А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Халықаралық театр күніне орай Қызылорда Жастар театрының салтанатты шарасы өтті. Онда театр қойылымдарынан үзінділер көрсетіліп, театр жанынан ашылған «Бастау» үйірмесінің өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды.
Биыл – үйірме негізінде жұмысын бастаған шығармашылық ұжымның театр болып құрылғанына 5 жыл. Сахна шымылдығын драматург Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» пьесасымен түрген жаңа театр жұмысының жолға түсіп, өнер көшіне қосылуына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тікелей қолдау танытқан. Бес жыл бедерінде режиссер, Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов жетекшілік ететін труппа өзінің тұрақты көрермені бар өнер ұжымына айналып үлгерді.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов ел руханиятына қосқан үлесі үшін театрға әкімдіктің арнайы 100 мың теңгелік сертификатын табыстады. Өз кезегінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов бөлім атынан ұжымға 50 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
Сонымен қатар, театр артистері мен қызметкерлері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының, облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымының, «Nur Otan» партиясы облыстық филиал төрағасы бірінші орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, талапты толқынның басын қосқан ұжым жастарына бірқатар номинациялар табыс етілді. Осылайша Динара Төлепберген «Үздік эпизодтық роль», Гүлбазар Сандыбай «Үздік әйел адам бейнесі», Мақсат Серіков «Үздік ер адам бейнесі», Әділет Әбенов «Үздік би қоюшы», Жарқынбек Қосбаев «Үздік суретші» номинацияларын иеленді.
Жыл бойы театр қойылымдарын қалдырмай көретін көрермендер де назардан тыс қалмады. Бірнеше тұрақты көрерменге жыл бойы кез келген қойылымға тегін кіру куәлігі табыс етілді. Іс-шара соңы елімізге белгілі театр суретшісі Серік Пірмахановтың рухына арналған қойылыммен қорытындыланды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<