Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігі жайлы айтқан болатын.
Жастарға көңіл аудару, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – қоғамның кажетті де маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы өнерпаз жастарды іріктеп, оларды халықаралық, республикалық байқау-конкурстарға дайындап, қатысуын қамтамасыз етуде.
Мұндай шаралар жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, өн-бойларына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңірері сөзсіз.
Жастардың тіл тазалығын, сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында өткізілген «Маржан сөз, қоңыр үн» атты концерт жүргізушілерінің облыстық байқауы, «Ғашықпын мен…» атты жарасымды жұптарға арналған облыстық өнер сайысы, брейк-данс, хип-хоп, рэп орындаушыларының облыстық «Таланттар топ жарған күн» атты өнер байқаулары осы бағыттағы атқарылған жұмыстар. Сонымен бірге Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерейтойына арналған «Жігіттің төресі» атты облыстық жігіттер байқауы және облыс әкімінің қолдауымен «QYZYLORDA OPEN-2018» халықаралық балдық би турнирі жоғары деңгейде алғаш рет өткізілді. Бұл халықаралық шараға өз еліміздің өнерпаздарымен қатар Грузия, Белоруссия, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген би өнерінің белгілі өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, театр тарланы Мейірман Нүрекеевтің шығармашылығына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының республикалық байқауы да дәстүрлі түрде жылма-жыл өткізіліп отыр. Өткізілген шаралардың жалғасы жастар жылының мазмұнын байыта түсетіндігі анық.
Алтын БЕКЕНОВА,
облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қызметкері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<