Бүгінде дәстүрлі түрде өтетін «Junior Eurovision-2021» халықаралық байқауына ұлттық іріктеу аяқталды. Оза шапқан өрендерді атын білгіңіз келсе, дауыс беріп, қолдауыңыз шарт.
Кезінде Ержан Максим, Данэлия Тулешова, Қарақат Башанованың бағын жандырған халықаралық ән додасы жақындап қалды. Байқау биыл 19 желтоқсанда Парижде өтеді.
Басты талап – қатысушылар жасы 9 бен 14 жас аралығында болуы керек. Байрақты бәсекеде еліміздің атынан кімнің бақ сынайтыны белгісіз. Ұлттық іріктеуге кез келген қазақстандық қатыса алады. Бағы мен бабы келіскендерді қазылар алқасы іріктейді. Оқ бойы озып шыққанды Париж сахнасына аттандырады.
Жалпы, «Балалар Еуровидениесі-2021» халықаралық байқауына қатысуға 819 өтінім келіп түскен. Енді қазылар алқасы солардың ішінен үздік деген 30 қатысушыны анықтайды.
«Junior Eurovision» – Қазақстанда балалар шығармашылығының халықаралық деңгейде дамуына шабыт беретін ауқымды жоба. Екіншіден, жас өнерпаздарға қанат бітіретін дүбірлі дода. Елімізде өнерлі балалардың көптігі қуантады. Бүгінде жас өнерпаздардың талантын танытуға мүмкіндіктер жетіп жатыр, интернет кеңістігі де дамыған. Соңғы жылдары еліміз «Балалар Еуровидениесінен абыроймен оралып жүріп жүр. Оған Ержан Максим мен Қарақат Башанованың жетістігі дәлел. Биыл да отандық өнерпаз ел намысын тиісті деңгейде қорғайды деген үміттемін», деді қазылар алқасының мүшесі, елімізге танымал өнер қайраткері Қанат Айтбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі кезеңге өтетін 30 қатысушының тізімі jevision.khabar.kz сайтында жарияланады. Және үміткерлерге онлайн дауыс беру бүгін түнгі 00.00-де басталып, 12 қазанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, биылғы 19-шы «Junior Eurovision Song Contest» балалар ән байқауына 19 ел қатысады. Олар: Албания, Армения, Әзербайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланд, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<