр­сынов атын­дағы халық теа­трының режис­сері болды.

Жас режиссер екі жылда көрерменге үш спектакль ұсынып үлгерді. Алғашқысы – «Есігімді қаққан кім?» қойылымы. Бұл туынды белгілі жазушы-драматург, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» атты пьесасынан сахналанған. Шығармада соңғы уақытта да елдің ты­ныштығын бұзып отырған теріс сипаттағы ағымдар және білместікпен қауіпті жолға түсіп жатқан жастар жайы айтылады. Мұнан соң өлең сөзбен өрілген, лирикаға толы драма – И.Сапарбайдың «Абай-Тоғжан» спектаклі өнерсүйер қауымға жол тартты. Талантты жас биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Т.Ахтановтың «Ант» спектаклін сахналады. Дра­малық дастан үлкен театр деңгейінде қойылды.

Әділхан драматург ретінде де ерекше назарға ілініп келеді. Қазіргі театр үшін бас­ты ауыртатын басты кесел – режиссерлардың классикаға өте әуестігі. Оның себебі де белгілі: сахналау анағұрлым оңайырақ. Өйткені оны сах­на­лаудың классикалық әдіс-тәсілдері бар. Ал жаңа туындыға қай-қайсысы да тым тар­тыншақтап барады, барса да көңілдегідей етіп қоя алмай жатады. Сосын да қазіргі дәуірде жарқ ете қалған жаңа, елді елең еткізер спектакльдер тым аз. Бұл ретте Әділхан Асанов – жаңашыл көзқарастағы, заманауи туындылар жазуға талпынып жүрген жаңа есімдердің бірі. Оның қаламынан туған «Мафия», «Әулие ағаш», «Ызғар» пьесалары бір­неше байқауларда жүлделі орын­дарға ие болған.

2019 жылы Қарағанды облыстық театрында жас режиссердің «Мұң­лы Арлекин» монопье­са­сы­ның премьерасы өтті. Былтыр «Ауыл» партия­сы ұйым­дастырған «Ауылым – алтын бесігім» респуб­ли­калық байқауында «Әулие ағаш» пьесасы 3-орынды иеленді. Ол Қазақстан мен Ресей театр қайраткерлері ұйымдастырған «Драма.kz» халықаралық жобасында екі жыл қатарынан финалист атанды. Биыл да сол байқауға жаңа пьесамен қатысуда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<