Жастар театрының жас жұлдызы

4473

0

Театр әлемі – шығармашылықтың ең биік көрінісінің бірі. Бұл өнердің өркендеуінің қайнар көзі – жас артистер мен олардың болашаққа сенімі. Антон Чехов айтқанындай, театр – бұл тірі өнер, ал жастар – оның болашағы. Бұл сөздер қазіргі уақытта да өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.

Зарина Ерболқызы– Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының тумасы. Бала күнінен-ақ Голливуд жұлдыздарын үлгі тұтып, соларға қарап, болашақта өзінің де актриса болғысы келетінін сезген сияқты. Осы арман оны Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне алып келді. 2023 жылы актерлік мамандықты аяқтап, бүгінде Қызылорда қалалық жастар театрында еңбек етіп жүр.

Зарина үшін өнер жолы – оның жанына жақын, үлкен құштарлықпен таңдаған мамандығы.

– Өнер жолын шын жүрегіммен таңдағандықтан алдымнан қандай тосқауыл кездессе де оны қиындық ретінде қабылдамаймын. Қойылымнан кейінгі көрермен қошеметі мен қолдауынан кейін барлығы ұмытылып кетеді, – дейді жас артист.

Зарина сомдаған рольдерінің барлығы жанына жақын екенін айтады. Әсіресе, зұлым адамдарды сомдағанды немесе комедия жанрындағы қойылымдарда ойнағанды ерекше ұнатады.

– Өзіме тапсырылған рольдерді табиғи болмысыммен үйлестіріп ойнаймын. Сондықтан көңілімнен шықпай қалған роль болмапты, – дейді ол.

Жас артисттің болашақ арманы – өзі үлгі тұтатын жұлдыздармен бір кинода ойнау. Сонымен қатар Заринаның алға қойған мақсаттарының бірі – Қызылорда жастар театрының атын шығарып, оның дамуына үлес қосу.

Зарина Ерболқызы сияқты жас таланттар театр өнерінің болашағына сенім ұялатады. Олардың шығармашылық табыстары мен талпыныстары жастар театрының өркендеуіне ықпал етері сөзсіз.

Аделя РАХЫМЖАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<