Жыр бәйгесінің бас жүлдесі – Сыр елінде

1500

0

Тобыл қаласында «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты ІІ республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауының жеңімпазы анықталды. Ұлттық өнерді насихаттап, жанына жалау еткен 18 өнерпаздың ішінен сырбойылық Малика Алдамжароваға байқаудың Бас жүлдесі табысталды. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Дәстүрлі өнер институтының 4-курс студенті.

«Байқау шарты бойынша қатысушы екі әннен орындауы керек. Еркін тақырыпта өңіріміздің мақтанышы, тарихи тұлға Базар атамыздың термесін орындадым. Ал Нұржан Наушабайұлы шығармасын дәріптеуде «Тақпақ» атты өлеңін Сырдың мақамына салып айттым. Қатысушылардың орындауы бірінен-бірі өтеді. Ұлттық өнерді жаны сүйетін тыңдарман үшін құлақ құрышы қанатын әдемі кеш болды деп санаймын»,-деді Малика Алдамжарова.

Айта кету керек, қатысушыларға әйгілі жырау, фольклор зерттеуші Алмасбек Алматов, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Талғат Молағалиев, айтыскер ақын, жас ғалым Батырлан Сағынтаев, Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Саржан қазылық жасады.

«Сыр елінде төрт жыр мектебі бар. Мен Жиенбай жыр мектебінің өкілімін. Бесінші атам жырау, ақын кісі болған. Бойымдағы өнерім сол кісіден дарыған деп білемін»,-деді 4-курс студенті Малика Алдамжарова.

Талантымен топ жарған дара дарын иесі Малика Маратқызы 2001 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Өнер жолын 4-сыныпта домбыра үйірмесіне қатысып, 13 жасында жыр айтудан бастаған. Қармақшыдағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің шәкірті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Маликаға Дәстүрлі музыка өнері кафедрасының аға оқытушысы Руслан Ахметов жетекшілік жасайды. Осыған дейін облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып келеді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<